Қазақстанның орнықты даму мақсаты қай деңгейде?

Жарияланды
193 ел 17 мақсатты орындау туралы міндеттеме алған

Жалпы экономикалық даму перспективасында «орнықты даму мақсаты» деген түсінік бар. Дәл сол критерий бойынша Қазақстан әлемдік рейтингтегі ахуалын жақсартып, Малайзия, Сингапур, Түркия, Бразилия сияқты елдерді басып озыпты. 

2015 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы 2030 жылға дейінгі даму орнықтылығы туралы мәселе көтеріп, арнайы мақсаттарды белгілеген еді. Сол бойынша дамығаны бар, дамушысы бар, 193 ел жаһандық бірнеше көрсеткіш бойынша адам, қоршаған орта және экономиканы жақсарту үшін 17 мақсатқа қолжеткізу міндеттемесін алған. Орнықты даму мақсаты негізінен кедейлікті жоюға, әділетсіздік һәм теңсіздікпен күреске, сондай-ақ планетаны қорғауға және адамзатқа татулық пен бейбітшілік сыйлауға бағытталған. 

Қазақстан да орнықты даму мақсатын ұлттық деңгейде жүзеге асыруды бастап кетті. Қазір әлемдік рейтингтегі біздің елдің орны – 59. Бір жыл бұрын 65-орында болған. Әрине, дәл бұлай ілгерілеуде үкімет, жергілікті атқарушы органы және орталық мемлекеттік органдардың еңбегі жатқанын да айта кету керек. 

«Орнықты даму мақсатының өсуіне квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары да үлкен үлес қосып жатыр. Әсіресе, «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» орнақты даму бойынша мақсаттарға жету жолындағы шараларға белсенді қатысуда. Мысалы, Қазақстан даму банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 2019 жылы орнықты даму саясатын бекітті. Ол саясаттың аясында қызығушы тараптар мен олардың қаржы институттарына әсер ету дәрежесін анықтайтын стейкхолдерлер картасы дайындалды. Қазақстан даму банкі шикізаттық емес секторға инвестиция салу арқылы ұлттық экономиканы дамытуға күш салуда» делінген Ranking зерттеуінде. 

Сондай-ақ Қазақстан даму банкі 2020 жылы әлеуетті инвестициялық жобаларға және (немесе) экспорттық операцияларға басымдық беру құралы ретінде даму индексін енгізді. Даму индексі жобаларды әлеуметтік-экономикалық әсер деңгейі бойынша жіктеуге мүмкіндік береді. Даму индексінің құрамдас бөліктері жоба өнімінің ұлғаюы, еңбек өнімділігінің артуы, экспорттық түсімдердің артуы, ел мен аймақтың экономикасы мен тұрақты дамуына әсері, жобаның оң экологиялық құрамдас бөлігі сияқты көрсеткіштер болып табылады. 

«Банк қызметі 17 орнықты даму мақсатының (ОДМ) 12-сіне тікелей және қосымша әсер етеді. Мәселен, №9 ОДМ (индустриаландыру, инновация және инфрақұрылым); №12 ОДМ (жауапты тұтыну және өндіріс); №10 ОДМ (теңсіздікті төмендету) және тағы басқалар. Негізінен банк экологиялық таза өндірісті және ресурс үнемдейтін жобаларды қаржыландырады (№7 және №13 ОДМ). Соның ішінде Қазақстан даму банкінің несие портфелінде жаңғырмалы энергия көздері (ЖЭК) және климаттың өзгеруін әлсірететін энергия тиімділікті жақсарту бойынша 6 жоба бар. Қазір банктің несие портфелі жаңғырмалы энергия көздерінің барлық бағыттары бойынша жоба ұсынып отыр: жел станциялары, шағын гидро электр станциялары, күн энергетикасы жобалары). 2020 жылдағы мәлімет бойынша елде өндірілген жаңғырмалы энергия көздерінің 17,5 пайызы Қазақстан даму банкі қаржыландырған жобаларына тиесілі» деп жазады Ranking. 

Сонымен қатар ұлт денсаулығы үшін маңызды әлеуметтік жобаларға да қаржы бөледі. Мысалы, пандемия қыспаққа алған кезде 2,8 мыңнан астам FFP2 қорғаныс класындағы респираторларды сатып алып Алматыдағы медициналық мекемеге көмектесті (№3 ОДМ). Сонымен қатар банк пандемия кезінде өз қызметкерлерінің 70 пайызын қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіріп, толыққанды жалақы мөлшерін сақтап қалды. Сондай-ақ банк №5 ОДМ-ға қатысты гендерлік теңдік мәселелеріне де жиі назар аударады: 2020 жылы банкте жұмыс істейтін әйел азаматтар саны 52,8 пайызға жеткен. Жетекшілік позициядағы әйелдер үлесі – 48,7 пайыз. 

БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты координаторы Микаэла Фриберг-Стори де COP26 климат конференциясы кезінде экологиялық тазалық мәселесінің Қазақстан үшін ерекше маңызды екенін айтқан еді. 

Ал сенаттың вице-спикері Асқар Шәкіров БҰҰ бас хатшысының көмекшісі Мирьян Спольяричпен кездесуінде ОДМ-ның Қазақстанда орындалуы туралы баян еткен болатын. 

«Қазақстанда ұлттық бағдарламалардың негізгі параметрлері БҰҰ-ның орнықты даму мақсатымен сәйкестендірілді. Қазіргі кезде олар стратегиялық құжаттармен 80 пайызға интеграцияланды. 2022 жылы тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумда Қазақстан осы саладағы прогрестің екінші ерікті ұлттық шолуын ұсынады. Орнықты даму мақсатын ұлттық деңгейде жүзеге асыру бойынша Қазақстан парламенті маңызды рөл атқарады» деді Асқар Шәкіров. 

Сондай-ақ оқыңыз