Беларусьтағы жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

Жарияланды
Ол елдегі саяси наразылық күшейіп тұр

9 тамыз күні болған президент сайлауынан кейін Беларусь халықының наразылығы күшейіп кетті. Халық ескі де жаңа президент Александр Лукашенконың өкілетін мойындамай, оның биліктен кетуін талап етуде. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, Лукашенко сайлаушылардың 80, ал оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 10 пайыз дауыс жинаған. Алайда ел азаматтары шын мәніндегі көрсеткіш бұған қарама-қайшы деп есептейді. Осыған байланысты елдегі наразылық толқулары әлі басылмай тұр. Дипломатиялық тығыз қарым-қатынастағы елдегі тұрақсыздық Қазақстанмен арадағы экономикалық байланысқа қалай әсер етпек?

Қазақстандағы Беларусь елшілігінің мәліметінше, Қазақстан Беларусь елінен тауар импорттаушылардың ондығына кіреді, ал ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында. 2019 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 978,4 млн АҚШ долларын құраған. Яғни, 2018 жылға қарағанда 9,2 пайызға өскен. 

Беларусь былтыр бізге негізінен трактор, жүк көліктері, сүт, сиыр еті, май, ауылшаруашылығына керекті тазалау машиналары, жиһаз, ірімшік және сүзбе экспорттаған. Ал Қазақстаннан мұнай өнімдері, мұнай газы, тас көмір, рельс, өңделмеген алюминий, өңделмеген цинк, труба, зығыр тұқымын импорттаған. 

таблица.jpg

«Revera» заңгерлік компаниясы «Doing Business in Belarus» деп аталатын шолуында елдегі қазіргі экономикалық ахуалды баяндайды. Оған сүйенсек, ЖІӨ-нің басты үлесі өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі (21,3 пайыз) екен. Одан кейінгі орында көтермен және бөлшек сауда, автокөлік және мотоцикл жөндеу (9,4 пайыз), ауыл шаруашылық орман және балық шаруашылығы (6,8 пайыз), ақпарат және байланыс (6,2 пайыз) және басқа салалар тұр. 

«Беларусь экономикасы жоғары дәрежедегі ашықтыққа ие және сыртқы нарыққа бейімделген. Өндірілген тауарлардың 50 пайыздан астамы экспортқа шығарылады. 2019 жылы елдің тауар айналымы 72,28 млрд АҚШ долларын құрады» деп жазылған шолуда. 

Экономист Олжас Төлеуовтың айтуынша, Қазақстан да, Беларусь та – Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі. Аталған одақ аясында екі елдің тауар айналымы аса көп емес, 3,4 пайызды ғана құрайды. Сондықтан Беларусьтағы саяси жағдайдың Қазақстан экономикасына тигізер тікелей әсері шамалы. Десе де…

«Туындауы мүмкін қиындық – Кедендік одақ аумағына Беларусь арқылы кіруі тиіс елдердің тауарлары дер уақытында Қазақстанға жетпеуі ықтимал. Бұл жағдайда тұтынушылық және инвестициялық мазмұндағы біраз тауардың тапшылығы туындайды. Олай болса ондай тауарлардың бағасы да қымбаттап кетеді» дейді экономист. 

Сарапшының сөзінше, келесі салмақты қиындық – валюта жайы. 

«Егер Лукашенко елдегі тұрақсыздықты реттей алмаса онда ресейлік ресурстарды (қаржылық, әкімшілік, әскери, ақпараттық) тартуға мәжбүр болады. Қазірдің өзінде БАҚ-та Ресейдің Беларусьқа қолдау көрсетуге даяр екені жайлы, Ресей әскерінің шекараға жақындатылғаны жайлы ақпарат тарады. Бұл инвесторлардың ресейлік бағалы қағаздарға деген алаңдауын туғызады. Әңгіме мемлекеттік облигациялар мен ФЗО (Федералдық займ облигациялары) туралы айтып отырмыз. Беларусияда наразылық басталғалы бері ресейлік ФЗО-ға сұранысты көрсететін немесе жиынтық номиналды құнын көрсететін RGBI индексі құлдырап кеткен. Қазір индекс 153 көлемінде. Бұл 8 мамырдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Бұдан біз мемлекеттік қарыз нарығында сатылымның азайғанын, тиісінше рубльге деген сұраныстың төмендегенін аңғарамыз. Ал егер Ресей Беларусьтың ішкі ісіне араласатын болса бұл батыс елдері тарапынан салынатын су жаңа санкцияларға себеп болуы да мүмкін. Бұл да Ресей бюджетіне қосымша жүк түсіреді. Осы үш фактор (ФЗО-ны жаппай сату, мүмкін санкциялар, бюджеттің әлсіреуі) рубльдің әлсіреуіне әкеліп соқтырады. Өз кезегінде рубльдің әлсіреуі Ресеймен серіктес дамушы елдердің экономикасына үлкен соққы болып тиеді» дейді ол. 

Шілде айында Минскіде премьер-министр Асқар Маминді қабылдаған Александр Лукашенко екі ел арасындағы экономикалық қатынысқа байланысты пікір білдірген. 

«Экономика жағынан да бізде проблема жоқ. Біздің өндіргеніміз Қазақстанға керек, Қазақстанның өндіргені бізге керек. Ал логистика, жеткізуге байланысты проблема дегеніңіз әркез бола береді» деп екіұдай көзқараспен пікірін жеткізген болатын.

Сөзсіз, Беларусьтің басты экономикалық серіктесі – Ресей. Бұл туралы «Новая газета» басылымы жазған. 

«Лукашенко 20 жылда Беларусь экономикасын әртараптандыра алмады. 25 жыл бұрын да, қазір де Ресейден жеткізілетін мұнай мен газ бағасына қатты тәуелді. Сондықтан Ресеймен жақсы байланыста болу беларусь элитасы мен оның мұнай-газ және мұнай-химия кешені үшін өте маңызды. Ресейлік энергосубсидия әр жылдары ЖІӨ-нің 25 пайызын құраған, қазір 15 пайызға жуықтайды» делінген басылым материалында. 

Сондай-ақ оқыңыз