Skip to main content

Мемлекет көмек беретін 361 кәсіпорынның «тізімі» қоғамның наразылығын тудырды. Неліктен?

Сарапшылар «көптеген компания құрылтайшыларының ішінде атақты фамилиялар жүр» дейді

24 сәуір күні Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жүйе құрушы кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жайында баяндаған еді. Министрдің айтуынша, тізімге құрылыс, көлік, энергетика, жылжымайтын мүлікті жалға алу, тау-кен өндірісі, сауда және өңдеу өнеркәсібі саласындағы 361 компания енеді. 

    Алдымен мемлекеттік қолдау деп аталатын көмекке қандай игіліктер кіретінін айта кетейік. Мемлекет 361 кәсіпорынға: 
•    Несиелер бойынша кепілдіктер ұсыну; 
•    Жеңілдікті өтімділікке қол жеткізу; 
•    Салық төлеуді кейінге шегеру; 
•    Қосымша құн салығын қайтару процесін жеңілдету әрі жеделдету; 
•    Барлық рұқсат беру құжаттары мен мемлекеттік қызметтер ұсынуды жеделдету шаралары қарастырылмақ. 

«Жүйе құрушы кәсіпорындардың ыңғайласпа міндеттері жалақы төленетін жұмыс орындарын сақтау, отандық өндірушілердің тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алу (болған жағдайда), қолданыстағы келісімшарттар аясында уақытылы төлемдерді қамтамасыз ету, ақпаратты ашу, 2019-2020 жылдар үшін топ-менеджментке дивидендтік төлемдер мен бонустарды алып тастау болады» деп көрсетілген ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында. 

    Мемлекет 300-ден астам маңызды кәсіпорынға неліктен мұндай көмек көрсеткісі келді. Бұған жауап ретінде президенттің сөзін келтірейік. 

    «1,6 миллионнан астам азамат және 11,5 мың орта және шағын бизнес субъектісі несие және займдар бойынша қарызын төлеу кейінге қалдырылды. Шағын және орта бизнестің қазір жағдайы қиын. Біз егер қазір оларға көмектеспесек онда экономиканы қалпына келтіру жайлы сөз қозғамасақ та болады. Салықтық ынталандыру шарасына 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерлер ілікті. Бұл олардың 1 триллионға жуық теңгені үнемдеуіне мүмкіндік береді. Адамдар жұмыссыз қалмас үшін және олардың жалақысы қысқармас үшін мемлекеттік қолдау көрсетілетін жүйе құрушы компаниялардың реестрі жасалады. Оған біздің экономика үшін ерекше маңызы бар компаниялар кіруі тиіс» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. 

    Алайда аталған компаниялардың тізімі жариялана салысымен оған қарсылық танытушылар көп болды. Соның бірі бұрын мемлекеттік қызметте істеген, қазір жеке кәсіпкер – Санжар Боқаев. 

    «Мемлекеттік қолдауды алатын компаниялар тізімін қарап шықтым. Бірінші, салалар бойынша қателік кеткен. Құрылыс – 60 пайыз, сауда және жылжымайтын мүлікті жалға алу – 24 пайыз, транспорт – 7 пайыз, энергетика – 4 пайыз, өңдеу секторы – 3 пайыз, тау-кен өндірісі – 2 пайыз. 
Екінші, көптеген компаниялар құрылтайшыларының ішінде атақты фамилиялар толып жүр. Әсіресе, Лаврентьев А.С. – 20 компанияда, Н. Смағұлов – 15-тен астам ұйымда аталған. 60-қа жуық копания BI Group брендімен тікелей немесе жанама байланыста. Боранбаев, Бекетаев, Балағұт және тағы көп қызық фамилиялар бар. 
Үшінші, үкімет өңдеуші өнеркәсіп ұғымын жақсы түсінбейтін сияқты. Бұл салаға тек автоөнеркәсіпті ғана енгізіпті. Біз бәріміз қазақстандық автоөндірістің – дайын агрегаттарды әкеліп, оны құрастырып шығу ғана екенін білеміз. Бұл жерде қандай өңдеуші өнеркәсіп туралы сөз болуы мүмкін? Тізімде халық тұтынатын тауарларды өндірумен айналысатын бірде-бір компания жоқ. Сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіптің негізін құрайтын жеңіл, тамақ, химия, медицина салаларындағы компаниялар да тысқары қалыпты. 
Төртінші, аталған компаниялардың қандай талаптар бойынша ЖҮЙЕ ҚҰРУШЫ ретінде аталып отырғаны туралы айтылмаған»,–дейді Санжар Боқаев. 

    Бірер күн бұрын сенат депутаттарының да бұл тізімге көңілі толмайтыны туралы ақпарат пайда болды. Қарсылық танытқан ұйымдар қатарында  «El Tiregi» өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағы да бар. 

    «Бағыты мен мақсатына сәйкес мемлекеттік қолдау алуға құқығы жоқ компаниялардың тізімге кіруіне қарсымыз. Қымбат автокөліктерді сататын салон, әуе компаниялары, әуежай, энергетикалық және құрылыс компаниялары басымдыққа ие болмауы тиіс. Бұл халық пен барша кәсіпкерлердің бетіне түкіре салғанмен бірдей» деп мәлімдеме жасапты аталған одақ. 

