АҚШ Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізді

Жарияланды
Аталмыш шектеулер зымырандық және ядролық бағдарламаларда қолданылуы мүмкін кейбір материалдарға қатысты

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Тегеранға қарсы қосымша санкциялар енгізілгені туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Интерфакс агенттігі.

«Мемлекеттік хатшы Помпео Иран режимінің ядролық бағдарламасын шектеуін жалғастыруда. Бұл шешім Иранның азаматтық ядролық бағдарламасын бақылауда ұстауға, оның таралу қаупін төмендетуге, Иранның ядролық қаруға қол жеткізу мүмкіндігін шектеуге және  тарату мақсатымен бейінін өзгертудің алдын алуға мүмкіндік береді», – делінген Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Морган Ортагустың хабарламасында. 

Мемлекеттік департамент Иранның құрылыс саласының Ислам Революциялық Сақшылар Корпусымен тікелей немесе жанама  байланысы бар деп тұжырымдайды. Вашингтон біраз уақыттан бері осы корпусқа қарсы «барынша қысым көрсету саясатын» жүргізіп келеді. Сол себепті Мемлекеттік департамент енді құрылыста пайдаланылатын бірқатар материалдарды жеткізуге тыйым салуға шешім қабылдады.

Атап айтсақ, металл шикізаты мен жартылай фабрикаттарын, графит, көмір және өнеркәсіптік мақсаттар үшін бағдарламалық жасақтаманы Иранға жеткізуге, сатуға немесе Ираннан тасымалдауға санкция салынған. 

Бұған қоса, АҚШ СІМ Иранның зымыран және ядролық бағдарламаларында пайдаланылатын бірқатар материалдарды: 304L тот баспайтын болаттан жасалған құбырларын, екі түрлі фольга мен CrNi60WTi ESR + VAR тот баспайтын болаттан жасалған құбырларын жеткізуге де  шектеу енгізді.
 

Сондай-ақ оқыңыз