«Жасыл» жобаларды қаржыландыру: Қытай тәжірибесі мен БҰҰ-ның ғаламдық жоспары

Бұндай стратегияны Қазақстанда жүзеге асыруға не кедергі?

Фото: Shutterstock.com

Қөрші Қытайда мемлекет банктердің «жасыл» және энерготиімділікті арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыруына әкімшілік шаралармен ықпал етіп отыр.  

Қажетті қаражаттың қолжетімді болмауы – Қазақстандағы «жасыл» жобалардың жүзеге аспай, стартап күйінде қалуының негізгі себептерінің бірі. Ал жүзеге асқандарының өзі даму институттары бөлген қаржыны пайдаланады, ал банктен несие алса, оның пайыздық мөлшерлемесі міндетті түрде субсидияланады. 

Мәселен, қазіргі кезде БҰҰ Даму бағдарламасы гранттары негізінде қаржыландырылатын «Төмен көміртекті дамуға төзімді қала» бағдарламасы аясында энерготиімділік пен қуат үнемдеу бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға алынған несиенің пайыздық мөлшерлемесін 10 пайызға арзандату үшін субсидия бөлінеді. Іс жүзінде инвесторлар банктердің қалыпты шарттары негізінде энергия тиімділігін арттыру жобаларына, әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мен тұрғын үйлердің жылу, су жүйесін жаңғырту жобаларына қатысуға құлықсыз.

БҰҰДБ энергия үнемдеу жобалары несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы 2021 жылға дейін жалғасып, осы мақсатта $3 млн бөлінеді. БҰҰДБ жобаларының Қазақстандағы үйлестірушісі Александр Белыйдың айтуынша, бұл ақшаға Қазақстанның бүкіл тұрғын үй қорын жаңғырту мүмкін емес. Энергия тиімділігін арттыру бойынша жүзеге асырылған кейстер нарықта құрал-жабрықтар мен технология сатып қана емес, оларға әрі қарай да қызмет көрсетіп, ақша табатын энергосервистік компаниялардың пайда болуына ышпал етуі қажет. 

Энергосервистік компанияның жұмыс үлгісі мынандай: тұрғын үй немесе өндірістік нысанды жаңғыртуға қазір ақша салып, кейінгі жылдары пайдалануға кететін шығынның қысқаруы есебінен қаржысын қайтарып алады.

Қазақстанда осы саладағы компаниялардың қатары көбеюі үшін, БҰҰДБ банктерге бұндай борышкерлерді жалпыға бірдей талаптар негізінде болмайтынын түсіндіріп бағуда. «Қазақстан банктері осындай жобаларға енді-енді бой үйретіп келеді және бұл жобалар бойынша шешім қабылдау үшін біршама дайындықтан өтуі қажет. Біз қазір инвесторлар мен банктер үшін осы жобаларды алға жылжытуды үйрететін тренинг өткізуге ден қойдық», – дейді БҰҰДБ үйлестірушісі.

Цинхуа университетінің «Жасыл қаржыны зерттеу» орталығының директоры Ма Джун Қытайда жасыл жобаларды несиелеу мәселесі мемлекеттік тұрғыда реттелетінін айтады: «Біздің Орталық банк тоқсан сайын банктердің «жасыл» жобаларды қаржыландыру туралы есеп беруін талап етеді. Сонымен қатар, банктер өздері қаржыландырған жобаларды жүзеге асырудың экологиялық және экономикалық әсері туралы есеп-қисабын да ұсынуға міндетті. Осылайша, олар қаржыландырған жобалардың нәтижесін тек ақша бөлу кезеңінде ғана емес, жүзеге асырылу кезеңінде де жақсы білуі тиіс».

Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде «жасыл» жобаларды қаржыландыру –банктің жай-күйін бағалайтын өлшемнің бірі: банк қаншалықты «жасыл» жобаларды қаржыландырса, оның рейтингі соғұрлым жоғары және мемлекеттен алатын қарызының пайыздық мөлшерлемесі төмен болады.

Сонымен қатар, «қоңыр» экономиканың экологияға зиянды салаларын несиелеу де реттеліп отырады.  Көміртегі шығару деңгейі жоғары секторлардың тізіміне кіргендерді қаржыландыру көлеміне де, банк портфеліндегі осындай қарыздардың үлесіне де шектеу қойылады. «Жыл сайын бұл лимит азайып келеді, ал осы талаптарға мойынсұнбағандарды айыппұл күтіп тұр, сондықтан бұл жобаларды белгіленген лимиттен асыра қаржыландырудың еш мәні жоқ. Көмір электр стансасының құрылысын қаржыландыратын банк мемлекет үшін ғана жұмыс істейтін болады», – деп түсіндіреді Джун. –Нәтижесінде банктер жасыл жобаларға өздері көңіл аударып, соларға арналған жаңа өнім әзірлейді. Шын мәнінде банктердің осы салаға тұтынушылық несие деңгейінде де бейімделуден басқа амалы жоқ. Мысалы, «жасыл» тоңазытқышқа берілген несиенің шарттары қарапайым тоңазытқыштікінен тиімдірек болуы тиіс».