    Компаниялар тізіміне қатысты әлеуметтік желіде де бірқатар юморға құрылған пікірлер де пайда болды. 

    «Мамин үкіметінің тізімі – 361 жеке компанияға бюджеттен көмек беріледі. Тізім Forbes тізімімен сәйкес келген» деп жазады қоғам белсендісі Мұрат Әбенов. 

    «Олигархтарды қашанғы жарылқаймыз. Адамдар түсінесіңдер ме, сіздер үшін ақша жоқ, ал олар үшін бар. Тізімге «Астана Моторстың» 22 компаниясы; BI Group-тың 50 компаниясы кірген. Одан бөлек BI Digital, BI Village DeLuxe, BI Innovations, BeInTech, High Vill Kazakhsatan сияқты компаниялар бар» деп жазады Денис Кривошеев. 

    Ел президентінің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтың айтуынша, аталған тізім әлі де толықтырылады. 

    «Мұның бәрі қалыпты жұмыс процедурасы ғана. Ешқандай теріс пиғыл жоқ. Тек құжат байқаусызда желіге таралып кетті де, сосын оған қатысты ешкім ресми түсініктеме берген жоқ. Содан кейін барып кінәлілерді іздеу басталды. Қысқасы, ешқандай проблема жоқ, жұмыс процесі жүріп жатыр және ведомство тарапынан коммуникациялық салғырттық та бар. Мемлекеттік қолдау алатын компаниялардың түпкілікті тізімі бекітілмей тұрып тексеруден өтеді. Бұл жұмыстар толық атқарылуы үшін үш апта уақыт керек» депті Олжас Құдайбергенов. 

    Әлеуметтік желі мен бірқатар ұйым, кәсіпкерлер шулағаннан кейін барып экономика министрлігі пікір білдірді. Оның өзі қасқалдақтың қанындай қып-қысқа тұжырым. 

«Бизнес-қауымдастық және салалық министрліктермен қарқынды талқылау жасалған соң барып алдын-ала реестр жасалып, экономиканы модернизациялау бойынша мемлекеттік комиссияға жолданады. Жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады» депті министрлік. 

    Ведомствоның пікірінше, тізімге енгізер алдында ірі кәсіпорындардың салық, жұмыспен қамту факторы, базасы сату түйткілдері есепке алынбақ. 

banner_wsj.gif

Үкімет 2025 жылға дейінгі даму жоспарына өзгеріс енгізеді

Сонымен қатар министрлер кабинеті 2020 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жоспарын қабылдады

Фото: shutterstock.com

Бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында министрлер кабинеті 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды бірауыздан  қабылданды. Бұл жоспар іскерлік белсенділікті ынталандыру, жұмыспен қамтуды қолдау және халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді және салалық шараларды қамтиды. Сонымен қатар  жақын арада 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары жаңа редакцияда әзірленбек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлемдік және ұлттық экономикадағы жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары жаңа редакцияда әзірленеді. Ол институционалдық және құрылымдық реформаларды жүргізуді қамтитын елдің орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық бағытының негізгі бағыттарын айқындайды», — деді А. Мамин.

Стратегиялық жоспардың басты міндеті — бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға басымдық бере отырып, сапалы инвестиция мен қосылған құнның өңірлік және жаһандық тізбектеріне кірістіруге негізделген экономиканың жаңа құрылымын құру.

"Ұлттық экономика министрлігіне осы жылдың 1 шілдесіне дейін құжаттың жаңа редакциядағы жобасын әзірлеуді тапсырамын", - деді премьер-министр. 

Сонымен қатар премьер-министр 2020 жылға арналған кешенді жоспарды іске асыру сыртқы орта тигізетін келеңсіз әсерді барынша азайтуға, аса маңызды салалардың бәрін және отандық бизнес қызметін жандандыру бойынша практикалық іс-шараларды қамтуы тиіс деп атап өтті.

Ұсынылып отырған шаралар қаржыландыру және жеңілдікті несие беру тетіктерін, оның ішінде микробизнес тетіктерін едәуір кеңейтуді, экспорттық шығындарды кепілдендіру және өтеу құралдарын белсенді түрде қолдануды көздейді.

Форвардтық және ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасасу практикасы енгізіледі. Жүктеме азаяды және салықтық әкімшілендіру жеңілдетіледі, салықтар мен қарыздар бойынша преференциялар мен төлемді кейінге қалдыру қолданылады, жекелеген айыппұлдар мен алымдар алынып тасталады, әкімшілік кедергілер азайтылады.

Тұрғын үй құрылысы нарығында сұранысты ынталандырудың, отандық өндірісті және қызмет көрсету саласын қолдаудың жаңа тәсілдері енгізіледі.

«Жалпы, Кешенді жоспарда көзделген шаралар бірқатар салалардың белсенділігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл салаларда 6 млн-нан аса адам жұмыспен қамтылған», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына, өңірлер әкімдеріне Жоспардың іс-шараларын белгіленген мерзімде сапалы түрде іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

 2020 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өнеркәсіпті қолдау қоры құрылып, ол өңдеуші кәсіпорындарға жылдық мөлшерлемесі 3 пайыз несие берумен айналысатынын айтып өткен еді. 

 

 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png