Пандемия кезінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы бәсеңдеп қалды ма?

Жарияланды
2020 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың 90 пайызы 14 елге ғана бағытталған

Пандемия салқыны инвестициялауды да айналып өткен жоқ. Әлем бойынша індеттің белсенді таралуы бірқатар жобаларды шегерді, тоқтатты, соның нәтижесінде оған құйылатын қаражаттың да жолы бөгелді. 

2020 жылдың қорытындысы бойынша жаһандық экономикадағы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 42%-ға қысқарған. Әсіресе, шетелдік инвестициялар көрсеткіштерінің 77%-ға дейін құлдырауы өтпелі экономиканы бастан кешіп отырған елдерге жағымсыз әсер етті. Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, 2020 жылы Қазақстанға шетелдік капитал ағынының төмендеуін 30%-ға дейін бәсеңдете отырып, 17,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тарту мүмкін болды.

«Соңғы 10 жылда Қазақстанға тартылған жыл сайынғы инвестициялар ағымы 2015 және 2020 жылдардағы дағдарыстарды қоспағанда, орта есеппен 22-24 млрд долларды құрады. Сонымен қатар, өткен жылы біздің күш-жігеріміз пандемия кезеңіне дейін іске асырылған жобалардың тоқтап қалуына жол бермеуге бағытталған болатын. Нәтижесінде, шетелдіктердің қатысумен жалпы сомасы 1,6 млрд доллар болатын, 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылған 41 инвестициялық жобаның пайдалануға берілгенін атап өтуге болады» дейді спикер. 

Аталған жобалардың ішінде Түркістандағы жаңа әуежай, Ақтаудағы қонақ үй кешені, Жамбыл облысындағы СЭС құрылысы, сондай-ақ Қарағанды облысындағы техникалық газ өндіру бар.

«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов инвесторларға сервистік қолдаудың тәулік бойы көрсетілетінін айтады. 

«Компания мамандары шетелдік бизнеске визалық қолдау, инвестициялық келісімшарт жасасуға жәрдемдесу және инвестициялық жобаларды іске асыру барысында заң жағынан қолдау көрсетеді. 2020 жылы қоғам тарапынан инвесторлардың 2 279 өтініші қаралды. Оның ішінде 1438 қоңырау қабылданды, 587 жазбаша және ауызша кеңес берілді, инвестициялық преференцияларға 44 өтінім, сондай-ақ визалық  және көші-қон мәселелері бойынша 126 өтініш қаралды» деді басқарма төрағасы.

Былтыр KAZAKH INVEST-тің қолдауымен жалпы соммасы 1,6 млрд долларды құрайтын 41 инвестициялық жоба іске асырылған. Нәтижесінде 7 мың жаңа жұмыс орны құрылыпты. Сонымен қатар инвесторларға қолайлылықты арттыру мақсатында инвестициялық келісімшарттар жасау бойынша мемлекеттік қызметтер де автоматтандырылды. Пандемияның ауыр зардабына қарамастан сыртқы істер министрлігі 10 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 635 млрд теңгеге инвестициялық келісімшарттар жасаған. Ардақ Зебешевтің айтуынша, операциялық және жүйелі шаралардың үйлесуі тікелей шетелдік инвестициялар ағынын арттыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және инфузия тартудағы өңірлердің рөлін күшейтуге бағытталған.

«Жүйелі шаралар шеңберінде жаһандық инвесторлар мен халықаралық қаржы ұйымдарын жандандыру жүріп жатыр, президенттің төрағалығымен шетелдік инвесторлар кеңесі алаңдары жұмыс істейді, инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі алаң және премьер-министрдің төрағалығымен ҚР-ЕО диалог платформасы жұмыс істейді. Осы алаңда көптеген мәселелер қарастырылады, соңғыларының бірі – бұрын ұсынылмаған салалардың жаңа мүшелерін қосу арқылы шетелдік инвесторлар кеңесінің қызметін жаңғырту бойынша тиісті ұсыныстар әзірленді, сондай-ақ проблемалық мәселелерді талқылау үшін кеңеске мүше компаниялармен ай сайынғы тақырыптық кездесулер өткізу. Операциялық тәсіл қысқа мерзімді перспективада нақты инвестициялық мәмілелерді жүзеге асыруды және сүйемелдеуді көздейді. Ол үшін инвестицияларды басқару бөлігіндегі өзара іс-қимылдарға жаңа алгоритм енгізілді» деді спикер.

Мамандардың айтуынша, 2023 жылға таман тікелей шетелдік инвестициялар ағынының пандемияға дейінгі деңгейіне оралу жоспарланып отыр. Алмас Айдаровтың сөзінше, 2020 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың 90%-ы негізгі 14 ел – Еуропалық одақ, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония, БАӘ-ге бағытталған. 

«Бүгінде инвестициялар тартудың үш деңгейлі жүйесі құрылды, онда барлық шетелдік мекемелер үшін сыртқы периметрде 5 жыл мерзімге елдік инвестициялық бағдарламалар әзірленді. Онда біз жұмыс істейтін және таргеттеуге тиіс салалар мен компаниялар нақты белгіленген. Жеке жұмыс жүргізудің бұл әдісі біздің елшіліктерге, мысалы, бір айда 150-200 мүдделі инвестормен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Едәуір тартымды ұсыныстар пысықталғаннан кейін шамамен 15 мүдделі компаниядан тұратын «short-list» жасалады, оны кейіннен біздің әріптестеріміз – салалық министрліктер және өңірлік әкімдіктер өңдейді. Жағдайдың өзгергенін ескере отырып, ҚР президентінің тапсырмасы бойынша жаңа инвестициялар ағынын қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың басынан бастап жаңа инвестициялық құрал – стратегиялық инвесторларға ерекше жағдай жасайтын және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің барлық спектрін ашуға көмектесетін инвестициялар туралы келісім енгізілді» деп атап өтті СІМ өкілі.
 

Сондай-ақ оқыңыз