Өңдеуші кәсіпорындарға жылдық мөлшерлемесі 3 пайыз несие беріледі

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Онымен жаңадан құрылатын Өнеркәсіпті дамыту қоры айналыспақ

Елімізде Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылмақ. Ол өңдеуші кәсіпорындарға жылдық мөлшерлемесі 3 пайыздан аспайтын несие берумен айналысады. Осы және өзге де шаралар саланың дамуына серпін беруі тиіс.  Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.

Үкімет отырысында Дәленов 2020 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын таныстырды. Бұл құжат Ұлттық банк, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастығымен бірлесе әзірленген.

Кешенді жоспар 10 бағыттан және іскерлік белсенділікті ынталандыру, жұмыспен қамтуды қолдау және халықтың табысын арттыру жөніндегі 172 жүйелі әрі салалық шаралардан тұрады.  Аталмыш құжат экономика салаларын қолдау жөніндегі жедел шараларды қамтиды. Атап айтсақ, салықтық ынталандыру, кредит беруді арттыру, инфрақұрылымды дамыту, ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамтуды сақтау шаралары қарастырылған.

Соның ішінде өңдеуші өнеркәсіпті қолдау шаралары үшін қаржыландыру тетіктері айтарлықтай кеңейтіліп,өңдеу өнеркәсібі субъектілері мөлшеріне қарамастан Ұлттық банк бағдарламасы бойынша айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландыру жоспарлануда. Ұзақмерзімді шарттарды ұлттық даму институттары «тұрақты кепіл» ретінде қабылдайтын болады.

» Өңдеу өнеркәсібі субъектілері «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алады.Сонымен қатар экспорттық кредит беріледі. Бірнеше банктің бір қарыз алушыны бірлесіп кредиттеуі үшін банктік синдикатталған кредит беру жоспарланған. Сонымен қатар, өнеркәсіпті дамыту қорын құру ұсынылады. Қор арқылы 3 пайыздан артық емес мөлшерлеме бойынша өңдеуші кәсіпорындарға несие беру жоспарлануда», – деді Руслан Дәленов.

Ұлттық эконоомика министрінің айтуынша, қазіргі кезде Үкімет отандық өндірушілердің тауарларын өткізу бойынша бірқатар шараларды қолға алған.

«Бұл – мемлекеттік сатып алуда квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында оффтейк келісімшарттар жасау, жеңілдетілген қаржыландыруды алушыларға отандық материалдар мен жабдықтарды пайдалану бойынша міндеттемелерді белгілеу. Олар жеке инвесторлармен лицензиялық келісімшартта бекітілетін болады», – деді министр.

 

Сондай-ақ оқыңыз