Шығын шаш-етектен. Қазақстан экономикасы қайда бет алып барады?

Жарияланды
Артымыз – бүлінген. Алдымыз – бұлыңғыр

Қазақстан шығындалуға келгенде шашасына шаң жұқтырмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарынан әупірімдеп өтіп алып едік, той өткізгіш, жиын жасағыш, қонақ шақырғыш боп алдық. Ірілі-ұсақты саммиттер, конференциялар, медиа-форумдар, спорттық додалар қазына қаржысын қарпып жұтты. 

Сөйтіп жүріп алдымызды ойламаппыз. Экономикамыз шикізат күйінде экспорттауға, дайын өнімді шетелден сатып алуға негізделген. Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, 2019 жылы еліміз 5,3 млрд долларға тауар экспорттаған. Экспорттық түсімнің басым бөлігі мұнай мен табиғи газға тиесілі. Одан кейінгі орындарда тұрған ферроқорытпа, мазут, цинк дегендер де жер қойнауынан шығатын пайдалы қазбалар санатында. Өзіміз өндіріп, шегесін қағып, бауын байлап, сыртын қаптап сатқан түгіміз жоқ. Болса да тым елеусіз. Өзге елдер тұрмақ, көршілеріміздің өзімен салыстыруға келмейді. Керісінше, импортымыз экспорттан озып тұр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың артуы импорт көлемін ұлғайта түспек. Қазақстан шеттен негізінен мынадай тауарларды сатып алады: 

  • Медикаменттер; 
  • Қара металлдан трубалар; 
  • Мұнай және мұнай өнімдері; 
  • Телефон аппараттары; 
  • Авто және басқа да транспорттық құрылғылар; 
  • Киім; 
  • Дизель отыны, т.б.

Оның үстіне, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден тауар импорттауды 8 пайызға көбейткен. 2020 жылдың қаңтарындағы дерекке сүйенсек, үшінші елдерден тасымалданған тауар құны 1,4 млрд долларға жеткен. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің үшінші елдерден тауар тасу құны бізден төмен. 

Қысқасы, Қазақстанның өндірістік экономиканы лайықты деңгейде дамыта алмауы қазір үлкен соққы болып тиюде. Онсыз да мұнаймен күнін көріп отырған ел пандемия дауылынан тіпті есеңгіреп қалды. Консалтинг және аудиторлық қызмет ұсынумен айналысатын KPMG халықаралық фирмалар желісінің өкілі Василий Савиннің айтуынша, биыл мемлекеттік бюджет шығындары бюджет түсімінен екі есе асып түсуі мүмкін. Аталған мекеменің зерттеуі бойынша биыл бюджетке ұжымдық табыс салығы 10 пайызға, қосымша құн салығы 16 пайызға кем түспек. Мұнай бағасының күрт құлдырап, өндірістің қысқаруы мұнай секторынан түсетін табыстың жолын кескен. Яғни, жоспарланған межеден 36 пайызға аз табыс қана қолға тимек. 

«Биыл мемлекеттік бюджет тапшылығы алдын ала жоспарланған 8 пайыздан (ЖІӨ-нің) 12 пайызға дейін ұлғаяды. Дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін мемлекеттік қарыз көлемі 25 пайыздан 29 пайызға көбейеді және бұл жағдайда тәуелсіздік алғалы бергі максимум көрсеткішке жетуіміз мүмкін. Бұл ретте биылғы салық түсімдері Ұлттық қордан 4,7 трлн теңгенің трансферттелуі арқылы өтелетінін де айта кету керек. Ұлттық қордан аударым жасау есебінен бюджет тапшылығы 3,4 трлн теңгені құрайды. Ал бұл орайда 2020 жылы Ұлттық қордан бюджетке жасалатын трансферт қорға түсетін табыстан (инвест табысты есептемегенде) төрт есеге асып түсуі ықтимал»,– дейді Савин. 

Оның сөзінше, екі айлық карантин салық түсімі деңгейін біршама құлдыратқан. Егер күздің соңында пандемияның екінші толқыны келсе, онда қолға алынатын қатаң шаралар кесірінен мемлекеттік бюджет пен экономиканың халі тіпті нашарлай түспек. 

«Мемлекеттік шығыстардың салық түсімінен екі есеге асып түсуі, мемлекеттік бюджеттің Ұлттық қорға түбегейлі тәуелді бола бастауы тез арада ел экономикасын әртараптандыру керек екенін ұғындырады. Сонымен қатар экономиканың шикізаттық емес секторынан түсетін салықтық түсімдерді де көбейту керек»,– дейді эксперт. 

Тамыз айында халықпен есептік кездесу өткізген сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов дәл қазіргі таңда экономиканы әртараптандырудың маңызды екенін айтады және мемлекеттің сол жолға бастайтын шикізаттық емес секторды дамыта алмағанын мойындайды. 

«Шикізаттық емес тауарлар экспорты құлдырап жатыр. Бірінші жарты жылдықта 9 пайызға құлдыраған. Бірінші тоқсанда қызмет көрсету экспорты да 5,8 пайызға төмендеп кетті. Әсіресе, пойызда (-20,7 пайыз) және жолаушылар транспортындағы (-16,2 пайыз) қызмет көрсету едәуір қысқарған. Мұның бәрі экспортты әртараптандыруға және жоғары қосымша құны бар әрі тұрақты сұранысқа ие тауарлар өндірісіне көшу керектігімізді айғақтайды»,– деген еді Сұлтанов. 

KPMG-дің Қазақстан мен Орталық Азиядағы басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев тамыз айында өткізген онлайн-кездесудегі сөзіне сүйенсек, әйгілі рейтингтік агенттіктердің біразы биыл Қазақстан экономикасының құлдырайтынын болжаған. 

«Карантин кезінде 1,6 млн адам ақысыз еңбек демалысына жіберіліп, 4,5 млн адам 42 500 теңге көмек алған. Ал шағын және орта бизнестің 1 млн-ға жуық субъектісі пандемия кесірінен шығынға батқан. Тағы 300 мыңнан астам бизнес жұмысын біржола тоқтатқан. Мемлекет көмектесуге тырысып, бизнесті несиелеу, төлеуді кейінге шегеру бойынша жұмыстар істеуде. Көмектің көп бөлігін шағын және орта бизнес алды. Алайда салық түсімінің 80 пайызын беріп, еңбек нарығындағы жұмыс істеуші азаматтардың 60 пайызын қамтып отырған ірі бизнес биліктен ешқандай қолдау көрген жоқ»,– дейді Жұмашев. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті Олжас Төлеуовтың айтуынша, ТЖ енгізілгелі бері халықтың реалды табысы 3 пайызға төмендеген. 

«Мұның бәрі ішкі сектордағы сұраныстың өте баяу қалпына келетінін байқатады. Бұл әрине, халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізеді»,– дейді сарапшы. 

Ал экономист Алмас Чукиннің айтуынша, экономиканы аяқтан тұрғызып, әртараптандырудың бірнеше жолы бар. 

«Десе де ең бастысы – еркін нарықтық қатынастар деп айтар едім. Адамдарға мейлінше көбірек таңдау беру керек. Мен бұл ретте Африкада білім алып, Канадаға көшіп, кейін АҚШ-қа келіп өз бизнесін ашқан Илон Маскты мысалға келтірер едім. Оған министрлік араласқан жоқ, нарықтық еркін қатыснастың арқасында осы деңгейге жетті. Қоғам өзіне керек адамды өзі тудырды. Ал мемлекет қашан істейді, не береді деп күтіп отырса экономика дамымас еді»,– дейді Чукин. 

 

  

Сондай-ақ оқыңыз