Қазақстанда шағын несие құны арзандайды

Жарияланды
Алайда ең жоғары пайыздық мөлшерлеме өзгеріссіз қалады

Ұлттық банк «Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында МҚҰ несиесінің кейбір комиссиясы мен төлемақысын алып тастады. Бұл туралы Микроқаржы ұйымдары қауымдастығының директоры Ербол Омарханов мәлімдеді.  

Ұлттық банк енгізген өзгерістер бойынша, шағын несие берумен айналысатын қаржы ұйымының комиссиясы мен түрлі төлемдеріне шектеу қойылады.

Алайда қарыздың ең жоғары жылдық мөлшерлемесі 56 пайыз көлемінде қалады.

«Есеп формуласындағы айырмашылық мынада: қаржы ұйымының есебі бойынша тек табыс көлемі ескерілсе, Ұлттық банктің формуласы бойынша, болашақтағы қаражат ағыны дисконтталады. Ол, өз кезегінде, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін жоғарылата түседі, алайда шағын қаржы ұйымдары ставканы жылдық 56 пайыздан асыра алмайтындықтан, клиенттердің төлемі азаяды», – деп түсіндіріп өтті спикер.

Ербол Омарханов, сонымен қатар, несие беру жүйесін қатайту туралы да өз пікірін білдіріп өтті. Ендігі жерде МҚҰ клиенттері табысының ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары екенін растауға міндетті, ал кредиттік ұйым  жалпы борыштық жүктеме қарыз алушының ресми жиынтық табысының 50 пайызынан аспайтынына көз жеткізуі тиіс.

«Несие алғысы келген әр адам өз табысын дәлелдеуі керек, бұрын мұндай талап жоқ еді. Ұлттық банктің ұсыныстарында қарыз алушының борыштық жүктемесін МҚҰ-ның жеке бағалау жүйесі арқылы анықтау мүмкіндігі қарастырылған», – деп түсіндірді қауымдастық басшысы.

Мәселен, МҚҰ клиентінің дүние-мүлкі оның төлем қабілетіне дәлел бола алады.

Сондай-ақ оқыңыз