Ислам инвестициясын тартудың жолы қандай?

Бұрынғы қатені қайталамас үшін не істеу керек?

Фото: Shutterstock.com

Әлемдік нарықта мұсылман инвесторларының танымалдығы артып келеді. Азия мен Таяу Шығыс елдерінің өкілдері халықаралық нарыққа  инвестиция салуға тұрарлық, болашағы бар жобаларды іздеп шығады. Осы ретте исламдық қаржыландыру жөніндегі ресейлік сарапшылар қауымдастығының жауапты хатшысы Мадина Калимуллина жобаға инвестор тарту туралы ақыл-кеңесін айтты.

Салалық шектеулерді ескеріңіз

«Ислам инвестициясы» деген терминді көпшілік Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдерден келетін қаржы деп түсінеді. 1970 жылға дейін бұл нарықтың батыс қаржы нарығынан аса айырмашылығы жоқ еді, тек ислам банкі мен өзге де қаржы ұйымдарының дамуы арқасында көпшілікке тез танылған жаңа бағыттар пайда болды. 

Тікелей және венчурлік инвестицияның банк несиесінен айырмашылығы, ол табыс пен тәуекелді бөлу тұрғысында шариғат заңдарына қайшы келмейді. Алайда инвесторлар салалық шектеуді  қатаң сақтайды. Ислам инвесторы адам мен қоғамға зиян келтіретін салаларға ешқашан қаржы құймайды. (Оған арақ-шарап, темекі өндірісі ғана емес, ойын-сауық, музыка индустриясы, кино мен жарнаманың басым бөлігі кіреді). Шариғат заңы бойынша, тыйым салынған салалардан титтей де пайда көруге болмайды. Тек кейбір жағдайларда ғана инвестор табысының 5 пайызынан аспайтын үлесті иеленуіне рұқсат етіледі.

Шариғи тексерістен өтуге дайын болыңыз

Ислам мемлекеттеріндегі венчурлік және инвестициялық қорлардың өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың әрқайсында кез-келген жобаға инвестиция құяр алдында тексерістен өткізетін арнайы шариғи кеңес немесе сырттан шақырылған сарапшылар жұмыс істейді. Бұндай бақылау ислам инвесторымен әріптестіктің бүкіл кезеңінде жүреді. Шариғат комитетінің басты мақсаты – дінмен тыйым салынған салалардан табыс түскен жағдайда шұғыл шешім шығару. 

Кәсіби инвесторларды іздеңіз

Мұсылман инвестор, кез келген өзге инвесторлар секілді, тәуекелге деген көзқарасы мен қай салаға басымдық беретініне байланысты түрлі инвестициялық стратегия таңдауы мүмкін. Әдетте, тәуекелі жоғары жобаларға кәсіби инвесторлар қаржы құйғанды жөн көреді. Ал ислам нарығындағы инвесторлардың көпшілігі тұрақты, болжамды табыс әкелетін жобаларды ұнатады. Мәселен, сукук нарығын алып қарасақ, осы құрал арқылы қаржы негізінен құрылыс, әуе тасымалы, логистика сынды ірі бизнеске тартылатынын байқауға болады.  Дегенмен соңғы жылдары шағын және орта бизнес саласында қаржыландырылған жобалар шығып жатыр. Бірқатар Еуропа елдерінде ислам инвестициялық қорлары құрылды. Олар жергілікті жобаларға, тіпті стартаптарға да белсенді түрде қаржы салып жатқанымен, тәуекелі жоғары инвестицияның үлесі әлі де төмен.

Мәдени ерекшелігін зерттеңіз немесе кәсіби маман жалдаңыз

Батыс және шығыс халқының менталитеті мен мәдениетіндегі айырмашылық – жеке монографияға жүк боларлық тақырып. Алайда оған алдын-ала дайындықсыз баруға болмайды. Соның ішінде іскерлік кездесу уақыты мен кездесу өтетін орынға да ерекше мән берген жөн. Мәселен, жұма – барлық мұсылман елдерінде демалыс, мекере күні. Егер кездесуді мейрамханада өткізуді жоспарласаңыз, дастархан арақ-шарапсыз, жейтін асыңыз халал болуы шарт. Міндетті түрде іскери дресс-кодты сақтаңыз (бұл әсіресе әйел адамдарға қатысты), өзіңіз немесе жоба туралы айтқанда асыра сілтемеңіз, кез келген ақпарат фактімен дәлелденуі тиіс. 

Егер қандай да бір қате жіберуден қорықсаңыз, жергілікті менталитет пен ішкі нарықты жетік білетін кәсіби «жолсерік» жалдауға болады. Өкінішке қарай, ислам нарығына шығар кезде тіпті ірі компиялардың өзі «балалық қателік» жіберетін жағдайлар Ресейде аз кездеспейді. Мәселен, халал өнім шығару жобасын ислам әлемінде қатаң тыйым салынған өнімдерге қолданатын компанияның ортақ брендімен ұсыну қисынсыз. Мұндай өнімдерді кем дегенде бөлек-бөлек таныстыру керек.

Дау-жанжалды шешу жолын нақтылаңыз

ТМД секілді, араб әлемінде де нарық өкілдерінің арасында әр түрлісі кездеседі. Ірі келісім-шарт жасамас бұрын, шағын келісімге қол қойып, болашақ серіктесіңіздің өз міндеттемелерін қалай орындайтынын тексеріп көріңіз (сонымен қатар өзіңіз туралы жағымды пікір қалыптастыруға тырысыңыз). Дау туындаған жағдайда оның қалай: қандай құқық қолданылатыны, арбитраж орны, сот немесе медиатор арқылы шешілетіні –бәрі келісім-шартта жазылғаны дұрыс.

Инвесторды арнайы алаңдардан іздеңіз 

Краудинвестмент және краудфандинг алаңдарында ислам инвесторларының назарын аудару оңай. Егер сіздің жобаңыз бұл сервистерге сай келмесе, сіз түратын жерде өкілдігі бар инвестициялық қорларды мұқият зерттеңіз. Сіздің нарық туралы ештеңе білмейтін инвестор тартудан гөрі, осы аймақта жұмыс істеп жатқан қор немесе инвестициялық компаниямен ынтымақтастық орнату әлдеқайда жеңіл. 

Сондай-ақ жобаны ислам әлеміндегі ірі инвестициялық алаңдарда таныстырған нәтижелі болмақ. Биыл ТМД  елдерінен шыққан жобаларды жүзеге асыру үшін ислам инвесторларымен Самарада 3-5 қазан аралығында өтетін  Volga Investment Summit & World Halal Day шарасында кездескен ыңғайлы. Ресейде алғаш рет өтетін World Halal Day шарасында әлемнің  ондаған елдерінен келетін жүздеген сарапшылардың басы қосылады.
 
Таяу Шығыстан шыққан стартаптардың үштігі: 

  • Souq.com –Араб әлеміндегі ең ірі электронды коммерция алаңы. Жоба 2005 жылы бастау алып, 2017 жылы 580 млн долларға сатылған. Souq.com биыл 1 мамырдан  Amazon.ae деген атпен жұмыс істей бастады.
  • Careem – Таяу Шығыстағы ең танымал райдшеринг жобасы. Стартаптың негізін 2012 жылы Мудасир Шейх, Магнус Олссон және Абдулла Элиас есімді азаматтар қалаған. Жеті жыл ішінде бұл сервис Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Пәкістан мен Түркияның 98 қаласын қамтып үлгерді. Биыл  наурызда оны Uber 3,1 миллиард долларға сатып алды.
  • Fetchr – дамушы елдерге тауар жеткізетін сервис. GPS қосымшасының көмегімен сәлемдемені белгіленген мекен-жай емес, координаттар бойынша жеткізеді. 2019 жылы жоба $41 млн инвестиция тартты.

banner_wsj.gif

Қазақстан ең танымал индикаторды немен алмастырады?

«Курсив» еліміз LIBOR индикаторынан кетуге қалай дайындалып жатқанын зерттеп көрді

Иллюстрация: Сатоши Камбаяшш

2021 жылдан кейін әлемдік индикаторлардың бірі  – LIBOR өз қызметін тоқтатады. Банктердің осы индикаторға байланған несие келісімдерін қайта рәсімдеп үлгеруіне бір жыл ғана уақыты бар. 

London Interbank Offered Rate (LIBOR) –банкаралық несие нарығындағы ең танымал, 20 жылдан бері әлемдік қаржы нарығындағы қысқа мерзімді пайыздық мөлшерлемеде бағдар ретінде ұстанатын лондондық ставка. 

LIBOR-ды ірі халықаралық банктердің баға белгіленімі негізінде  ICE Benchmark Administration компаниясы есептейді. Индикатор негізгі бес валюта үшін есептеледі және әр валюта бойынша  1 апта, 1 ай, 2 ай, 3 ай, жарты жыл және бір жыл – «овернайт» мерзіміне индикативті пайыздық мөлшерлеме саналады. 

2008-2016 жылдары бірқатар банктер LIBOR-ды ессептеу үшін бір пайыздық мөлшерлемені ұсына отырып, нақты шарттарында өзгесін қолданып отырғаны белгілі болған. Осыған байланысты дамыған елдердің регуляторлары мен халықаралық ұйымдар LIBOR-дан бас тартып, балама индикаторларды қолдану туралы бастама көтерген. Бұл ретте Британ қаржылық қадағалау басқармасы (FCA) 2021 жылдан банкаралық LIBOR мөлшерлемесін жариялауды тоқтатуы мүмкін екенін аңғартты. Енді бүкіл банктер қазірден бастап оған балама болатын индикатор іздеуде. 

Қазіргі кезде LIBOR-дың орнын басуы мүмкін тәуекелі төмен  (risk-free rates, RFR) бірнеше балама, овернайт индекс бар. Secured Overnight Financing Rate (SOFR) – долларлық қарыздар, деривативтер және қарыздық міндеттемелер үшін, Sterling Overnight Index Average (SONIA) – фунт стерлинг келісімшарттары үшін, Euro Short-Term Rate (€STR) – еуродағы келісімшарттар үшін және т.б. қолданылады.

Жаңа индикаторлардың тәуекелі төмен саналады, өйткені, біріншіден, бір күндік келісім бойынша есептеледі, несие тәуекелі үшін үстемақы есептелмейтіндіктен пайыздық мөлшерлеменің жалпы динамикасын біршама нақты көрсетеді. Одан бөлек RFR толығымен белгілі бір мерзімде  жасалған келісімдер туралы ақпаратқа негізделген,  ал овернайт сегменті қаржы нарығының ең өтімді және тұрақты сегменті саналады.  Мәселен долларлық SOFR күнделікті өтімділігі 800 млрд доллардан асатын нарыққа негізделген. 
Ресейдің орталық банкі өткен аптада LIBOR-ды алмастыра алатын жеті шетелдік пайыздық индикатор тізімін жариялады. Тізімде көрсетілген индикаторлар Халықаралық бағалы қағаздар жөніндегі комиссия ұйымының (IOSCO) қаржы индикаторларына қажетті қағидаттарға сәйкес келеді. 

Ұлттық банк kursiv.kz-ке берген жауабында реттеуші LIBOR ставкасын Effective Federal Funds Rate (EFFR) ставкасына ауыстырғанын хабарлады.

EFFR– бұл АҚШ Федералды резерв жүйесіндегі банктердің артық резерві есебінен туындайтын банкаралық несиенің орташа  өлшемді мөлшерлемесі.

Осы ретте регулятор АҚШ ФРЖ-сы құрған комитет LIBOR-ға балама ретінде SOFR-ты үсынып отырғанын еске салып өтті.

«Дегенмен, EFFR есебі нарықтық келісімдердің көп бөлігін қамтиды, оған қоса біршама репрезентативті және SOFR мөлшерлемесімен салыстырғанда  аса құбылмалы емес»,– деп атап Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

LIBOR-дың өзге баламаларын ұсыну мәселесі бойынша ҰБ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге кеңес берді. Ал агенттік болса LIBOR-ға қатысты мәселелер ведомствоның құзыретіне кірмейді деп жауап беріп, бұл сұрақты Ұлттық банкке қоюды ұсынды.

Осы ретте KASE-нің баспасөз қызметі биржа Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), Ұлттық банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып,  жергілікті қаржы нарығына қатысушылар үшін пайыздық мөлшерлеме бағдары ретінде қызмет етуге қабілетті бенчмарк құру жөнінде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. 

Мұндай бенчмарк қызметін  қазір TONIA (tenge OverNight Index Average) индикаторы атқарып тұр, ол мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша автоматты РЕПО нарығында жасалған, бір күндік РЕПО мәмілелерінің орташа кірістілік ставкасын білдіреді.

«Кеңесу барысында TONIA-ның репрезентативтілігін арттыру үшін аталған индикатордың есебіне өзгеріс енгізу талқыланады. Жұмыс әлі біткен жоқ, жаңа индикатор  биыл жыл соңына таман іске қосылады»,– деп атап өтті KASE баспасөз қызметі.

Халықаралық есеп айырысу банкінің дерегі бойынша, 2018 жылдың ортасында бүкіл әлемде LIBOR  индикаторын пайдаланатын қаржы келісім-шарттарының көлемі шамамен $400 трлн құраған. Тәуелсіз сарапшы, «Синий Маркс» білім беру платформасының негізін қалаушы Эльдар Шамсутдинов Қазақстанда LIBOR-ге байланған келісім-шарттардың үлесі төмен, өйткені жергілікті қарыз алушылардың сыртқы қарызы аз деп пайымдайды.

«LIBOR бірнеше банк қатысатын клубтық мәмілелер кезінде ескерілетін еді. Ал Қазақстанда мұндай мәмілелер жоқ десек те болады. LIBOR-ды пайдалану мәмілені құрылымдауды қиындатын жіберетіндіктен, оны елдің бәрі қолданыла алмаған соң, бекітілген мөлшерлемені пайдалануды жөн көреді»,– дед ол. 

Еліміздегі ең ірі банктердің бірі – Халық банк өз келісім-шарттарын бір сараптап қойғанын мәлімдеді.

«Банк активтері бойынша да, міндеттемелері бойынша да пайыздық мөлшерлемесі құбылмалы келісім-шарттардың саны аз», – деді қаржы ұйымының баспасөз қызметі. 

Банк бұндай келісім-шарттардің саны жайлы нақты мәлімет бермеді. Банктің 2019 жылғы шоғырландырылған қаржы есебінің деректері бойынша, өткен жылдың аяғында банктің қаржы институттары алдындағы міндеттемелерінің 86%-ы қазақстандық банктерден алынған қарыз (репо келісімдері бойынша қарызды қоса алғанда) бен экономиканың жекелеген секторларын мемлекеттік қолдау бағдарламалары шеңберінде мемлекеттік даму институттарынан тартылған қарыздан тұрды.

«Бұл жағдайды бүкі әлем басынан өткереді, елдің бәрі соған дайындалып жатыр. Тіпті келісімдерді қайда жасау қажет болса да, ол дер уақытында, еш ауыртпалықсыз өтеді», – делінген Халық банктің ресми жауабында.

Банк  келісім-шарттарды қайта жасау 2021 жылы басталуы мүмкін деп пайымдайды. 
Осы ретте Эльдар Шамсутдинов даму банктері индикаторлардың жаһандық реформасы нәтижесінде несие беру шарттарын қайта қарауы мүмкін санайды.

"Олар валютаның эмитент-елдегі индикаторын пайдалананатын шығар. Яғни, егер несие АҚШ-тан алынаты болса, онда SOFR қолданылады", - деді ол.

2019 жылдың қазан айында ЕҚДБ Ұлттық банкпен бірлесе отырып, LIBOR-дан кейінгі кезең туралы семинар өткізген. Осы іс-шараның регулятордың сайтында жарияланған хаттамасында ЕҚДБ  банктерге LIBOR ставкасын неғұрлым транспарентті, репрезентативті және қатаң бақыланатын бағдармен ауыстыруды ұсынған.

LIBOR ставкасын ЕҚДБ және Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) және Азия Даму Банкі (АДБ) қарыз беру кезінде пайдаланады. Материал жарыққа шыққанға дейін бірде-бір даму институтты "Курсивтің" сауалына жауап берген жоқ.

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg