1 view

Биыл шағын және орта бизнеске қанша қаржы бөлінеді?

750 млрд теңгеге несие төлемі кейінге шегерілді

Фото: Shutterstock

Биыл да шағын және орта бизнесті қолдау шаралары қарқынды жалғасатын сияқты. Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, қолдау бағдарламаларына қатысқысы келетін бизнес иелерінің өтінішін қарастыру мерзімі 21-ден 5 күнге дейін қысқартылған. 1 сәуір мен 1 шілде аралығында несие төлемін кейінге шегеру шарасы атқарылады. Соның арқасында бизнес 200 млрд теңге сақтап қалмақ. Сондай-ақ 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін ШОБ субъектілерінен салық және кедендік қарыздарды талап ету де тоқтатылады. 

«Бұл бизнеске айналым қаражаты үшін 279 миллиард теңгені босатуға көмектеседі. Екінші деңгейлі банктерде жасалған несие төлемін кейінге шегеру шарасының арқасында 750 млрд теңге үнемделді. 2021 жылы 47 мыңнан астам нысанға арналып 2,5 трлн теңге жеңілдетілген несие беріледі. Қазір біз кәсіпкерлердің өз бизнестерін дамытуына мүдделі болып отырмыз. Шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Бизнестің қарқынды дамуына барынша қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды конструктивті жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар пандемия өз түзетулерін енгізді, шектеулерден шағын және орта бизнес зардап шекті» деді үкімет басшысы. 

2021 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 232 млрд теңгеге (несие) 5884 жоба субсидияланған. 87 млрд теңге несиеге 6892 жобаға кепілдік ұсынылған. 

2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» аясында бизнеске микро несие беру бағдарламасы басталды. Ол бойынша айналым қаражаты үшін 5 миллионға дейін және инвестициялық мақсатта 20 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бұл ретте 5 млн теңгеге дейінгі займдардың басым бөлігі 6 пайыздық ставкамен кепілсіз негізде берілмек. 

«Еңбек» бағдарламасы аясында қалалар мен ауылдарда жылдық 6 пайыздық ставкамен бюджеттік микронесиелер ұсынылады. Екінші жарты жылдықта «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша да микронесиелеу шарасы басталады. Бұл микро несиелерге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрған «Бастау-Бизнес» түлектері ие болмақ. Жыл қорытындысы бойынша микронесиелеу 24 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісін қамтиды деп жоспарлануда» деді ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев. 

Оның айтуынша, пандемия және жалғасып жатқан шектеулер жағдайында кәсіпкерлер қызметі үшін шағын және орта бизнесті қолдау ерекше өзектілікке ие болып отыр. 

«2020 жылдың 3 тоқсанында экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 30,5%-ға жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерімен 2020 жылы 32,7 трлн теңгеге өнім шығарылды. Осы жылдың 1 қаңтарында ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың саны 3,4 млн адамды құрады. Экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес кредиттерін қайта қаржыландыру шеңберінде қолдау көрсетілуде. 2020 жылғы 15 наурыз бен 2021 жылғы 15 наурыз аралығында 475 млрд теңге сомасына 9 мыңға жуық жобаны қайта қаржыландыру үшін субсидиялар берілді. Биыл аталған тізбе 145 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне кеңейтілді. Кеңейтілген тізбе бойынша субсидиялар 132 млрд теңге кредиттік порфель сомасына 2 мың жоба бойынша төленеді. Осы жылдың 1 сәуірінде Мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларында несиелерді жеңілдетілген түрде қайта қаржыландыру, мерзімін 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Осы жұмыс аясында 93 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші анықталды. 425,5 млрд теңге несие сомасына 6,7 мыңнан астам жобаны қамту жоспарлануда» деді ұлттық экономика министрі.   

Биылғы жылдың соңына дейін «Бизнеске арналған үкімет» жобасын біріктіру және іске қосу жұмыстары аяқталады. «Даму» қорының қызметі аясында ШОБ мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева ұсынды. 

«Бүгінгі күні «Даму» қоры шағын және орта бизнесті 4 бағыт бойынша қолдайды. Ол – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиеге кепілдік беру, жеңілдікпен несиелеу, Еуропа қайта құру және даму банкі бағдарламалары аясында оқыту.  «Қор – «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Нұрлы жер», «Еңбек» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың операторы. Сондай-ақ қор өз бағдарламалары бойынша да кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді» деді ол. 

Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, қаржылай қолдау шаралары аясында Қор 126,9 мың жобаны қолдаған. Олардың жалпы несие сомасы 7,4 трлн теңгені құрайды.  

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, шағын және орта бизнесті дамыту — экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Пандемия жағдайында өткен жылдан бастап ШОБ-ты қолдаудың теңдессіз шаралары қабылданды. Мәселен, 2020 жылы 1 трлн теңгеден астам сомаға салықтық жеңілдіктерді 700 мыңға жуық бизнес субъектісі пайдаланды. 

«Биыл экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды өзектендіру жолымен бизнесті қолдауға бағытталған нақты шаралардың жаңа пакеті қабылданды» деді Смайылов. 


 

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Telegram және Facebook


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер