Шетелдік банктер 2020 жылғы желтоқсаннан Қазақстанда филиалдарын аша алады

Осыған орай, Реттеуші екінші деңгейдегі банктерге бес талап қойып отыр

Фото: Depositphotos

Келесі жылғы 16-желтоқсаннан бастап шетелдік банктер Қазақстанда өз филиалдарын ашатын болады. Мұндай шарттар еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі туралы келісім-шартында қарастырылған. Филиалдың нншілес банктен айырмашылығы, ол бас офистің барлық ресурстарына қолжетімділік береді, яғни шетелдік қарызберушілер шығыны көп жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ете алады. 

Реттеуші екінші деңгейдегі шетелдік банктерге барлығы бес талап қоятын болады. Мәселен, Қазақстанда филиал ашуға ниет білдірген иегер банк өзінің қадағалаушы органының лицензиясына және $20 млрд-тан кем емес сомадағы активтерге ие болуға міндетті. 

«Иегер банк елі Ақшаның жылыстауына қарсы күрес шараларын дайындау тобында (FATF) болу керек.   Бұдан бөлек, ҚР Ұлттық банкі мен резидент-банк шыққан елдің қаржылай қадағалаушы органы арасында келісім болу қажет», – деп тізбектелген Ұлттық банктің «Курсив» сауалына жолдаған ресми жауабында.

Атап айтарлығы, шетелдік ұйымдарда ақшасын тек дәулетті қазақстандықтар сақтай алады. 

«Салымдар $120 мың сомасынан кем болмау керек. Сыйақылық сегмент сол жердің қызметін пайдалана алады, – дейді жағдайды түсіндірген Ұлттық банк басшысының орынбасары Олег Смоляков. – Бұдан тыс, заңнама қазір талқыланып жатқан пруденциалық нормативтерді құруға мүмкіндік береді». 

Халықаралық құқыққа сәйкес, шетелдік банктің филиалы қабылдаушы елдің аумағында заңды тұлға болып табылмайды. 
«Нарықтарда болудың бірыңғай ережесі жоқ. Кейбір елдерде филиалдар жұмыс істейді, ал басқа біреулерінде олар Home Bank деңгейінде болады. Ол аз болса, филиалдарда ерекше заңды мәртебе жоқ», – деп атап өтті Смоляков.

Шетелдік банктердің филиалдары өздері орналасқан елдердегі қаржы секторының тиімділігін арттырады, шетелдік тікелей инвестициялардың тартылуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне септігін тигізеді.

«Қазіргі таңда Ұлттық банк жеке тұлғаларға депозиттер ұсынуға ниет білдірген шетелдік филиалдардың кепілдендірудің мемлекеттік жүйесіне қатысу мәселесін қарастыруда. Әзірге, бұл мәселе тек талқылануда», – деп нақтылады Смоляков.

«Курсив» қаржыгерлерден қазіргі күні Қазақстанда жұмыс істеп жатқан банктерге бәсекелестіктің күшеюіне қаншалықты дайын болу керектігі туралы сұрап білді.

Ғалым ҚҰСАЙЫНОВ, ЦентрКредит Банкі басқармасының төрағасы:

Жаһандық ойыншылардан бізге соншалықты келіп-кетер пайда бола қоймас деген ойдамын. Мүмкін, ресейлік банктер кірер, бірақ бізде бұл елдің барлық дерлік банктері жұмыс істеп жатыр. ҚР-да бәсекелестік жоғары, ал өткен жылдардың тәжірибесі екінші деңгейдегі шетелдік банктер үшін Қазақстан – қауіптерді басқару тұрғысынан алғанда, түсініксіздеу ел болып тұр. Мүмкін, олар жеке жаһандық жобаларды жүзеге асыруға келер, бірақ отандық нарықта шетелдік банктердің даму трендін көріп тұрған жоқпын.

Руслан ВОЛЫНЕЦ, АТФБанктың басқарушы директоры:

Қазіргі таңда қаржы саласындағы шетелдік ірі ойыншылардың келуі екіталай. Банктердің стратегиясы жағрафиялық экспансияға емес, ауыспалы нарық жағдайындағы дамуға бағытталған. Нарықта жеткілікті деңгейдегі өткір бәсекелестік бар, банктерге бизнес-процесстерді қайта құрып ,пайдаланушыларға қажетті ақпаратты тез және қарапайым табуға, жаңа ұсыныстар мен өнімдерді дайындауға мүмкіндік беретін клиенттермен жұмыс істеу тәжірибесіне ден қою қажет. 

Қазіргі таңда олардың көпшілігінің негізгі мақсат – тұңғиыққа батып кетпей, тез өзгеріп жатқан ахуалдар жағдайында өміршеңдікті сақтап, технологиялар мен инновацияларды дамытуда қаржылай техникалық компаниялардан қалып қоймау.

Көп ретте, шетелдік банктер басқа елге көптен бері жұмыс істеп келе жатқан корпоративтік клиенттің соңынан еріп келеді. Бұл банкке де, клиентке де ыңғайлы. Осының артынан банктер бөлшек бизнесті де дамыта бастайды. 

Мүмкін, шетелдік банктер онлайн-қызметтерді енгізер және қаржылай техникалық компаниялар ретінде инновациялық тартымды ұсыныстармен келер. Мұндай жағдайда кіру деңгейі де біршама төмен болып, оларға бөлімшелер ашып, қосымша шығын шығару және т.б. қажет болмайды. Қаржылай техникалық компаниялардың белсенділігі экономикалық және демографиялық тұрғыдан, инфрақұрылымды цифрландыру және реттеушінің талаптары деңгейі тұрғысынан алғанда, нарықтың әлеуетіне тәуелді болады. Кейбір елдерде, мәселен, Англияда заң қаржылай техникалық компаниялардың қызметіне  жеткілікті деңгейде либералды болғандықтан, олар белсенді дамып жатыр.

Ирина ВЕЛИЕВА, S&P Global Ratings «Қаржы институттары және мемлекеттік қаржы» бағытының директоры:

Менің ойымша, ДСҰ-ға кіру – Қазақстан үшін табиғи дүние, бірақ біз бәсекелестікті күшейтуде шетелдік банктер тарапынан ешқандай қауіп-қатер көріп отырған жоқпыз. ҚР банк секторын дамыту тарихы келесі дүниелерді көрсетті: бұл салада табысқа жету үшін жергілікті ерекшеліктерді түсініп, ішкі тенденцияларда дұрыс бағыт-бағдар таба білу керек. Тіпті, жақсы қорландыру мен жеткілікті капитал қоры болса да бұл нарықта даму өте күрделі. 

Атап айтарлығы, қазіргі таңда нарықта жұмыс істеп жатқан шетелдік банктердің жеткілікті деңгейде табысты дамып жатқанын көріп отырмыз, десек те олар қазақстандық ұйымдарға қарағанда, неғұрлым жоғары нәтиже көрсетіп отырған жоқ.. Тағы да қайталап айтамын: шетелдік филиалдардың ашылуынан бәсекелестікке төніп тұрған қауіп-қатерді көріп отырған жоқпыз.

Елена БАХМУТОВА, Қазақстан қаржыгерлері ассоциациясының басшысы:

Көптеген шетелдік банктер Қазақстанға әлдеқашан кіріп алған және олар лицензияларына сәйкес жұмыс істей алады. ДСҰ-мен арадағы келісімдер күшіне енгеннен кейін банк филиалдары ресурстарды теңгемен бере алатын болады. Әлбетте, бұл еліміздің кәсіпорындарына ақша ұсыну тұрғысынан алғанда қаржы нарығындағы бәсекелестікті күшейтеді. Қазір мен нарыққа төнген тікелей қауіпті немесе бәсекелестіктің күрт өсуін көріп отырған жоқпын, бірақ алдағы бір жарым жылда оған дайын болған жөн. Ал біздің банктерге төнетін сындарға келетін болсақ, мен оларды көріп отырған жоқпын.

Өздеріңіз қараңыздар, біздің Halyk Bank және Kaspi сияқты ірі ойыншыларымыздың өздері халықаралық нарыққа шығып жатыр. Halyk ол жерден өзінің орнын ойып алған, яғни, бұл екі банк ешқандай бәсекеден тайсала қоймайды. Қазақстанның Жинақбанкі – ол елімізде белсенді жұмыс істеп жатқан, кәдімгі, шетелдік банк. Бізге шетелдік банктер әлдеқашан келген. Шынын айтсам, ДСҰ біз үшін үлкен сын емес. Жергілікті ойыншылар бәсекелестікті еңсеруге дайын. 

Валентин МОРОЗОВ, Еуразиялық банк басқармасының төрағасы:

Банк қызметтерін өсіру мен оларды дәріптеуде елеулі әлеуеттің болуына байланысты Қазақстан нарығы шетелдік банктерге үлкен қызығушылық тудыруда. Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға интеграциялануының жалғасуы мұнда шетелдік банктерге өз филиалдарының желісі арқылы тікелей жұмыс істеуге мүмкіндіктер ашады, бұл олардың қызығушылығын тудырып отыр.  Алайда жергілікті банктер – бәсекеге қабілетті өнімдері және дамыға технологиялық стегі бар мықты ойыншылар, сондықтан шетелдік банктер өткір бәсекелестікке ұшырауға мәжбүр болады. Қазақстандық банк нарығындағы бәсекелестік жақсы деңгейде.Ол Сбербанк, Тинькофф Банк және Альфа-Банк сияқты технологиялық керемет табыстарға қол жеткізген Ресейдегіден жоғары, өйткені олармен тайталасу оңайға соқпайды. Ал қазақстандық нарықта бәсекеге түсуге, тіпті, жаңа банк ашуға болады. 

Алина АНИКИНА, «Альфа-Банк» ЕБ АҚ басқармасының төрағасы:

Қазақстандық нарық, сөз жоқ, даму болашағына ие, ендеше, ол шетелдік ойыншылардың қызығушылығын тудыра алады. Бірақ бұл процесстің бірден жүзеге асуы екіталай: банктерге жоспарлауға, қауіптерді бағалауға және т.б. уақыт қажет болады. Бөтен нарық – бұл, ең алдымен, жоғары қауіптер. Жалпы, мен бөлшек және шағын бизнес бағыттарының болашағы бар деген ойдамын. Егер бірінші жағдайда нарықта әлдеқашан қалыптасып қойған көшбасшылар болса, шағын бизнес сегментіне қазақстандық банктер жеткілікті көңіл бөліп отырған жоқ. Әсіресе, бұл «өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың» санатына қатысты. Жалпы, ҚР-де банк саласын трансформациялау процессі әлдеқашан бастау алған: әлжуаз ойыншылар нарықтан шығып жатыр, басқалары өздерінің тұғырын бекітуге ұмтылыс жасап, бірігуде, яғни, бәсекелестік күшейіп жатыр. 

Гурам АНДРОНИКАШВИЛИ, ForteBank басқармасының төрағасы:

Еліміздің банк секторы ландшафында елеулі өзгерістер орын алады деп ойламаймын, өйткені шетелдік ойыншылар тарапынан үлкен қызығушылықты көріп отырған жоқпын. Бізге қарағанда, шетелдік банктерге қандай да бір артықшылықтар беріледі деп ойламаймын. Қазақстанда табысты жұмыс істеу үшін не қажет? 

Бірінші –операциялық жақсы қызмет көрсету. Бірақ барлық жергілікті банктер мұны әлдеқашан жоғары деңгейде жасап үйренген. Егер біз несие туралы айтсақ, шетелдік банкке қалай болса да теңге түріндегі депозиттік база қажет болады. Ол үшін алдымен нарықтан теңге жинау қажет, тек содан кейін, несие беруге болады. Доллар займдарын беру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Қазіргі таңда корпоративтік ірі клиенттерге шетелдік нарықтар қолжетімді, бұл үшін Қазақстандағы филиалдың қажеті шамалы.

banner_wsj.gif

Коронавируспен күреске қанша қаржы бөлінді?

ДСМ мәліметі бойынша, бөлінген қаржының жалпы сомасы 114 млрд теңгені құрайды

Фото: Курсив

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде коронавирусқа күреске бөлінген қаражат туралы айтып берді. Ведомство басшысының айтуынша, ауруға қарсы тұруға бөлінген қаржының жалпы сомасы 114 млрд 826 млн теңгені құраған.

«Бұл қаржының 40 млрд 58 миллионы Үкімет қорынан бөлінді. Жеке қорғаныш құралдарын сатып алуға  – 21 млрд 184 млн теңге, дәрі - дәрмек, медициналық бұйымдар сатып алуға – 2 млрд 30 млн теңге, зертханалық жабдықтар мен коронавирусты анықтауға арналған жүйелерді сатып алуға 2,5 млрд теңге қарастырылған», – деді министр  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, коронавирусты анықтауға қажетті реагенттерді әзірлеу және шығару қызметін сатып алуға –  100 млн теңге, ПТР әдісімен зертханалық зерттеулерге –13,7 млрд теңге, жедел медициналық көмек автомобильдерін жабдықтауға қажетті өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға 310 млн теңге кеткен.

Бұл ретте Алексей Цой Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға 131 млн теңге жұмсалғанын мәлімдеді.

"Республикалық бюджеттен 74 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде 19,5 млрд теңге – инфекциялық, карантиндік және провизорлық стационарлардағы медициналық қызметтерге, 40,4 млрд теңге –карантин шараларына тартылған қызметкерлерді ынталандыруға, 14,8 млрд. теңгесі – Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында жедел салынатын үш инфекциялық ауруха салуға жұмсалды",–  деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, наурыз айында АҚШ үкіметі коронавирус инфекциясымен күрес әлеуетін күшейту үшін Қазақстанға $ 890 мың бөлуге дайын екендігі хабарланған. Бұл жөнінде олар Қазақстанда алғашқы вирус жұқтырғандар анықталғанға дейін мәлімдеген болатын. Кейінірек CDC агенттігі (АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы) осы мақсатқа 1,68 млн доллар бөлінгенін хабарлады.

Мамыр айында АҚШ коронавируспен күреске Қазақстанға қосымша 1,5 млн доллар бөлетінің мәлімдеп, нәтижесінде көмектің жалпы сомасы 3,11 млн долларға жетті.
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg