Отандық өнеркәсіп қайтсе өркендейді?

Жарияланды
Өңдеу өнеркәсібін 1,5 есе көтеру үшін екі бағытта жұмыс атқарылуда

Экономиканың басты тірегі – өнеркәсіп. Онсыз өсу де, өркендеу де болмақ емес. Осы орайда мемлекеттік орган өкілдері өнеркәсіп саласындағы бірқатар мәселелердің басын ашып, сарап жасады. Соны ықшамдап оқырман назарына ұсынсақ дейміз. 

Елімізде экологиялық талаптарға сәйкес келетін өңдеу өнеркәсібі жобалары Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3% мөлшерлеме бойынша қаржыландыру алатыны туралы бастама бар. Аталған қор былтыр президент тапсырмасымен құрылған еді. Қор активтері 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 737 млрд теңгені, лизинг портфелі 512 млрд теңгені құраған. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашеваның айтуынша, жыл басынан бері қор 81 млрд теңгеден астам сомаға 235 жоба қаржыландырылған. 

«Биыл «КамАЗ» ЖАҚ және «Татнефть» ЖАҚ стратегиялық инвесторларымен бірлесіп экспортқа бағдарланған жобаларды – Қостанай қаласында шойын құю өндірісін; Қостанай қаласында жетекші көпірлердің бас берілістерін өндіруді; Саран моноқаласында шиналар өндірісін ұйымдастыруды 3% мөлшерлеме бойынша қаржыландыру жоспарлануда. 3 жоба бойынша инвестицияның жалпы көлемі 191 млрд теңгені құрайды. Іске асыру кезеңінде 1 700-ден астам жұмыс орны құрылады. Жалпы, соңғы 5 жылда өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы экономикаға 800 млрд теңгеден астам инвестиция тартылғанын атап өткім келеді» дейді Ибрашева. 

Инвестиция арқасында өңдеу өнеркәсібінің 29 кәсіпорны модернизациядан өтіп, өңірлерде 2 014 автобус жаңарып, 979 бірлік трактор мен комбайн, 325 бірлік шұғыл қызмет техникасы, 369 бірлік коммуналдық техника, 1 261 арнайы көлік құралы сатып алынған. Сонымен қатар 1 167 жедел медициналық көмек машинасын сатып алу қаржыландырылған және COVID-19 тестілеу үшін 8 бірлік ұтқыр зертханалық кешен сатып алуға қаржы бөлінген. 

Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы 2-3 жылда шетелден импортталатын отандық құрылыс материалдарын өндіру бойынша жобалар басталады деп хабарлайды. Вице-министр Марат Қарабаев  өндіруші зауыттардағы құрылыс материалдарының бағасы тұрақты дегенді айтады. 

«Жылдың ортасын басымен салыстырсақ, тіпті төмендеу де байқалады. Егер жалпы құрылыс материалдары нарығы туралы айтатын болсақ, Қазақстан ішкі нарықты құрылыс материалдарымен 60%-ға толық қамтамасыз етеді. Қазақстанда өндірілмейтін тауарлар ғана сырттан әкелінеді. Бұл – линолеум, санфаянс, түсқағаз, керамикалық плитка. Осы позициялар бойынша нақты жобаларымыз бар, оларды алдағы 2-3 жылда жауып, сол арқылы отандық өніммен қамтамасыз етеміз» дейді ведомство өкілі.

Министрліктің хабарлауынша, елімізде өңдеу өнеркәсібінің көлемін 1,5 есе ұлғайту көзделіп отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінің көлемін 1,5 есе ұлғайту туралы нақты тапсырма берген еді. Оны орындау мақсатында нақты іс-шаралар да бекітілген: 2020 жылы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 13 трлн теңгені құраса, 2025 жылы 19,5 трл теңгені құрауы қажет. Бұл көрсеткішке қолжеткізу үшін нақты көлем индексі жыл сайын 4-5 пайыз аралығында өсуі керек. 

«Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексінің өсімі өңдеу өнеркәсібінде 5,8 пайызды құрады. Бұл ретте ең үлкен өсім көрсеткен салалар фармацевтика, құрылыс материалдарын өңдеу, машина жасау саласында 10 пайыздан асты. Айта кетерлік жайт, өңдеу өнеркәсібі секторларының ішінде ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі – фармацевтика және машина жасау салалары. Мұнда былтыр өсім 16 пайыз болса, биыл 8 айдың қорытындысы бойынша 24 пайызды құрап отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласында өңдеу өнеркәсібінің көлемі тарихта алғаш рет қара металлургия өңдеу өнеркәсібінен 10 пайыздан асты. Яғни, 1,8 трлн теңгені құрады» деді спикер. 

Вице-министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібін 1,5 есе көтеру үшін екі бағытта жұмыс атқарылуда. Біріншісі – қазіргі өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Бұл салада қазір 17 мыңнан астам кәсіпорын қызмет етеді. Екінші мақсат – жыл сайын жаңа жобаларды іске қосу. Бұл ретте биыл 128 жаңа жоба пайдалануға берілмек. Нәтижесінде ел экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылады. Жалпы, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Жалпы, бес жылдық перспективада 500 аса жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде ел экономикасына 12 трлн теңгеден астам инвестиция құйылып, 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ, елге импортталатын 50 астам тауар көлемін 3 млрд долларға дейін төмендету көзделген, ал экспортқа бағытталған 200 жуық жоба құны 6 млрд теңгеден асатын тауар беретін болады. 

«Петропавл қаласында трансформатор өңдейтін еліміздегі 4-ші зауыт іске қосылды. Олардың жалпы қуаттылығы 32 мыңнан 44 мыңға жетіп отыр. Жалпы, шекаралас қалаларда орналасқан зауыттар экспортқа арналған кәсіпорындар. Яғни, олар өндірген өнімінің 40 пайызы экспортқа шығарылады. Одан басқа, «Qaz Carbon» зауыты ферроқорытпа шығаратын тағы бір зауыт ашты. Кәсіпорын қуаттылығы 58 мың тоннаны құрайды. Ферросилиций және ферросилиций-марганец өндіреді. Былтыр Қарағанды облысында ферроқорытпа шығаратын жаңа зауыт іске қосылған. Нәтижесінде Қазақстан ферроқорытпа, оның ішінде ферросилиций бойынша әлемде 30-шы орыннан ферросилиций өндіретін 5 ірі елдердің қатарына қосылды» деді вице-министр. 

Сонымен қатар, Шымкент қаласында Орталық Азия елдеріндегі алғашқы алюминий банкасын шығаратын ірі жоба іске қосылмақ. Бұл тамақ өнеркәсібіне арнайы банкалар шығаратын жоба. Құны – 23 млрд теңге. Оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз