Факторинг бизнестің тынысын аша ма?

Жарияланды
Қызмет не тауарды бөліп төлеуге бергенде не ескеру керек?

Бүгінде дүкен клиентінің кеңесшіге барып, «бөліп төлеуге бола ма?» деп сұрап жатқанына куә болсаңыз, таңғалмайсыз. Қайта бөліп төлеу мүмкіндігі жоқ десе, көбірек таңырқайтын болдық. Бүгінде тауар не қызметті бірнеше айға бөліп төлеуді рәсімдеудің жолы жеңілдеп, банк қызметкерінің қатысынсыз да жүзеге асырыла береді. Бар болғаны қолдағы смартфон мен мобайл банкинг болса, жетіп жатыр. Болашақта түсетін түсімді айырбастаудың мұндай тәсілін «факторинг» деп атайды. Яғни клиентке тауарды бөліп төлеуге мүмкіндік беруіңіз. Мұндайда, әрине, клиент ақшасын бірден бермейтіні белгілі. Оның орнына банк, микроқаржы ұйымы не факторинг компаниясы мойнына алады. Яғни шот шығарып берген соң, сатып алушының орнына төлеп береді. Осылайша сатып алушы мен клиент арасындағы елші — фактор пайда болады.    

Факторингтің қандай пайдасы бар?

Бірінші кезекте, тауарды алуға жағдайы жетпей тұрған клиентке тиімді ұсыныс. Яғни құны 120 мың теңге тұратын жиһазды бірден ала алмайтындықтан, ол айына 10 мың теңгеден төлеп тұратын қылып бөліп төлеуді рәсімдейді. Осылайша кәсіп иесінің саудасы жүрсе, клиент қажет затына иелік етеді. Кредиттен басты айырмашылығы — ақша алу үшін кепіл қоюды қажет етпейді. Бұл жерде дебиторлық қарыз, яғни болашақ түсім кепіл орнына жүреді. Тағы бір жағымды тұсы — сауда қызған шақта табысты арттырып, жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік ашылатынында. Егер нарықта сұраныс азайса, артық комиссия төлемес үшін факторинг қызметінің қандай кезде керегін келісе аласыз. Десе де, шегерілген төлеммен жұмыс істеу қашанда тәуекелге барумен бірдей. Өйткені алғашқы жарты жылда жап-жақсы төлеген ол жетінші айға келгенде жағдайы нашарлап, төлемді кешіктіруі мүмкін.    

Кемшіліктері де жоқ емес

Төлемді кейінге шегеру келісімшарттары ғана аясында жұмыс істейтінін кемшілік деуге болады. Себебі төлемді дереу жасау шартымен келісімшартқа отыра алмайсыз. Одан соң факторинг бойынша тек қолма-қолсыз төлем жүреді. Яғни фактормен қолма-қол есеп айырысу мүмкін емес. Әрі тапсыратын құжат та көп. Атап айтқанда, бизнесіңіз бойынша құжаттарды өткізесіз. Кредит аларда тапсыратын жинаққа ұқсас келеді. Одан кейін фактор жұмыс істейтін клиенттерге қатысты құжаттар керек. Оның ішінде сауланама, 6-12 айлық сальдо-айналымдық тізімдеме бар. Содан соң жеткізілімге қатысты шот-фактура, тауар үстемесі, әмбебап табыстау құжаттарын тапсыру міндетті.

Фактор арқылы жұмыс істейтін болсаңыз, сатып алушымен екеуара келісім жасап, шарттарды өзгерте алмайсыз. Яғни бәрі фактор арқылы ғана өтеді егер ереже бұзылғаны байқалса, фактор қаржыландыруды тоқтатады.    

Факторинг қалай жұмыс істейді?

Жалпылама ақпаратқа қанық болсаңыз, енді процедураның қалай жүретіне тоқталсақ. Алдымен сатып алушымен белгіленген төлем шегерімін қарастыратын келісімшарт жасасасыз. Клиент қолма-қолсыз есеп айырысады. Сөйтіп тауарды жеткізіп не қызмет көрсеткен соң, балансыңызда дебиторлық қарыз (болашақта жасалатын төлемнің шоты) пайда болады. Сонымен және шегірім жасау келісімшартымен факторға барасыз. Ол болса, дебиторлық қарызыңызды өзі қаржыландырып, айырбастайды. Одан соң факторинг келісімшарты жасалып, құжат айналымының қалай жүретініне қатысты келісімге келесіздер. Міне, осы сәттен бастап сіздің дебиторлық қарызыңыз факторға өтіп, клиентке сіз шығарып берген шот бойынша қаражат фактордың реквизиттеріне жіберілетін болады. Осылайша фактор өтінішіңіз бойынша қаржыландырады. Көбіне жеткізілім сомасының 80-90 пайызына тең болады. Кейін сатып алған клиент фактордың шотына аударып тұрады.      

Бұл қымбат қызметке жата ма?

Әдетте фактордың комиссиясы бірнеше бөліктен тұрады. Оның ішінде: 
•    Жылдық пайыздық мөлшерлеме түрінде ақшаны пайдаланғаны үшін шегерім жасалған мерзімнің комиссиясы;
•     Сатып алушының қаржылық жағдайын бағалап, онымен жұмыс істеген үшін төленетін комиссия;
•    Құжаттар айналымы үшін алынатын комиссия.

Қандай түрлері бар?

Негізі ең жиі қолданылатын екі түрлі факторинг бар. Яғни регрессті және регрессіз. Мұндағы айырмашылық — клиент төлемеген жағдайда қатерді кім мойнына алатынында. Соңғы уақытта реверсивті факторинг деген танымал болып келе жатыр. Яғни бұл жағдайда сатып алушы факторинг келісімшартының қатысушысы атанып, фактордың алдында бетпе-бет жауап бере алады. Регрессті факторинг деген не? Бұл түрі рәсімделуі оңай әрі арзандау. Регрессті факторинг кезінде дебиторлық қарызыңыз балансыңызда тұра береді. Бірінші төлемді фактор толық емес, тек бір бөлігі түрінде аударады. Егер сатып алушы мерзімінде төлемей қойса, факторингті кредитке айналдырып, алғашқы төлемді қайтарып, ақшаны пайдаланып, құжатпен жұмыс істегендері үшін комиссия төлеуді талап етеді. Регрессіз факторинг сақтандыру полисі іспеттес. Мұндайда фактор дебиторлық қарызыңызды өз балансына алады. Сөйтіп алғашқы төлемді толық беруі мүмкін. Егер төлеп жасалмаса, фактор сатып алушы клиентпен өзі байланысады. Сіз факторға ақшаны қайтармайсыз. Яғни байқағаныңыздай, бұл тәсілде қаржылық тәуекел төмен. Десе де, бағасы сәйкесінше, қымбаттау болады. Ал реверсивті факторинг схемасы бойынша, сатушы, сатып алушы мен фактор арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Мұндай әдісті көбіне ірі сауда желілері қолданады. Жеткізуші бұл жағдайда тауарда жеткізген бойда толық көлемде қаржыландырылады. Дебиторлық қарыз фактор балансында тұрады. Ал сатып алушы қаражатты тікелей факторға төлеуге міндеттеледі. Айтпақшы, реверсивті факторингтің регрессті түрі да болады. Мұндайда фактор жеткізугіден сауда желісі уақытылы төлем жасамаса, алғашқы төлемді қайтаруын сұрауы мүмкін. Жеткізу мен оның клиенті реверсивті факторинг шығынын бөліп төлеуге келісім, оның бәрін келісімшартта көрсетеді.  

Факторинг келісімшартын жасасқан кезде оған қосымша не қосылды, не бар, не жоғын — бәрін анықтап оқып шығыңыз. Егер қаржыландырудан бөлек, фактор атауы қиын не сізге түсініксіз терминдер көрсеткен болса, еш қысылмай шарттарын, талаптарын нақтылаңыз. Сонымен бірге факторинг құнын дәл сіздің тәжірибеңіз бойынша есептеп беруіңіз сұраңыз. Әйтпесе, кейін ойыңыздағыдан басқа сома төлеп жүруіңіз мүмкін. Пайдалы әрі тиімді болса да, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек. Осыны ұмытпаңыз!
 

Сондай-ақ оқыңыз