Өзбекстан жеңілдетілген несие беруден бас тартпақ

Жарияланды
Жаңа тәртіп 2020 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енеді

Өзбекстан біртіндеп жеңілдетілген несие беру тәжірибесінен бас тартады. Күні кеше ғана мемлекет басшысы «Ақша-несие саясатын жетілдіру арқылы инфляциялық таргеттеу тәрбіне біртіндеп көшу туралы» жарлыққа қол қойды.

Жаңа ережелер 2020 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енеді. Ұлттық валютамен, оның ішінде, мемлекеттік бағдарламалар аясындағы, қайтадан берілетін несиелер бойынша пайыздық үстемелер Орталық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің деңгейінен төмен емес мөлшерде белгіленеді. Қазір ол 16%-ға тең. Тек ипотекалық несиелендіру мемлекеттік бағдарламалары бойынша, сондай-ақ шикі мақта мен бидай дақылдарын өсірумен айналысатын шаруаларға ерекше жағдай жасалынуы мүмкін.  

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдікпен несие беру тәжірибесі толығымен күшін жояды. Сол кезден бастап коммерциялық банктер пайыздық мөлшерлемелердің өлшемін өз бетімен белгілеу және пайыздық шығындардың бір бөлігіне өтемақы алу тетіктерін енгізу  құқығына ие болады.

Естеріңізге салсақ, қазіргі таңда Өзбекстанда мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру кезінде банктердің жеңілдетілген несие беруі кең етек алған. Мәселен, «Әр отбасы – кәсіпкер» бағдарламасы аясында несие 8%-дық жылдық үстемемен берілсе, «Жастар – біздің болашағымыз» бағдарламасы бойынша мөлшерлеме –  7%-ға тең. Солай десекте, Орталық банк мәліметтеріне сәйкес, орташа жылдық есеп бойынша, 2019 жылғы қыркүйекте жеңілдетілген несиелер бойынша орташа сараланған пайыздық мөлшерлеме 9,4%-ды құраған, ал нарықтық үстеме 24,3%-ға тең болған.

Сондай-ақ оқыңыз