Бүкіл әлем «айдаһардың» жолымен жүреді

БҰҰ 22 қыркүйек күні әлемнің 126 банкімен жауапкершілікті банкинг қағидаттарын қалыптастыратын келісімге қол қоймақ. БҰҰДБ қоршаған орта жөніндегі қаржылық бастамасының үйлестірушісі Юки Ясуи бұл құжатта жасыл қаржыландыру туралы да айтылған дейді.

«Біз жауапкершілігі жоғары банкинг мәдениетін қалыптастырғымыз келеді. Алғашқы қағидаттар пакетіне бүкіл әлемнің қаржы активтерінің үштен бір бөлігін шоғырландырған банктер қол қоймақ. Бұл – Қытай, Америка, Еуропа мен Азияның ірі банктерінің басын қосатын алып қауымдастық»,– деп атап өтті Ясуи. 

БҰҰДБ сарапшысының пайымдауынша, «жасыл» экономиканы қаржылай қолдауды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жеткен Қытайдың үлгісі ынталандырады және «жасыл» несиелеуді дамытудың ғаламдық тәсілінің түпнегізіне айнала алады. 

Банктердің «жасыл» жаққа бет бұруын ынталандыратын шаралардың бірі – халықаралық қаржы көздеріне қол жеткізу. «АДБ  және ЕДҚБ сияқты халықаралық институттар белгілі бір елдегі банк қызметінің «жасыл» бөлігіне қызығушылық танытады, ал алдағы уақытта  халықаралық қаржыға қол жетімділік банк портфелінің «жасыл»  бөлігіне тікелей байланысты болады»,– деп түйіндейді Ясуи.

banner_wsj.gif

Коронавируспен күреске қанша қаржы бөлінді?

ДСМ мәліметі бойынша, бөлінген қаржының жалпы сомасы 114 млрд теңгені құрайды

Фото: Курсив

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде коронавирусқа күреске бөлінген қаражат туралы айтып берді. Ведомство басшысының айтуынша, ауруға қарсы тұруға бөлінген қаржының жалпы сомасы 114 млрд 826 млн теңгені құраған.

«Бұл қаржының 40 млрд 58 миллионы Үкімет қорынан бөлінді. Жеке қорғаныш құралдарын сатып алуға  – 21 млрд 184 млн теңге, дәрі - дәрмек, медициналық бұйымдар сатып алуға – 2 млрд 30 млн теңге, зертханалық жабдықтар мен коронавирусты анықтауға арналған жүйелерді сатып алуға 2,5 млрд теңге қарастырылған», – деді министр  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, коронавирусты анықтауға қажетті реагенттерді әзірлеу және шығару қызметін сатып алуға –  100 млн теңге, ПТР әдісімен зертханалық зерттеулерге –13,7 млрд теңге, жедел медициналық көмек автомобильдерін жабдықтауға қажетті өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға 310 млн теңге кеткен.

Бұл ретте Алексей Цой Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға 131 млн теңге жұмсалғанын мәлімдеді.

"Республикалық бюджеттен 74 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде 19,5 млрд теңге – инфекциялық, карантиндік және провизорлық стационарлардағы медициналық қызметтерге, 40,4 млрд теңге –карантин шараларына тартылған қызметкерлерді ынталандыруға, 14,8 млрд. теңгесі – Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында жедел салынатын үш инфекциялық ауруха салуға жұмсалды",–  деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, наурыз айында АҚШ үкіметі коронавирус инфекциясымен күрес әлеуетін күшейту үшін Қазақстанға $ 890 мың бөлуге дайын екендігі хабарланған. Бұл жөнінде олар Қазақстанда алғашқы вирус жұқтырғандар анықталғанға дейін мәлімдеген болатын. Кейінірек CDC агенттігі (АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы) осы мақсатқа 1,68 млн доллар бөлінгенін хабарлады.

Мамыр айында АҚШ коронавируспен күреске Қазақстанға қосымша 1,5 млн доллар бөлетінің мәлімдеп, нәтижесінде көмектің жалпы сомасы 3,11 млн долларға жетті.
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg