Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1,8 пайызға төмендеді

Жылдық инфляция 7 пайызды құрайды

Фото: Shutterstock

Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин еліміздің 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп жазады үкімет басшысының ресми сайты. 

Премьер-министр жаһандық теріс ықпалдардың аясында биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанның ЖІӨ 1,8%-ға төмендегенін атап өтті. Бұл ретте экономиканың нақты секторында тұрақты өсім байқалған. Тауарлар өндірісі 4,1%-ға өскен. 

Негізгі драйверлер құрылыс (+11,2%) және өңдеу өнеркәсібі (+4,8%) болды, олардың өсімі автомобиль жасау (46%), фармацевтика (24%), дайын металл өнімдерін өндіру (20%), жеңіл өнеркәсіп (8%), резина және пластмасса бұйымдарының (8%) және қағаз өндірісі (15%) есебінен қамтамасыз етілді.  Сонымен қатар тау-кен өндірісі өнеркәсібінде (2,2%) оң динамика байқалды. Еліміз бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға беру 7,3%-ға өсті. Дегенмен, төтенше жағдай режимі мен карантиндік шектеу шараларын енгізу аясында биылғы 6 айда қызмет көрсету секторында 5,6%-ға төмендеу байқалған. Жылдық инфляция 7% құрады. 

Еліміз бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша орташадан жоғары деңгейдегі өсім Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында қамтамасыз етілді. Қостанай, Алматы, Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында барлық негізгі көрсеткіштердің оң екені байқалды, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жекелеген көрсеткіштердің теріс екені байқалды. Қызылорда, Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстары көптеген көрсеткіштер бойынша орташа республикалық деңгейден артта қалған.  

«Қазіргі кезде Үкіметтің негізгі міндеті – коронавирус індетінің және жаһандық дағдарыстың теріс салдарын жою, елімізде жұмыспен қамтуды қолдау. Осы мақсатта ауқымды шаралар қабылданып жатыр», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы төтенше жағдай кезеңінде экономиканы тұрақтандыру және тұрғындарды қолдау бойынша жедел және шұғыл шаралардың 2 топтамасы (биылғы 23 және 30 наурызда) қабылданғанын атап айтты. 2020 жылдың соңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар аясында тұрғындардың іскерлік белсенділігін ынталандыруға, жұмыспен қамтуды және табысын қолдауға бағытталған нақты салалық шаралар іске асырылуда. Жаңа редакциясында 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды әзірлеу жұмысы жүргізілуде, ол еліміздің орташа мерзімді перспективаға арналған жаңа экономикалық бағытының негізгі бағдарларын айқындайды..

Индустрияландыру картасы аясында биыл отын-энергетика және агроөнеркәсіптік кешендерде, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіпте, құрылыс индустриясында, машина жасау және фармацевтика салаларында 1,1 трлн теңге сомасына 160 жоба жүзеге асырылады.

Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ға 232 млрд теңгеге дейін, қайта өңдеуге 16,6%-ға 40 млрд теңгеге дейін өсті. Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,5 млн гектарға дейін жеткізілді. Биылғы 6 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлеміндегі экспорты 14,9%-ға, 4,7 млн тоннадан 5,4 млн тоннаға дейін артты. Сумен қамтамасыз етуді арттыру және қалпына келтіру жобаларын іске асырудың нәтижесінде суармалы жерлердің жалпы көлемі 2020 жылғы 1,5 млн га-дан 2022 жылы 2 млн га-ға дейін ұлғаяды.

Қазақстанның жаһандық дата-хаб ретінде дамуы аясында 110 млрд теңгеден астам тартылған инвестициялармен 32 дәстүрлі және 17 ірі тау-кен деректерді өңдеу орталығы салынды. 2024 жылға дейін 633 млрд теңгеге қосымша инвестиция тарту және 2000 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Премьер-Министр Үкімет бизнеске салықтық жүктемені жеңілдетумен және бюджет шығыстарын экономикалық белсенділікті қолдауға бағыттай отырып, контрциклді макроэкономикалық саясатты іске асыруды жалғастыратынын атап өтті. Адами капиталды дамыту, институционалдық реформаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылады, тікелей шетелдік инвестицияларды жаппай тарту және цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін жағдайлар жасалады.

«Үкімет экономиканы тұрақтандыру, жұмыспен қамту деңгейінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықтың табысын қолдау жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдайды», — деді А. Мамин.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

«Келешекте тұрақты жұмыс орны дәл қазіргідей маңызға ие болмайды»

Экономика ғылымдарының докторы Сәуле Қалиевамен сұхбат

Фото: Shutterstock

Бір анық ақиқат бар: енді әлем жылнамасы – пандемияға дейін және пандемиядан кейін болып бөлінеді. Жер бетін жайлаған індет еңбек нарығына да салқынын тигізіп жатыр. Қаншама адам табыссыз қалды. Қанша адам жаңа мамандықтар игеруге кірісті. Осы орайда білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің бас ғылыми қызметкері Сәуле Қалиевамен сұхбаттастық. 

–Коронавирус пандемиясы еңбек нарығы заңдылықтарын қалай өзгертуі мүмкін?

–Заманауи еңбек қатынастарының пайда болуы бос уақытта – өз қабілетіңді жетілдіруге, қосымша білім алуға, жеке кәсіпкерлік қабілетіңді дамытуға арналу керегін ұғындыра бастады. Келешекте тұрақты жұмыс орны дәл қазіргідей маңызға ие болмауы мүмкін. Оны қазіргі көріністер анық дәлелдеп жатыр. Қазір қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлерге деген сұраныс артты. Цифрлық жұмыс тәсілі енгізілді. 

–Карантин кезінде нақты қандай мамандықтарға деген сұраныс артты, қандай мамандықтарға қызығушылық төмендеді?

Менің ойымша, пандемия аяқтала салысымен мына мамандықтарға деген сұраныс артады: 

  • Антикризистік консультанттар мен менеджерлер; 
  • Жеке қаржы консультанттары; 
  • Кол-орталық консультанттары; 
  • Интернет-дүкен қызметкерлері; 
  • Курьерлер; 
  • Интерьер дизайнерлері; 
  • Күзет жүйесі операторлары; 
  • Әлеуметтік жұмысшылар; 
  • Санитарлар; 
  • Супермаркетте сатушылар мен кассирлер; 
  • Тазалықшылар; 
  • Балабақша тәрбиелеушілері; 
  • Полицейлер; 
  • Мұғалімдер.

Цифрландыру мүмкіндіктерінің кеңеюі, электронды онлайн платформаларды пайдалану, қашықтан жұмыс істеуге көшу, әлеуметтік желі функциясының кеңеюі – процестерді диджитализациялау эксперттері, бағдарламалаушы, SMM мамандары, контент-менеджер, тайм-менеджмент бойынша мамандарға деген сұранысты күрт арттырмақ. 
Қазір өндірістер медицина жұмысшылары рөлінің артуы АҚШ-та қызу талқыланып жатыр. Қызметкерлердің жұмысқа оралу кезіндегі қауіпсіздігі жайында хаттама дайындап жатқан еңбек қауіпсіздігі бойынша жалпы өнеркәсіптік комитет жұмыс орындарында алғашқы көмек көрсету үшін медицина қызметкерлерін тарту мәселесін көтеруде. Медициналық қызметкерлер жұмыс орындарында хаттамада көрсетілген инфекциялық қауіпсіздік пен белгілі бір деңгейдегі жайлылықты қамтамасыз ету үшін қажет болмақ. 

Күнделікті өмірде аса беделді емес әрі жалақылары да аз мамандықтар бар. Олар: 

  • Жалпы практикадағы онлайн-дәрігер; 
  • Инфекционист-эпидемиолог дәрігер; 
  • Коронавирусқа тест тапсыру бойынша маман; 
  • Жедел жәрдем маманы; 
  • Дезинфекторлар;  
  • Ұзақ мерзімді оқшаулану жағдайында психолог, жеке және отбасылық консультанттар; 
  • Тұрмыстық мәселелер бойынша – сантехник, жиһаз құрастырушы, фотографтар және т.б.

Әрине, төмен жалақы көп жағдайда төмен біліктілікпен де байланыстырылады. Бірақ басқа да факторлар бар. Мәселен, осы салада жұмыс істейтіндердің әлі күнге тарифтік келісімшарттары жоқ. Яғни, жоғары жалақыға үнемі қол жеткізе алмайды. Қазір Германия пандемия кезінде осындай маңызды мамандық иелеріне айына қосымша 500 еуро төлеуді қарастырып жатыр. Германия қаржы министрлігі 1500 еуроға дейін салықсыз сыйақылар ұсынбақшы. 

–Адамдардың жаппай онлайн, қашықтан жұмыс істеуге көшу үрдісі келешекте де сақталып қалуы мүмкін бе? Және бұл қаншалықты тиімді болмақ?

–Қашықтан жұмыс істеу режиміне көшу үрдісі болашақта еңбек нарығы заңдылықтарын басқаша қалыптастыруға әсер етпек. Көптеген ұйымдар қысқа уақыт ішінде видеоконференция жасай алатын техникалар мен жабдықтар алуға мәжбүр болды. Олар онлайн оқыту, онлайн жұмыс істеу жүйесін қалыптастыру үшін техникалық мүмкіндіктерін қайта қарастырды. Жұмыстың бұл тәсілі пандемиядан кейін де жалғасады. Қашықтан жұмыс істеуге ұлттық экономиканың бірқатар салалары да көшірілді. Олар – білім, ғылым, ішінара онлайн-қызметтер, сауда саласы және т.б.

Соңғы он жылдықта АҚШ және Еуропа жұмыс берушілері өз қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу режиміне көшірген болатын. Бұл ретте қашықтан жұмыс істеуге көшуге мемлекеттік бағдарламалар мен үкіметтің бизнеске деген көзқарасы да әсер ететінін айта кеткім келеді.  

Бізде бизнеске деген көзқарас та әлі ескі... Жұмыс өнімділігін арттыру үшін қызметкерлер жұмыс орында істеуі тиіс деген көзқарас жойылған жоқ. Керісінше, қашықтан істеу әлдеқайда тиімді болады. Себебі, қашықтан істеу кезінде 67-70 пайыз жұмысшы жұмысқа жауапкершілікпен көңіл бөледі, жеке өмірі де қалыс қалмайды, жұмыстағы бос әңгімеге кететін уақыт жұмысқа бөлінеді, жұмыс беруші қымбат кеңсені жалдаймын және жабдықтаймын деп шығынданбайды, кәнігі жиналыстың орнын онлайн-жиналыстар басады. Ондай бизнес түрлерінде кеңсе жалдауға, жеке компьютер сатып алуға кететін шығындар болмайды.

Әрине, мәселенің екінші қыры да бар. Қашықтан жұмыс істеу кезінде ұжымдық қарым-қатынас болмайды, адам үй ішілік мәселелерге алаңдап кетуі ықтимал дегендей. Алайда өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда, транспорт, қызмет көрсету сияқты салаларда жұмыс режимін қашықтан істеуге көшіру мүмкін емес. Қалай десек те, пандемия және мәжбүрлі оқшаулану еңбек нарығына әсерін тигізеді. Негізінен коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында және қоғамдық тамақтану орындарында құрылымдық өзгерістер болуы ықтимал. Яғни, аталған салалар өз қызметтерін сапалы онлайн-сервиске көшірмесе бәсекеге қабілетті бола алмайды. Сөзсіз, бәрі бірдей қашықтан жұмыс істеуге көше алмайды. Дегенмен жұмыс істеудің бұл жаңа әрі тосын түрі жаңа технологиялар дамуына, салалардың роботтануына, интеллектуалды жұмыс әдісінің дамуына ықпал етпек. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg