АЭС-тің тиімділігі қандай?

Жарияланды
Елімізде атом энергетикасын пайдалану қызу талқыланып жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом энергетикалық станциясын салу туралы мәселе көтергелі бері бұл тақырып жиі талқылана бастады. Сарапшылар әлем елдерінің АЭС-ті жиірек сала бастағанын, сол арқылы энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізгенін алға тартады. Ал кей сарапшылар дамыған елдер АЭС-тен бас тартып жатыр, оның орнын жаңғырмалы энергия көздері басуы тиіс деген ой айтады. Соңғы мәлімет бойынша қазір АЭС бүкіл әлемдік электр энергиясының 10 пайызын құрайды екен. 

2021 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша елімізде 74,9 млрд кВт сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл былтырмен салыстырғанда 7,9 пайызға көп. Әрине, энергияның көбін жылу және газтурбиналық электр станциялары өндіреді: 66,3 млрд кВт сағат немесе елдегі өндірілген барлық электр энергиясының 88,5 пайызы. Ал ең аз үлес жаңғырмалы энергия көздеріне тиесілі – 2,4 млрд кВт сағат (2,3 пайыз). Ортасында гидроэлектр станциялары 6,2 млрд кВт сағат (8,3 пайыз) энергия өндіріп шығарған. 

Өндірілген бүкіл 74,9 млрд кВт сағаттың 74,1 миллиарды ғана тұтынылған. Яғни, өндіріс тұрғысынан дәл қазір бізде профицит. Тек үш аймақ қана – Атырау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары ғана тапшылық сезінген. Бұл мемлекетке жаңа қуат көздерінің қажет екенін де аңғартады. Әрі экономистер енді бір бес-алты жылдан соң елде энергия тапшылығы басталатынын болжайды. Әрине, бұл қауіпті құбылыс болмақ. Қазірдің өзінде электр энергиясын өндіретін станциялар әбден ескірген, тозған және аталған секторда жалақының тым төмен болуы себепті де жастар бармайды. 

Ranking мониторингтік порталының жазуынша, қазір Қазақстанда 179 электр станциясы түрлі тәсілмен энергия өндіріп отыр. Оның ішінде көмір (66,5 пайыз) мен газдың (22,5 пайыз) үлесі жоғары. Тағы 9,3 пайызы гидроэлектр станцияларының еншісінде. 

Осы ретте энергетика секторында орын алып отырған мынадай негізгі проблемаларды атап өтуге болады: 

•    Жылуэлектр станциялары қазіргі сәтте модернизацияға аса мұқтаж;
•    Тез арада ЖЭС-тардың қуаттылығын кеңейтіп, реконструкция жасау керек; 
•    Өндіруші, трансмиссиялық және қосалқы жабдықтардың тозу деңгейі өте жоғары; 
•    Өндіруші нысандар мен ғимараттар апатты жағдайда тұр. Электр станцияларындағы өндіруші құрылғылардың тозу жағдайы орташа 53 пайызды құрайды. 

Әлбетте, электр станциялары модернизацияны және қуаттылықтың кеңеюін қажетсініп тұрғанда, елде электр энергиясының тапшылығы байқала бастаған сәтте, ауаның ластану деңгейі арта бастағанда елге жаңа станциялар керек немесе электр энергиясын өндіру көздерін әртараптандыруға тура келеді. Осыдан келіп мемлекет басшылығы ел аумағында АЭС салдыру тақырыбын көтере бастады. 

«Қазақстан Республикасында атом энергетикасын қолдануға объективті себептер бар: Мысалы, дәлелденген уран қорының көптігі; уран өндіру және уранды қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуы; атом ғылымының бар екені; жоғары білікті мамандардың кадрлық потенциалының бар екені; медициналық радиофармпрепараттар өндірісі үшін ядролық технологияларды енгізу және жасау бойынша прогресс байқалады. Қазақстан дәлелденген уран қорының көлемі бойынша (әлемдік қордың 14 пайызы) әлемде екінші орын алады. Елде уранның теңгерімді қоры барланған 56 кен орнының 14-іне жер қойнауын пайдалану құқығы берілген. Қалған 42 кен орыны резервте тұр. 2009 жылдан бері Қазақстан табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында келеді. Тәуелсіздік алғалы өндіріс көлемі 24 есе артты – 1997 жылғы 796 тоннадан 2020 жылғы 19,5 мың тоннаға дейін» деп жазады Ranking. 

Осы ретте портал атом энергетикасын қолдану әлемде кең таралған тәжірибе екенін жазады. Мәселен, әлемнің 32 елінде жалпы қуаттылығы 400 НВт болатын  445 ядролық реактор жұмыс істеп тұр екен. Осыншама қуаттылық 2020 жылы әлемдік электр энергиясының 10 пайызын қамтамасыз еткен. Сонымен қатар 19 елде 50-ге жуық энергетикалық реакторлар салынып жатыр. 

«Ядролық энергия әлемде төмен көміртекті энергия көзі жөнінен екінші орынға ие. Қазақстанда энергияның негізгі үлесі көмір мен газға тиесілі болса, дамыған елдер қоршаған орасан зор зиян келетіндіктен бұл көздерді қысқарта бастады. Мысалы, Испания 2020 жылы қазіргі көмір өндіру қуаттылығын тең жартысына дейін қысқартып тастауды жоспарлаған. Франция 2022 жылы қалған төрт көмір электр станциясын жабамыз деп отыр. Жапонияда ядролық энергетика ұлттық стратегиялық басымдыққа айналған. Ол елде 31679 МВТ қуаттылықпен 33 реактор жұмыс істейді. Тіпті Фукусимадағы апаттан кейін де Жапония АЭС салуды жалғастыра берді. Қазір қуаттылығы 2653 МВт болатын екі реактордың құрылысы жүріп жатыр» деп жазады портал. 

Порталдың жазуына сүйенсек, ядролық энергетика әлемде үлкен маңызға ие болып отыр. 2020 жылы энергия өндіру бойынша АҚШ, Қытай, Франция, Ресей, Оңтүстік Корея, Канада, Украина, Германия, Испания және Швеция елдері алдыңғы қатарда болған. Бұл ретте Франциядағы атом энергетикасының үлесі 70 пайыз деңгейінде. Украинада – 51,2, Швецияда – 29,8, Оңтүстік Кореяда – 29,6, Ресейде – 20,6, АҚШ-та 19,7 пайыз шамасында. 

Мамандар АЭС-ті тұтыну экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және ауаға тарайтын лас заттардың жолын кеседі деп тұжырады. Қазір Қазақстан АЭС сала қалсақ деп әлемдік үздік технологиялар тәжірибесін зерттеп жатыр. Атап айтар болсақ: 

•    Росатом (Ресей) – VVER-1200 реакторының жобасы; 
•    Electricite de France Group / Mitsubishi Heavy Industries Ltd (Франция, Жапония) – ATMEA1 реакторының жобасы; 
•    NuScale Power (АҚШ) – NuScale аз қуатты модулді реакторының жобасы; 
•    GE Hitachi Nuclear Energy (АҚШ, Жапония) BWRX-300 аз қуатты модулді реакторының жобасы; 
•    Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (Қытай) HPR-1000 реакторының жобасы; 
•    Korea Hydro and Nuclear Power (Оңтүстік Корея) APR-1400 реакторының жобасы.

Интернетте тараған ақпарат бойынша 2014 жылдары Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының территориясында АЭС салуға қолайлы орындар зерттеліп, таңдалған. Бұл ретте транспорттық инфрақұрылым, табиғи-климаттық, антропогендік факторлар және минималды экологиялық талаптар ескерілген. 
 

Сондай-ақ оқыңыз