1 view

«Қырғызстан президенті биліктен кетуі тиіс. Ол кландардың қолдауынсыз мемлекетті басқара алмайды»

Сарапшы Иван Лизанмен сұхбат

Фото: жеке мұрағаттан

Қырғызстандағы саяси ахуалға байланысты Kursiv тілшісі «Сонар-2050» жобасының аналитикалық бюро басшысы Иван Лизанмен сұхбаттасты. Сарапшы президент Жиенбековтың отставкаға кетуі, Атамбаевтың елдегі саяси жағдайға әсері және Қазақстан мен Ресейдің позициясы туралы айтты. 

– Қырғызстан билігі парламент сайлауынан кейін елде осындай көтеріліс болуы мүмкін екенін ойламады ма, ескермеді ме? Бұл қазіргі қырғыз билігінің саяси стратегиялық тұрғыда (болжау, барлау) әлсіз екенін байқата ма?

– Билік сайлауға дейін бір жыл бұрын да, сайлау кампаниясы кезінде қоғамның, мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған солтүстік кландарының көңіл-күйін де, қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің көшеде тәртіпке келтіру үдерісіне қатысуға деген ұмтылысын да дұрыс бағалай алмады. Сол себепті, қырғыз билігінің өз әрекеттерінің арты не боларын болжау функциясы өте нашар. Белорусияда да осындай кемшілік байқалғанын айту керек. Алайда Минскте тым құрығанда жақсы күштік ресурс бар, ал Бішкек те ол да жоқ. Нәтижесінде биліктің коллапсы мен хаосын көріп отырмыз. 

– Жиенбеков парламентке өз жақтастарын тарту арқылы өкілеттілігін созуды жоспарлаған болуы мүмкін бе?

– Жиенбеков өзіне дейінгі Атамбаев қалай істесе дәл соны қайталағысы келген сияқты: уәде бер, сосын алдап түсір де, түрмеге отырғыз. ОСК өзі мойындамаған сайлауда Матраимовтардың кландық партиясын қоса алғанда «оңтүстік» партиясының жеңіске жетуі де бекер емес. Солтүстік кландар саяси күрестің жаңа ережемен жүріп жатқанын және «оңтүстіктің» расымен билікке ұзақ уақытқа келуі мүмкін екенін сезді. Сол себепті, дау көтеріп жіберді, ал билік өз-өзін қорғауға қауқарсыз болып шықты. Ал «оңтүстіктің» бірлігі уақытша болып шықты, олар өз президентін қорғаудан гөрі «солтүстікпен» келісімге келуді тиімді деп санады. 2014 жылы Украинада да Виктор Януковичті олигарх әріптестері мен партиясы сатып кеткенде де осындай жағдай болған. 

– 6 қазаннан бері президент халықпен бетпе-бет кездескен жоқ. Оның ендігі позициясы мен қадамы қандай болуы мүмкін?

– Енді ештеңе істей алмас. Ол бастапқыда ешқандай бастама көтерген жоқ, енді олигархтардың қолдауынсыз қалып тіпті шарасыз күйге түсті. Енді ол оңтүстікке, Ошқа барса да, Матраимовтарға сенім артса да еш нәтиже шықпайды. Олардың өзі-ақ президентті сатып кетеді. Әрі Жиенбековте күштік құрылым да жоқ – милиция өзін-өзі шеттетті, азаматтық киімдегі адамдар тәртіпке шақырып жүр (бұл сол азаматтық киім киген милиция болуы да мүмкін), ҰҚК Жиенбековтың жауы – Атамбаевты босатып жіберді. Сондықтан Қырғызстанды парламенттік және президенттік сайлау күтіп тұр. 

– Атамбаев бостандыққа шықты. Экс-президент елдегі саяси жағдайға қаншалықты ықпал ете алады?

– Олай деп айту қиын. Атамбаев әзірге белсенділік танытпайды. Әрі оның мінезі де өте ауыр. Сондықтан жағдайдан өзін аулағырақ ұстағаны дұрыс. Абайламай оппозиция әрекетіне араласып немесе оқиғаға қандай да бір түсініктеме берер болса одан бетер хаосқа әкеліп соғуы ықтимал.  

– Елде премьер-министрлікке талас қызу жүріп жатыр. Бір топ президент импичментін талап етуде. Бұл жағдай қалай реттеледі? Жиенбеков саяси мерзімі аяқталмастан президенттіктен кете ме?

– Проблеманы мұнда құқықтық жолмен шешу мүмкін емес. Әсіресе, Қырғызстан сияқты реактивті елде. Кландар өзара келіскеннен кейін президент тақтан кетуге мәжбүр болады. Өйткені ол кландардың қолдауынсыз елді басқара алмайды. Өйткені қолында не күштік құрылым, не шенеуніктер жоқ. 

– Саяси дағдарыс қырғыз экономикасына қосымша соққы беретіні белгілі. Мұндай жағдайда бір одақтағы елдер ретінде Қазақстан мен Ресей қандай позиция ұстануы мүмкін? Елдегі жағдайды реттеуге сырттан әскери күш тартыла ма?

– Қазақстан мен Ресей ЕАЭО аясында Қырғызстанға тұрақтандыру несиесін ғана ұсына алады. Сондай-ақ Ресей күштік құрылымдарын Қырғызстанға жіберуі мүмкін, бірақ Ресейден ешкім мұндай көмек сұрамады. Дегенмен Ресейде Лукашенконың өтініші бойынша Белорусиядағы жағдай бақылаудан шығып кеткен жағдайда көмекке келетін арнайы күштік резерв құрылған. 

– Көптеген азаматтар Қырғызстандағы көтерілісті демократия емес, охлократияға теңеп жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Алаңға барып билікті құлату – бұл да демократияның көрінісі. Алайда шын демократия – милицияны ұрып-соғып, ғимараттарды өртеу емес, ол – әділ процедуралар мен институттардың қалыптасуы. Сондықтан охлократия деп бағалауға мәжбүрміз. Яғни, мемлекет билікті заңды жолмен бере алатын қандай да бір институт қалыптастыра алмады. Иә, Атамбаев билікті өз мұрагеріне ұстатып кетті. Алайда мұрагері оны түрмеге қуып тықты. Енді бәрін басынан бастауға тура келеді. Сонымен қатар сатқындықтан жалыққан күштік құрылымдарға (олар қазір тәртіп орнатып, сосын айыпталушы скамейкасына отырғанан гөрі, жағдайға араласпағанды жөн көреді) деген қарым-қатынасты да өзгерту қажет. 

– Рақмет!

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook және Telegram

kursiv_in_telegram.JPG


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер