Енді гуманитарлық көмек қоймада жатпайды. «СК-Фармация» жаңа басшысы қандай жаңалықтарымен бөлісті?

Сондай-ақ компания дәрі-дәрмекті жеке аптекаларға да жеткізумен айналыспақ

Фото: kursiv.kz

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде елдегі дәрі-дәрмек жағдайына байланысты арнайы брифинг өтті. Спикерлер көпшілікті және журналистерді толғандырған сауалдарға жауап берді. 
    

8 млрд теңгеге 5 препарат

«СК-Фармацияның» жаңа басшысы Ерхат Исқалиевтің айтуынша, жағдай қазір Үкіметтің толық бақылауында. 

    «Дәрі-дәрмек тапшылығын жою үшін шұғыл шаралар ұйымдастырылды. КВИ-ді емдеуге 2,6 млрд теңгеге ай сайынғы дәрі-дәрмек қорын жөнелтілді. 40 мың науқас үшін 8,7 млрд теңгеге қосымша препараттар сатып алынды. 24 млрд теңгеге 100 мың науқасты емдеу үшін екі айлық дәрі-дәрмек қорын қалыптастырдық»,- деді ол. 

 Сондай-ақ, Исқалиевтің айтуынша, бірыңғай дистрибьютордан келесі жылы сатып алынатын тізімге 1,5 мыңға жуық дәрілік заттар енгізілген. Оның 1000-нан астамы дәрілік заттар болса, 406-сы – медициналық бұйымдар екен. Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйеде өтінімдер қабылданып, апта соңына дейін қажетті препараттар анықталады. Сатып алу рәсімдері келер аптада басталмақ. Жыл соңында қажетті дәрі-дәрмек пен заттар бірыңғай дистрибьютор қоймаларына келіп түспек. 

Пандемия басталғалы бері елімізге әртүрлі елдерден келген гуманитарлық көмектердің «СК-Фармация» қоймасында бірнеше ай бойы сары майдай сақталып тұрғаны азаматтардың ашуын туғызған еді. Есқалиев енді ондай қателік жібермейміз дейді. 

    «Біздің мекеме медициналық гуманитарлық жүктерді сертификаттау үшін құжаттарды онлайн рәсімдейді. Бұл жағдай гуманитарлық жүк тиеген ұшақ келген мезетте қабылдаушы тараптың қолында тасымал үшін құжаттардың болуына мүмкіндік береді. Енді келген тауарлар еш кідірмей, бір тәулік ішінде медициналық тауарлардың барлығы қажетті жерге жіберіледі»,- деді Исқалиев. 

Брифингке қатысқан денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова келген гуманитарлық көмекті «СК-Фармация» тіпті өз қоймаларына түсірмей, ә дегеннен қажет жерлерге әуежайдан-ақ аттандырып салатынын айтты. 

           Енді қазақстандықтар 8,6 млрд теңге тұратын 5 дәріні пайдаланады. Бұл туралы да Ерхат Исқалиев баян етті. Оның айтуынша, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізіміне тағы қосымша 5 препарат енгізілген. 

  «Көп жағдайда ауру жеңіл және орта деңгейде өтеді. Бірақ соның өзінде медикаментозды қолдауды қажет етеді. Денсаулық сақтау министрлігі КВИ-дің емдеу және диагностика хаттамасында науқастар үшін 5 препарат енгізіп отыр. Ол науқасты амбулаториялық деңгейде емдеу үшін керек. Олар – парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, апиксабан және дабигатран препараттары. Қазір сатып алу процедурасы аяқталып қалды. Сатып алынған дәрілер 1 миллион науқасқа жетеді деп жоспарланған»,- деді Исқалиев. 

Маска арзандайды

Людмила Бюрабекова медициналық маска бағасының арзандайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, негізінде мемлекет медициналық бұйымдар бағасын бақыламайды. Алайда ТЖ кезінде масканың шекті бағасын бекіту туралы шешім қабылдаған. Қазір министрлік бір масканың бағасын 60 теңгеге дейін түсіру бойынша жұмыс істеп жатыр. 

Сонымен қатар, Бюрабекова коронавирусқа қарсы вакцина туралы да сөз қозғады. 

«Вакцина әлі жасалып жатыр. Министрлік бұл туралы ДДСҰ-мен келіссөз жүргізуде. Тек санаулы ғана өндірушілер клиникалық сынақтың үшінші фазасына жетті. Біз вакцина егілетін тұрғындарды есептедік. Қазір бұл шамамен 15 пайыздай, бірақ біз 20 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Олар тәуекел тобындағы, оның ішінде созылмалы ауруы бар адамдар. Біздің статистикамыз және анализіміз бойынша созылмалы аурулар, олар – қант диабеті, артериалды гипертония, жүрек ауруы және қатерлі пневмония. Бірінші кезекте осы аурумен ауыратын азаматтарға көңіл бөлінеді» дейді Бюрабекова. 

«СК-Фармация» шығындары қысқара ма?

Брифинг кезінде Ерхат Исқалиев өзі басқаратын компания шығындарының қысқаратынын айтты. Айтуынша, мекеме аумағы 10-15 пайызға, ал шығындары 200 млн теңгеге қысқармақ. 

            «Бірыңғай дистрибьюторға шығын бойынша келіп түскен сыни пікірлерге байланысты қазір компанияда жұмыс тобы құрылды. Олар әкімшілік шығындарды оптимизациялау бойынша жұмыс істейді. Кеңсе ғимараттарының жалға алу құны 10 пайызға азайтылды. Территория да 10-15 пайызға қысқармақшы. Жыл соңына дейін жалпы және әкімшілік шығындар 200 млн теңгеге азайтылады. Бұл ретте «СК-Фармация» қызмет көрсету аясы кеңейетінін де айта кеткім келеді. Денсаулық сақтау жүйесі мобилді резерві, бөлшек саудада дәрі-дәрмек сатып алу және гуманитарлық көмекті алу бойынша қызметтер функциясы пайда болады» деді. 

Осы ретте Исқалиев өз жалақысы туралы ақпаратпен де бөлісті.

«Менің жалақым 750 мың теңгеден басталады. Бірақ менің жұмысқа кіріскеніме әлі бір ай толған жоқ. Біз келесі айдағы кеңесте жалақы көлемін белгілейтін боламыз»,- деді.

Брифингте айтылған ең маңызды мәселе – «СК-Фармацияның» бөлшек саудамен айналысатын аптекалар желісімен жұмыс істеуді бастауы. Бұған дейін компания тек мемлекеттік медициналық мекемелерге ғана дәрі жеткізумен айналысқан болатын. 

 «Бөлшек саудамен айналысатын аптекаларға өнім жеткізу арқылы біздің компания табыс табуды көздемейді. Дәрілерді қандай бағамен жеткізуіміз керек екенін министрлік белгілейді. Біз тек логистика және сақтауға кеткен шығындарды ғана бағаға қосамыз. Бағамызды ашық көрсеткіміз келеді. Біз үшін ең бастысы – қажет жерге қажет дәріні жеткізу».- деді ол. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif