Қазақстан экономикасы құлдырауы мүмкін

Жарияланды
Ішкі жалпы өнім 0,9 пайызға төмендеді

 Биыл елімізде экспорт 16,3 млрд долларға төмендеп, 35,1 млрд долларды құрайды. Импорт 7,5 млрд долларға төмендеп, 26,6 млрд доллар болады. «Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, жалпы ішкі өнімнің 0,9 пайызға төмендеуі күтілуде. Номиналды жалпы ішкі өнім 69,7 трлн теңге көлемінде бағалануда. Бұл мақұлданған болжамнан 4,8 трлн теңгеге төмен», – деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

 
Үкіметте өткен отырыста, ол жыл басынан бері мұнай бағасы – 66, металдар – 16, әлемдік биржалық индекстер орташа есеппен 21 пайызға төмендеді. Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне 22 долларға дейін төмендеді.

«Осыны ескере отырып, осы жылғы сәуір-желтоқсанға мұнайдың орташа бағасы бір барреліне 20 доллар деңгейінде анықталды. Доллардың есептік бағамы 440 теңге деңгейінде және жылдық инфляция 9-11 пайыз аралығында есепке алынды. Бағаның төмендеуі аясында мұнай өндіру бойынша болжам 86 млн тоннаға дейін азайтылды. Бұл тау-кен өнеркәсібі өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыста және көрсетілетін қызметтер секторында, оның ішінде саудада бұған дейін мақұлданған өсу қарқындарымен салыстырғанда төмендеу күтілуде»,- деді ол.

Экономиканың төмендеуіне сыртқы экономикалық тұрақсыздық пен  коронавирус пандемиясы да  себеп болған. 
 

Сондай-ақ оқыңыз