Бюджет шығыны бір жылда 19 пайызға өскен

Жарияланды
Қазынадан бөлінген қаржының төрттен бір бөлігі әлеуметтік көмекке жұмсалған

Мемлекеттің шығыны жыл сайын артып келеді. Айталық, былтыр қазынадан жұмсалған қаржының көлемі бір жылда 19 пайызға артып, 13,5 триллион теңге шығын шыққан. 

finprom.kz осы шығынның 26 пайызы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалғанын жазады. 

2019 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында мемлекеттік бюджет шығыны 13,5 трлн теңгені құраса, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 11,3 трлн теңге болған. Тіпті 2018 жылы шығын 9,1 пайызға төмендеген көрінеді. 

Соңғы бес жылды алсақ, мемлекет бюджетінің шығыны жыл сайын орта есеппен 12,6 пайызға өсіп отырған. Соның ішінде 2017 жылы бірден 32 пайызға артқан. Осы қаражаттың басым бөлігі, яғни 3,5 трлн теңгесі әлеуметтік көмек пен халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсалған. 

Ал білім мен денсаулық  сақтау саласына мемлекет қазынасынан сәйкесінше 2,3 және 1,3 трлн теңге бөлініп, бұл шығындар да бір жылда 16,1 пайызға өскен. 

Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және коммуникация саласына да бөлінген қаржы қомақты. 

Соның ішінде өнеркәсіп, қала құрылысы мен сәулет саласынан бөлінген қаржы күрт артып, 35,9 млрд теңгеден 69,6 млрд теңгеге жеткен. 

 

Сондай-ақ оқыңыз