Индустриаландыру картасы: биыл 13 жоба уақытында іске қосылмаған

Жарияланды
Тағы 15 жоба келер жылға қалғалы тұр

Қазақстанда жыл соңына дейін 127 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов хабарлады

«Биыл 995,9 млрд.теңге инвестиция  салынып, 18,8 мыңнан астам жұмыс орнын құратын 206 жобаны іске қосу жоспарланған», – деді Аманияз Ержанов «Nur Otan» партиясы комиссиясының отырысында. 

Вице-министрдің айтуынша,  қазіргі кезде жалпы сомасы 432 млрд теңгеден асатын 51 жоба пайдалануға берілген. 

«Сонымен қатар, 13 жобаны пайдалануға беру мерзімі орындалмай, тағы 15 жоба келер жылға қалғалы тұр», – делінген партия таратқан баспасөз-хабарламасында.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержановтың айтуынша,  2020 жыла жүзеге асқан жобалар мыналар:  Алматыда «КМК Investment» ЖШС металлургиялық зауыты, елордада «ModeX Astana» ЖШС көлемді-блокты үй құрылысы зауыты, Қарағанды облысында «Qaz Carbon» ЖШС ферроқорытпа зауыты, Алматыда «Hyundai Trans Kazakhstan» жеңіл автокөліктер өндірісі, Сарань қаласында автобустар, карерлік және жол-құрылыс техникасын шығару өндірісі, Қарағанды облысында «QazTehna» ЖШС және Шығыс Қазақстан облысында «Үлбі-ТВС» ЖШС жылу бөлетін құрамалар өндірісі. 

«Индустриялық жобаларды қазіргі қалыптан тыс дағдарыс жағдайында іске асыруды жалғастыру – біздің экономикамыздың әртараптандырылуы мен орнықтылығы үшін аса маңызды. Шектеу шараларына қарамастан, жобалардың басым бөлігі іске қосылатыны қуантады», – деп атап өтті партиялық куратор, Мәжіліс депутаты Альбер Рау.

Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия Үкімет үшін бірқатар ұсынымдар қабылданған, олардың ішінде: іске қосуға дайын жобаларды іске қосу-реттеуді жүргізу үшін шетелдік мамандардың келуіне көмектесу; карта жобаларын іріктеуді, үйлестіруді және сапалы мониторинг жүргізуді, уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай Индустрияландыру картасының тәжірибесіне оралу бар.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Алматы қаласында жалғанбаған болат құбырларды өндіру кезінде тек қазақстандық болатты пайдалану; сондай-ақ Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесіп, жыл соңына дейін металлургия зауытын іске қосуды қамтамасыз ету ұсынылған.

Энергетика министрлігі «KEGOC» АҚ жанындағы бірыңғай есеп айырысу-қаржы орталығымен ЖЭК жөніндегі картаның іске асырылатын жобаларына шарт жасасуды қамтамасыз етуі қажет.
 

Сондай-ақ оқыңыз