Проблемалық несиелер қорының жұмысына депутаттардың көңілі толмады

Жарияланды
Ол Ұлттық қорға 5 миллиард теңге қаржы аударған

Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов «Проблемалық несиелер қоры» АҚ биыл Ұлттық қорға 5 миллиард теңгеден аса қаржы аударғанын айтады.

2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет пен трансферттер туралы заң жобасын таныстыру барысында вице-министр:

«Қор проблемалық активтерді сатудан түскен қаржыны толығымен Ұлттық қорға аударатындықтан, республикалық бюджетке дивидент төлемейді», – деп мәлімдеді.

Осы орайда, Сенат депутаты Дәурен Әділбеков: «Бес миллиард теңге? Бұл екінші деңгейдегі банктерге бөлінген триллион теңге қаржымен салыстыруға келетін цифр ма?»,– деп,  вице-министрдің келтірген дерегіне көңілі толмайтынын білдіріп өтті.

«Жоқ, бұл активтерді сатудан түскен қаржы», – деп жауап берді Берік Шолпақұлов.

 «Бұл ауыз толтырып айтарлық нәтиже емес. Осындай ірі құрылымды ұстап отырмыз, банк секторын қолдауға қыруар қаражат бөлдік, енді ақшаның қайда кеткенін білмей, оны қайтара алмай далмыз»,– деді Дәурен Әділбеков.

Айта кетсек, қыркүйекте Проблемалық несиелер қоры 220-дан аса дүние-мүлікті саудаға шығаратынын,  оның ішінде, 125 жер учаскесі, 62 коммерциялық және 35 тұрғын үй нысаны бар екенін хабарланған-тұғын. Сондай-ақ, «Проблемалық несиелер қоры» АҚ қор мен оның еншілес ұйымдары 120  дүние мүлік нысанын сатқанын алға тартты.

Ал шілде айында Ұлттық қорға 3,5 млрд теңге аударған болатын.

Проблемалық несиелер қоры  2012 жылы ЕДБ-нің жұмыс істемейтін активтерін сатып алу тәсілімен банктердің кредиттік портфелінің сапасын жақсарту арқылы, ұлттық экономиканы сауықтыруға үлес қосу үшін құрылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз