1 view

Алматыда кәсіпкерлік қалай дамып жатыр?

Жалпы сыртқы инвестиция 115,2 млрд теңгені құраған

Фото: Deposit Photos

2021 жылдың тоғыз айында Алматы қаласының негізгі капиталына салынған инвестиция 752,8 млрд теңгені құраған. Былтырдың 9 айымен салыстырғанда көрсеткіш 24 пайызға өскен. 2020 жылы қаланың дамуы үшін 608,2 млрд теңге көлемінде қаржы құйылған еді. 

Қалалық кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының хабарлауынша, сыртқы инвестиция көлемі 115,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 22 пайызға көп. 

«Салалық бөліністе қаржының басым бөлігі жылжымайтын мүлік операцияларына тиесілі болып шығады: 351,9 млрд теңге. Транспорт және қаттауға – 90,7 млрд, өнеркәсіпке – 75,4 млрд, өзге салаларға 310,5 млрд теңгеден бөлінген. Инвестицияның жалпы көлеміндегі бюджет қаражаты 61,4 млрд теңгені құра,ды. Компаниялардың жеке қаржысы – 500,2 млрд теңге,  банк несиелері – 38,1 млрд теңге және өзге заемдық қаржылар – 91,7 млрд теңге» деп хабарлайды басқарма. 

Басқарма басшысы Қалибек Ақылбековтың айтуынша, 3 жылда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының бюджеті 31 млрд теңгеге жеткен. 2021 жылы 17,7 млрд теңге болған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2,2 есе жоғары көрсеткіш. 

«Бөлінген қаржының 14,5 млрд теңгесі сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға, 2,5 млрд теңгесі ішінара кепілдендіруге, 690 млн теңгесі қайтарымсыз грантқа жұмсалған. Қазіргі таңда бағдарлама аясында 2 332 жоба мақұлданды. 1600-ден астам жұмыс орыны құрылды. Сауда (17 пайыз), әкімшілік және қолдау қызметі (15 пайыз) және өнеркәсіп (13 пайыз) салаларындағы жобалар көбірек қаржыландырылды» дейді Қалибек Ақылбеков. 

Бұдан басқа, жобалардың 60 пайызы негізгі құралдарды, үй-жайларды, жабдықтарды сатып алуға қаржыландырылады. Сауда саласында несиелер айналым қаражатына алынады.

Қалибек Ақылбеков қараша айында республикалық бюджеттен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлу жоспарланғанын айтты. Осылайша, мемлекет бизнеске қолдау көрсетуді жалғастырады, бұл пандемия кезінде өте маңызды.

Басқарма өкілінің айтуынша, қолданыстағы түрлі бағдарламалардың арқасында Алматы кәсіпкерлері экономикалық белсенділікті жалғастыруда. Мемлекет тарапынан жоспарланған қолдаулар өз деңгейінде жүзеге асырылады және мұны кәсіпкерлер анық сезінеді дейді ол. Соның арқасында қаладағы жұмыссыздық деңгейін де азайту жоспарда бар. 

«Біздің қаламызда дағдарысқа қарсы түрлі шаралар жүзеге асырылуда, олардың бірі – шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік гранттар ұсыну. Егер 2018-2019 жылдары жыл сайынғы бюджет 145 млн теңгені құраса, орта есеппен 80 жоба қаржыландырылса, 2020 жылы пандемия кезінде қаржыландыру сомасы 5 млн теңгеге дейін өсті» деді Қалибек Ақылбеков.

Спикердің айтуынша, өткен жылы жергілікті бюджеттен 705 млн теңге бөлінген. 2021 жылы бұл үрдіс сақталды және бюджет 700 млн теңгені құрады.

«Көктемде бірінші кезеңде 421 жоба қаралып, 513 млн теңгеге 162 жоба қолдау тапты, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша – 106 жоба. Негізінен өнеркәсіп саласындағы жобалар қаржыландырылды, олар шамамен 69 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта гранттарды конкурстық іріктеудің екінші кезеңі жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 1 300 өтінім келіп түсті» деп жалғастырды сөзін Қалибек Ақылбеков.

Ол Алматылық кәсіпкерлер экономикалық өсім қарқынын жеделдетуге ықпал етіп, жұмыс орындарын ашатынын атап өтті.

«2020 жылы қаржыландырылған жобалар мониторингінің нәтижелері бойынша қазіргі уақытта жобалардың шамамен 30 пайызы іске қосылды. Бұл өз кезегінде қала аумағында 105 жұмыс орнының құрылып, қаншама азаматтың екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік берді» деп атап өтті спикер.

Сөзінің соңында Қалбиек Ақылбеков Алматының шағын және орта бизнес қала экономикасының негізін құрайтынын, сондықтан оған Qoldaý кәсіпкерлік орталығында әрдайым көмектесуге дайын екенін атап өтті. 

Мұнда барлық тілек білдірушілер мемлекеттік қолдау құралдары бойынша, оның ішінде «Бизнестің жол картасы» аясында тегін кеңестер ала алады. Ол үшін Байзақов көшесі, 303, 2 қабат «Инвестициялар үйі» мекенжайы бойынша хабарласу қажет. 

Үкіметтің бекіткен жоспары бойынша 2021-2024 жылдар аралығында Алматыда 4,5 трлн теңгеге бағаланған 201 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылып, соның арқасында 35,4 мың жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс. 2021 жылға 187,9 млрд теңгеге 92 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның аясында 7 мың жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс болған. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Telegram және Facebook


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер