Алматы мен елорданың бірқатар кәсіпорындары 20 сәуірден жұмысын жалғастырады

Жарияланды
Нақты тізім 15 сәуірде бекітіледі

20 сәуірден  өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарының, сондай-ақ қызмет көрсету саласының белгілі-бір секторларының жұмысы қалпына келтіріледі, деп хабарлайды primeminister.kz сайты. 

Бүгін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. 

Мемлекеттік комиссия Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын ескере отырып, әкімдердің ұсыныстарының негізінде қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтаумен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын кезең-кезеңмен қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. 

Бірінші кезең аясында биылғы 20 сәуірден бастап өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарының, сондай-ақ қызмет көрсету саласының белгілі-бір секторларының жұмысы қалпына келтіріледі. Олардың жұмыс істеуі үшін қойылатын міндетті шарт — санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау. 

І кезең аясында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы жұмысын қалпына келтіретін кәсіпкерлік қызмет түрлерінің нақты тізімін Мемлекеттік комиссия биыл 15 сәуірде бекітеді. 

Үкімет басшысы жұмысын қалпына келтіретін нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ қызметкерлерінің жұмыс орындарында әлеуметтік ара қашықтықты сақтауына қатаң бақылау жасауды тапсырды. 

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар байланыс желілері мен интернет жұмысын қамтамасыз ету, мұнай өнімдерінің экспортын реттеу және басқа да мәселелерді қарастырды.

Сондай-ақ оқыңыз