Әлеуметтік кәсіпкер атану үшін қайда тіркеліп, қандай талапты орындау қажет?

Жарияланды
Министрлік өкілі түсіндіріп берді

Сөздік қолданысымызға «әлеуметтік кәсіпкер» тіркесі берік орныға бастағандай. Оны берік орнықтыру үшін сөзді іспен дәлелдеген абзал. Қазірде оның жекелеген бағыттары мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарын кәсіпкерлік қызметке тарту және Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры желісі бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы орындалып келеді дейді үкімет өкілдері. 

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің басқарма басшысы Шолпансәуле Момбекованың айтуынша, заңға енгізілген тиісті өзгертулер шеңберінде әлеуметтік жауапкершілік ұғымынан әлеуметтік бизнеске көшу, инклюзивті қоғамды дамытудың тағы бір қадамы болып табылады.  

«2021 жылдың 24 маусымында қабылданған заңға парламент депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Заңда алғаш рет қызметі қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған кәсіпкерлік субъектілеріне анықтама берілген. Заңға сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі мәртебесін алу үшін кәсіпкер келесі шарттардың кем дегенде біреуін орындауы тиіс. Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кәсіпорын қызметкерлерінің жалпы санының кемінде 50% құрайтын жұмыс орындарын құру; халықтың осал топтарына арналған тауарларды өндіруге, оларды өткізуден түсетін табыс кәсіпорынның жалпы табысының кемінде 50% құрауы тиіс; әлеуметтік қызметтерді, сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру және тәрбиелеу, мәдениет және спорт саласында қызметтер көрсету» дейді Момбекова. 

Сонымен қатар, заңда халықтың әлеуметтік осал топтарының салалық тізбесі анықталған. Оған: 
•    Барлық топтағы мүгедектер; 
•    Көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан еңбекке жарамды азаматтар; 
•    Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар; 
•    Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар; 
•    Химиялық тәуелділіктен емделген азаматтар; 
•    Зейнетақы және зейнеткерлік жас алдындағы адамдар және басқалары кіреді. 

«Әрекет» жобасы іске қосылған үш жыл ішінде 120-дан астам коммерциялық емес ұйым (КЕҰ) әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға гранттар алған. 

«Әрекет» жобасы барысында 360-тан астам КЕҰ қатысуға өтінім берді. Грант алушылар жобаларының негізгі бағыттары – халықтың әлеуметтік осал топтарынан адамдарды жұмысқа орналастыру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту және түзету, инклюзивті білім беру, спорт, жастардың бос уақыты, мектепке дейінгі оқыту болып табылады. Бүгінгі таңда әлеуметтік кәсіпкерліктің мемлекеттік деңгейде қолдау тауып жатқаны қуантады. Үкімет бұл саланың ел экономикасының дамуына нақты пайда мен нақты үлес қоса алатынын, сонымен қатар қоғамның әлеуметтік проблемаларын шеше алатынын көріп отыр. Маусым айында «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» заң қабылданды, онда осы саланы қолдау бойынша бірқатар шаралар қарастырылған. Өткен жылдардың тәжірибесі біздің КЕҰ әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға дайын екендігін көрсетті. Тек сапалы мәліметтер базасы мен бастапқы капиталды беру қажет. Осы екі міндетті біздің қор шешеді» дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.  

Отандық КЕҰ-лар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 3 млн теңгеге дейінгі грант ала алады. Кәсіпкерлер «Әрекет» жобасы аясында қарастырылған арнайы білім беру бағдарламасы аясында іріктеуден өтіп, біліктілігін арттыруы керек. Өтінімдерді қабылдау 23 тамыздан басталып 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Жобаға еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытқысы келетін барлық КЕҰ қатыса алады. 

«Жоба үш кезеңмен өтеді. Біріншісі – өтінімдерді жинау, оларды дұрыс толтыру тұрғысынан қарау. Екіншісі – қатысушыларды «Инкубатор» және «Акселератор» бағдарламалары бойынша оқытуды көздейді. «Инкубатор» – бұл бұрын «Әрекет» жобасы аясында грант ұтып алмаған, әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі аспектілерін зерттеп, нығайтқысы келетін, соның ішінде нарықты талдау, бизнес модельдерді құру, PR, жобаларды заңгерлік сүйемелдеу. «Акселератор» – біздің гранттарымызды алған КЕҰ-ға арналған бағдарлама. Олар үшін қаржылық модель құру, өнім дизайны, сатуды жылжыту бойынша оқытуды көздейтін тереңірек бағдарлама жасалды. «Акселератор» көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсартуға, әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша қолданыстағы жобаларға жаңаларын қосуға бағытталған. Оқыту алты апта бойы online форматта өтеді. Қазақстандық және шетелдік сарапшылар білім беріп қана қоймай, өз кейстерімен бөліседі, ментор болады» деп атап өтті спикер. 

Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша финалистер анықталып, олар өздерінің әлеуметтік жобаларын конкурстық комиссияға ұсынады. Жоба жеңімпаздары желтоқсан айында жарияланады.
Әлеуметтік кәсіпкердің бірі – Гүлмира Пармышева. Ол 2019 жылы «Kishkentai инклюзивті шеберханасы» жобасын іске қосып, балалардың тілін дамытуға арналған жиынтықтар шығара бастаған. 

«Бір бөлмелі пәтерден басталған жоба «Әрекет» жобасының «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен қазір Алматы қаласында өзінің өндірістік инклюзивті шеберханасын ашты. Бұл қарапайым анаға серпін берді, өз идеясы бола тұра, оның басқа ата-аналарға баланың тілін шығаруға және дамытуға көмектескісі келді. Әуесқойлық деңгейден кәсіби деңгейге өту мүмкіндігіне ие болды. «Kishkentai» – енді ата-аналар мен мамандарға ерекше балаларды уақытында түзетуге, қалпына келтіруге көмектесетін қазақстандық дамытатын ойыншықтар бренді. Біз өндіретін барлық өнім дәл осы міндетке сай қызмет етеді. Мен алғашқы тренажерларды үйде жасадым, сынап көрдім, ұлыммен дайындалдым. Екі жыл бұрын, біз байқауға қатысуға келген кезде, алғашқы 3 млн теңгені алдық, 17 шаршы метрлік жерде алғашқы шеберхананы аштық, ойыншықтарды қазір ерекше қажеттіліктері бар жастар істеп жатыр» деді спикер. 

Сондай-ақ оқыңыз