Skip to main content

Зейнетақы қорында қанша қаржы жатыр?

Қордағы қаржы қаңтарда 97 млрд теңгеге көбейген

Фото: Kursiv.kz


Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10,9 триллион теңгені құрап, бір жыл ішінде 16 пайызға өсті, деп хабарлайды БЖЗҚ баспасөз қызметі.

2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша, барлық негізгі көрсеткіштер былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оң сипатқа ие болған. 

Зейнетақы жинақтарының басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен  қалыптасыпты. Ал МЗЖ есебінен жиналған жинақ ақша 10,6 трлн теңгені құрады. Бір жыл ішіндегі өсім – 15 пайыз. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы  жинақтарының сомасы 251,2 млрд теңгеге (өсім – 25%), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша 1,9 млрд теңгеге (өсім – 4%) жетті. 

2020 жылдың қаңтарында зейнетақы жинақтары шамамен 97 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл сан мынадай кіріс және шығыс ағындарынан қалыптасқан:

  • 86,7 млрд теңге жарналар түрінде келіп түскен, бұл көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 22 пайызға жоғары. Аталмыш соманың 94 пайызы МЗЖ есебінен толықты – бұл 81,6 млрд теңге. Одан әрі МКЗЖ – 4,9 млрд теңге, ЕЗЖ – 16 млн теңге.  
  • жыл басынан бері таза инвестициялық табыс ретінде 28,2 млрд теңге түсіп, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) есептелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (15,4 млрд теңге) екі еседей жоғары.   
  • 146 мыңнан астам алушы үшін зейнетақы төлемдері мен сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 17,9 млрд теңгені құрады. 

banner_wsj.gif

42500 теңгені кім ала алады?

Табысынан айырылып қалғандар egov порталы арқылы өзі өтініш бере алады

Фото: shutterstock.com

23 наурыз күні  төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Президент  төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 42500 теңге жәрдемақы төлеуді тапсырған болатын. 

«Карантин енгізілген соң тек Алматының өзінде кәсіпорындардың қызметкерлер саны 266 мың адамға қысқарады. Дәл осындай жағдай жеке кәсіпте де байқалды. Олардың 80 пайызы өз қызметтерін тоқтатты. Осылайша, алдын ала есептеулерге сәйкес, төтенше жағдай шамамен 500 мың азаматтың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізді. Сондықтан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, 42500 теңге жәрдемақы төлеуді тапсырамын», – деген еді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияға жәрдемақы төлеудің тиімді және ашық тетігін әзірлеуді тағы тапсырған. Бұл ақша қиын кезде бар жыртықты жамамаса да, қалтаның түбі көрігенде талғажау етуге болар. Алайда осы ең төменгі айлық жалақы мөлшеріндегі қаржыны алудың жолын шенеуніктер әсте қиындатып жіберген-тұғын.

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы 42,5 мың теңгені алудың шарттары біршама жеңілдеп, оны ала алатындардың тізімі кеңейгенін хабарлап отыр. Аталмыш қаржы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетіндіктен, табысынан айырылып қалған азаматтардың соңғы 12 айда бір рет болсын осы қорға әлеуметтік аударым жасауы талап етіледі.

Соңғы өзгерістерге сәйкес, төлем алушылардың тізімі толықтырылған. Бұған дейін 42,5 мың теңгені алуға орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар (нотаристар), бірыңғай жиынтық төлемді  (ЕСП) төлеушілер өтініш бере алатын. Енді олардың қатарына карантин енгізілген қалалардағы ірі бизнестің қызметкерлері мен  азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатындар, өздері үшін салық агенттері міндетті зейнетақы жарналарын аударған жеке тұлғалар қосылған.

Екіншіден, басында табысынан айырылғанын растайтын құжат немесе ақысыз демалысқа кеткені жөніндегі бұйрықтың көшірмесі талап етілетін. Енді бұл талапты алып тастапты. Енді жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін немесе  жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлем төлейтіндер, келісім-шарт негізінде жұмыс істейтіндер egov порталы арқылы өтініш бере алады.

Сондай-ақ, қызметкер жұмыс берушіні күтпей-ақ өтінішті өзі бере алады. Өтініш «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы, электронды форматта беріледі. Ол үшін электонды-цифрлы қолтаңба қажет. Карантин режимі енгізілуіне байланысты ЭЦП-ны да онлайн алуға болады.  

Үшіншіден, осы ақшаны алудың басты шарты – табысынан айырылған азамат соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударым жасауы тиіс. Бұған дейін әлеуметтік сақтандыру қорына кемі 3 ай ақша аударуы талап етіліп еді, оны 1 айға қысқартыпты. Сонымен қатар, әлеуметтік аударым немесе зейнетақы жарналарының бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ, оны  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ автоматты түрде тексереді.

Ең ақыры, өтінішті қарау және әлеуметтік төлемді тағайындау уақыты 7 жұмыс күнінен 3 күнге дейін қысқартылған. 

banner_wsj.gif

drweb_ESS_kursiv.gif