Қазақстанды экономикалық тығырықтан алып шығатын жалғыз жол: «Agro-Imperial» басшысы сұхбат берді

Жарияланды
Коронавирус тұқым шаруашылығына да елеулі зиянын тигізді

«Agro-Imperial» ЖШС – 20 жылдан бері тұқым шаруашылығымен айналысатын бірегей компания. Тұқым мен тыңайтқышты Голландия, Израиль, Испания, Түркия, АҚШ елдерінен импорттайды. Оны қалай егу, өсіру жолын диқандарға үйретеді. Аталған компания басшысы Төрехан Ермекбаевтың Kursiv.kz тілшісіне берген сұхбатындағы өзекті ойларды жинақтап ұсынамыз. 

БІР ТҰҚЫМДЫ ӨНДІРУ ҮШІН 12 ЖЫЛ УАҚЫТ, 2 МЛН ЕУРО КЕРЕК

Тұқым біздің климатқа сай келе ме, жерсініп кете ме, соның бәрін анықтап алып іске кірісеміз. Ассортиментіміз өте кең. Қазір көкөніс тұқымдарының 90 пайызын сатып отырмыз. Тұқым 3 жылға дейін жарамды. 

* * *

Қазақстанның ішкі нарығы үлкен емес. Сондықтан диқандар өнімді сыртқа экспорттағысы келеді. Ол өнімдерді тексеріп, диқанға ақыл-кеңес береміз. Бізге Ресейдің базары көп ықпал етеді. Сол Ресей базарында өндірушілеріміз бәсекеге қабілетті болу керек. Соңғы 15 жыл бойы тамшылатып суғару әдісін де жүйелі жүргізіп келеміз. Бұл да бизнесіміздің бір түрі. Көп тұтынушыға тамшылатып суғарудың қыр-сырын үйреттік. 

* * *

Тұқым өндіру өте қымбат және жоғары деңгейдегі мамандарды талап етеді. Бір қырыққабат тұқымының гибридін өндіру үшін 12 жыл уақыт, 500 мың доллар көлемінде ақша керек. Ол процесті төбесі жабық арнайы алқапта жүзеге асырады. Тұқым жасау үшін аталық, аналық таза формалары болу керек. Ол өзіңізде болмай, дүниежүзілік гендік қордан сатып алатын болсаңыз шамамен 2 млн еуроға шығындаласыз. Ал бір гибридті өндіру үшін жоқ дегенде 5 аталық, 5 аналық форма керек. Одан бөлек қосымша шығындар бар. Сонда бір тұқымға қанша қаржы жұмсалатынын есептей беріңіз. Мойындау керек, ондай аса ауқымды іске біздің мүмкіндігіміз жетпейді. Қазақстандық нарықты лайықты тұқыммен қамтып, диқандарға көмек беріп отырғанымыздың өзі үлкен шаруа. 

* * *

Бізден тұқымды Түркістан, Жетісай, Шымкент, Сарыағаш, Тараз аймақтары алады. Ол жақта диллерлеріміз жұмыс істейді. Жұмысты бастаған кезде адамдар гибрид тұқымның не екенін білген жоқ. (Гибрид – әртүрлі тұқымдардың қасиетін алып, бәрін бір тұқымның бойына сіңіріп өсіру). Бұл бағытта көп жұмыс істеп, көрме орталықтарын ұйымдастырып, тұқымдарды егіп, соның нәтижесін диқандарға көрсеттік. Оларға тұқым бердік, тыңайтқыш бердік, тамшылатып суғаруды үйреттік. Бұл маркетингтік қадамымыз дұрыс жұмыс істеп, олар тұрақты клиенттерімізге айналды. Қазір көптеген өңірде гибрид тұқымдар егіліп жүр. 

* * *

Егісті ерте бастайтын өлке – Жетісай. Қаңтардың соңы, ақпанның басында қырыққабат еге бастайды. Сосын қызанақ тұқымы тасталады. Мамандар Түркістаннан Қызылордаға дейін барып, гибридті қызанақ егуді де үйретті. Жәй тұқымдар ұзақ піседі. 110 күн. Ал гибрид 75 күнде пісіп шығады. Гибрид тұқымнан өнген өнімді әрі ерте, әрі лайықты бағаға сатасыз. 

* * *

Қызанақтың гибрид тұқымының бір пакетінде 1000 тұқым болады. Салмағы – бар-жоғы 5 грамм. Оның орташа бағасы – 7-8 мың теңге. Жылыжай қызанақтары қымбат болады. 

* * *

Тұқымды әр өңірдің ауа-райын, географиялық ерекшеліктерін ескере отырып ұсынамыз. Оңтүстік қана емес, Астана, Қарағанды, Көкшетауда да біздің тұтынушыларымыз бар. Ол жақтың ауа-райына байланысты, басқа тұқым алуға кеңес береміз. Өңірлердегі диллерлеріміздің егіс алқаптарында тәжірибелік сынақ жасаймыз.  

* * * 

Көп диқандар тыңайтқышты дұрыс қолдана алмайды. Бұл – үлкен кемшілік. Өнім жиналған кезде құрамында адамға зиянды заттар мөлшері көп болуы мүмкін. Ұзақ жолға тасымалдау кезінде сапасы бұзылады. Топырақта тұз көтеріліп кетуі мүмкін. Соның бәрі тыңайтқышқа байланысты. Мамандармен ақылдасып бағдарлама түземіз. Сол бағдарламаның нәтижесі бойынша қай уақытта, қандай мөлшерде, қай тыңайтқышты себу керегін айтамыз. 

КАРАНТИН КЕСІРІНЕН ТАБЫСЫМЫЗ ЕДӘУІР ҚҰЛДЫРАДЫ

Ауыл шаруашылығындағы күрделі мәселе – су мәселесі. Голландияда тұтынуға жарайтын су табу үшін жерді 2000 метр тереңдікке дейін бұрғылайды. Соны іске асырып, жерді пайдалану үшін мемлекет ұзақ мерзімді пайызсыз несие беріп, қолдайды. Бізде қаншама жер бос жатыр. Айтсаң, «жайылымдық жер» деп алдыңды орайды. Шындығында көбі жайылымдық та жер емес. Австралияда 10 мың қойы бар фермердің небәрі 1000 гектар жері бар. Себебі, олар жайылымды интенсивті пайдаланады. Бір жағына мал жайса, бір жағын суарып жатады. Қазақстанда 2 мың қойы бар фермердің 10 мың гектар жері бар. Неге? Өйткені, бізде жерді экстенсивті пайдалану белең алған. Қойды айдап жібереді, ол мал аузымен бір жесе, тұяғымен екі жейді. Содан топырақ эрозияға ұшырайды. Жылдан жылға өнім беру мүмкіндігі төмендей береді. Мемлекет тарапынан дұрыс қолдау болса, сол жайылымдарды интенсивті пайдаланып, пайда табу жолын қарастыру керек. Біздің далада ағаш көрмейсің. Голландиялық танысым «Неге ағаш екпейсіңдер?» дейді. 
– Су жоқ, – деймін. 
– Суды бұрғылап шығарса ше?
–  Болады… 150-200 метрден шығады. 
– Ондай тереңдікті күрекпен-ақ қаза салуға болады ғой, – деп күледі. 

* * *

Әзіл болса да сөзінде шындық бар. «Мемлекет жәрдем бермей ме?» деп сұрайды. Біздегі бюрократиялық қиындықтың қайсыбірін оған айтып түсіндірерсің. Індет көп нәрсенің бетін ашты ғой. Коронавирус кесірінен мұнай бағасы құлдырады. Теңгеміз төмен кетті. Экономика қиналып қалды. Түптеп келгенде бізді құтқаратын, ми батпақтан алып шығатын жалғыз жол – ауыл шаруашылығы екеніне көзі жеткен болар. 

* * *

Қазір бізде 1 гектарды жалға алу құны 120 мың теңгеге жетті. Бұл өте қымбат. Табысының тең жартысынан астамын жалға құнын төлеуге жұмсайды. Сондықтан мемлекет бос жатқан және дұрыс пайдаланылмай жатқан жерлерді өз қарамығына алып, оны фермерлерге арзан бағамен беруі керек. Шамамен, 15-20 мың теңгеге. 

* * *

Жыл басында шекара жабылып, диқандар экспорттық өнімдерін сата алмай қалды. Оңтүстікте адамдар бір жерге екі өнім егіп үйренген. Алғашқы жағдай қиын тиген соң, екінші жұмысқа көбінің қолы бармай қалды. Соның салдарынан біздің сатылым да төмендеді. 2019 жылмен салыстырғанда түскен пайда 25-30 пайызға аз болды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз