Жеке кәсіпкерлікті (ИП) қалай онлайн ашуға және тіркеуге болады?

Жарияланды (жаңартылды )
Тіркелудің бірнеше жолы бар

Елімізде соңғы жылдары біраз қызметтер оңтайландырылып, ашу және оны тіркеу тұрғысынан онлайн форматқа көшіріліп жатыр. Бұл өз кезегінде азаматтарға ыңғайлы болары белгілі. Әсіресе, кәсіпкерлер үшін кейбір қызметтердің онлайн форматқа ауысуы жұмыс процесін жеңілдетіп, қағазбастылықтан арылтты. Осы орайда жеке кәсіпкерлікті (ИП) ашу және тіркеудің онлайн нұсқасы туралы айтпақпыз.

Жеке кәсіпкерлікті тіркеу қызметін онлайн форматта қолжетімді ету үшін цифрлық даму министрлігі банктермен тығыз жұмыс жүргізді. Соның аясында цифрлық даму министрлігі, мемлекеттік кірістер комитеті, e-license деректер базасы мен Kaspi.kz клиенттер базасы интеграцияланды.

Жеке кәсіпкерлікті (ЖК) тіркеу үшін жеке тұлға салық органына орналасқан мекен-жайы туралы хабарландыру жолдайды. ЖК ретінде тіркелу ақысыз жүзеге асырылады. Хабарландыруды жіберудің екі жолы бар. Бірі – электронды лицензиялаумен айналысатын e-license порталы арқылы, екіншісі – қағаз құжаттар арқылы халыққа қызмет көрсету орталығында.

ЖК-ның басталғаны туралы Kaspi.kz және Halyk Bank қосымшаларында да өтініш беруге болады. хабарламаны алғаннан кейін салық органдары бір жұмыс күні ішінде жеке тұлғаны жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге қояды. Хабарламаны салық органына жолдау кезінде ЖК жұмыс істейтін салық режимдерінің бірін таңдау қажет. Жұмыстың нәтижесін www.kgd.gov.kz сайтында немесе e-Salyq Azamat қосымшасында тексеруге мүмкіндік бар.

ЖК-ны онлайн тіркер алдында интернетке қолжетімділіктің және өзіңіздің ЭЦҚ кілтіңіздің бар екенін нақтылаңыз. Егер әлі жасамаған болсаңыз, бірінші осы шаруаларды ретке келтіріңіз. ЭЦҚ-ны алуды мына сілтеме арқылы көріп, жүзеге асыруға болады.

Egov арқылы

Содан кейін elicense.kz сайтына кіресіз. Одан соң логин мен құпия сөзді жазасыз. Бұл кезеңде міндетті түрде ЭЦҚ қолданылады.

Elicense.kz порталында тіркелгеннен кейін «Жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама» қызметінің бетіне өтіңіз.

Бұл сілтеме elicense.kz порталының басты бетінің оң жақ блогында танымал қызметтер тізімінде, сондай-ақ eGov.kz порталындағы «Бизнеске → Бизнесті тіркеу және дамыту → Бизнесті тіркеу және жою» бөлімінде орналасқан.

Қызмет бетінде «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу қажет, содан кейін сізге лицензиарды, яғни сіз бекітілетін салық органын таңдау ұсынылады.

Бұдан әрі, салық органын таңдағаннан кейін ашылған терезеде өтініш жолдарын толтыру қажет. Егер сіз ЭЦҚ көмегімен авторлансаңыз, онда олардың көпшілігі автоматты түрде толтырылады.

Бұл беттің соңғы бөлімінде «Мемлекеттік кірістер органынан растауды сұрату» тармағы бар, онда «Жіберу» бастырмасына басып ЖК тіркеу мүмкіндігін мақұлдау туралы хабарламаны күту қажет.

«Бұдан әрі» басқаннан кейін өрістері бар терезе ашылады, онда болашақ кәсіпорыныңыздың деректемелері мен параметрлерін көрсету қажет – мекен-жайы, атауы, қызмет түрі (ЭҚЖЖ), салық салу нысаны және т. б.

Қалыптасқан сұранымға ЭЦҚ-мен қол қойылады, содан кейін 1 жұмыс күні ішінде сіз «Менің хабарлаларым» бөлімінде хабарлама аласыз. Осылайша ЖК электронды түрде тіркеу рәсімі өтеді.

Kaspi арқылы

Сондай-ақ бұл қызметті Kaspi.kz қосымшасы арқылы да іске асыруға болады. Ол үшін мобилді қосымшадағы «Платежи» бөліміндегі «Госуслиги» айдарын таңдап, «Зарегистрировать ИП» батырмасын басу керек. Әрі қарай тиісті бағандарға қажетті деректерді енгізіп, жолдайсыз. ЖК-ның атауы және мекен-жайыңыз автоматты түрде пайда болады, сіз тек қана өзіңізге қызмет көрсететін салық органын таңдап, «продолжить» батырмасын басасыз.

Одан кейін анкета толтырып, ЖК-ны ашу туралы өтінішке өзіңіздің Kaspi ЭЦҚ-ыңызбен (egov.kz ЭЦҚ кілтімен шатастырмаңыз) қол қоясыз.

Тіркеуді растау ары кетсе бір сағат уақытты алады. Растау хабарламасы «Сообщения» бөліміне келіп түседі.

Өтінішті жолдау кезінде ешқандай сканерленген құжаттарды жүктеудің қажеті жоқ. ЖК-ны тіркеу бойынша банк қызметі ақысыз негізде жүзеге асырылады. Пайдаланушы Kaspi-дің электронды қолтаңбасын ЖК-ны тіркеу процесі кезінде алады. Бұл ретте онлайн түрде жеке кәсіпкерлікті тек өз атыңызға ғана тіркеп, аша аласыз. Өзге адамның атынан ашу мүмкіндігі жоқ.

Егер сіздің жеке кәсіпкерлігіңізді тіркеуден бас тартса, онда мәселенің анық-қанығын 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы анықтай аласыз.

Еске салайық, ҚР аумағында Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Армения және Қырғызстан азаматтары да жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс жүргізе алады.

Halyk Bank арқылы

Ол үшін App Store немесе Play Market-тен «Onlinebank для бизнеса» қосымшасын жүктеп, басты беттегі «Стать ИП» қызметін таңдайсыз. Одан соң бос бағанға өз телефон нөміріңізді жазасыз.

Одан кейін өз тұлғаңызды видеоидентификация немесе egov порталы арқылы растау керек.

Келесі қадам – болашақ бизнесіңіз туралы аз-кем ақпараттарды енгізу. Кәсіпкерлікті жүргізетін мекен-жайды да осында жазасыз. Салық органын таңдау кезінде аталған органның сіз кәсіпкерлік жүргізетін аймақта болуын ескеріңіз.

Бұдан кейін экранда «Құттықтаймыз! Сіздің ЖК-ңыз тіркелді!» деген жазу пайда болады.

Сондай-ақ оқыңыз