1 view

Жеке кәсіпкерлікті онлайн тіркеу туралы нұсқаулық

2021 жылы енгізілген өзгерістер туралы да хабардар етеміз

Фото: Pixabay

Бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеу қиынның қиыны болатын. Өйткені әрі-бері жүрісі көп еді. Дегенмен биылдан бастап бұл шаруа біршама жеңілдей түсті. Баяғыдай салық комитетіне барып, өтініш беріп, тонналап құжат жинап, одан кейін ресми органдардың растауын күтудің енді қажеті шамалы. Себебі 2021 жылдан бастап ҚР билігі тұрғындардың жұмысын жеңілдетті. Яғни ресми органдардарға бар болғаны кәсіпті қолға алып бастағаныңыз жайлы ескертсеңіз жетіп жатыр. Былайша айтқанда, өтініш түрінен хабарлама кейпіне енді десек болады. 

Ескі тәсілді ең сенімді санайтын адамдар бұрынғыдай тиісті органдарға барып, алгоритм бойынша құжат жинай алады. Дегенмен уақыт үнемдеуді қаласаңыз, үйде отырып-ақ, ЖК тіркеу әбден мүмкін. Айтпақшы, кейде сізге жеке кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат берілмеуі де мүмкін екенін ұмытпаңыз. Оның өзіндік себептер болады. Мәселен, сізде ЖК бұған дейін тіркелген болса, заңсыз әрекет болсаңыз немесе сот тарапынан сізге кәсіп жүргізуге тыйым салынған болса және т.б. Оны енді осы жағдай бола қалса, анықтай аласыз. Ал әзірге онлайн-сервистер арқылы тіркеуге тоқталайық. 

Қалай тіркейміз?

Әлбетте, онлайн тіркеу үшін сізге интернет желісі қажет. Сондай-ақ, ЭЦҚ керек болады. Егер сізде қолтаңба болмаса, оны да онлайн ала аласыз. Одан кейін elicense.kz порталына кіріп, тіркеліңіз. Кейін логин және құпиясөз енгізу керек. Сондай-ақ, ЭЦҚ-ны қолдануға да болады. Бұдан соң Қызмет көрсету → Хабарлау тәртібі → Жеке кәсіпкер ретінде қызмет бастағаны жөнінде хабарлау. Осыдан соң мониторда «Қызметке онлайн тапсырыс беру» деген терезе ашылады. Бұдан кейін тиісті лицензиарды таңдау қажет. Бәрін дұрыс істесеңіз, өтініш терезесі көрінеді. Соны толтырасыз. Бәрін толтырып болған соң, растау қалады. Одан соң «Мемлекеттік кірістер органынан растауға сұраныс» бөлімін тауып алыңыз да, «Жіберу» деп басыңыз. Әрмен қарай деп басып, расталуын күтіңіз. Кейін «Жеке кәсіпкер ретінде қызмет бастау туралы хабарлама» терезесі ашылады. Мәліметтерді қатесіз жазыңыз. Бәрін дайын болған соң, тағы бір тексеріңіз. Егер бәрі дұрыс екеніне сенімді болсаңыз, жеке кәсіпкерлік ашқыңыз келетінін ЭЦҚ арқылы растауыңыз керек. Бар болғаны осы. Оп-оңай. Егер кәсіп жүргізуіңізге еш кедергі болмаса, сүйінші жаңалықты көп ұзамай аласыз. Жауабын білу үшін «Хабарламалар» бөлімін қарайсыз. Салық комитетіне барып өтініш берсеңіз де, мына жағдайда да сол күні немесе келесі жұмыс күні бір жауабы беріледі.  

Смартфон арқылы тіркеуге бола ма?

   Иә, биылдан бастап қолыңыздағы телефон арқылы да жеке кәсіпкерлікті тіркеудің жолы ашылды. Бүгінде екі банктің —  Kaspi және Halyk Bank мобайл қолданбаларының көмегімен ашуға болады. Kaspi арқылы ашқыңыз келсе:
•    Мобайл қолданбаны ашып, Мемлекеттік қызметтер бөліміне кіріңіз. Қолданбаның сол жақ бұрыштағы бас мәзірінде немесе «Төлемдер» деген жерден «Мемлекеттік қызметтер, айыппұлдар мен салық» бөлімінен таба аласыз. 
•    Одан кейін «Жеке кәсіпкерлікті тіркеу» деп басыңыз.
•    Мәліметтің бәрі автомат түрде енгізіліп тұрады. Сізге қалғаны салық төлейтін ауданды таңдау ғана. «Жалғастыру» деп басқан соң, мәліметтер тексеріліп, қызмет түрі нақтыланады. Соның ішінен өзіңіздікін тауып алыңыз. 
•    Кейін салық режимі таңдалып, тіркеу жүргізіледі. 

Halyk bank арқылы жеке кәсіпкерлікті тіркеу үшін арнайы мобайл қолданбаны жүктеу керек. Ол бизнеске арналған Onlinebank деп аталады. Жүктеп болған соң, «Жеке кәсіпкер болу» деген сілтемемен өтіңіз. Жүйе сіздің нөміріңізге тексеруге арналған код жолдайды. Соны көрсетілген жерге енгізіңіз. Код расталған соң, жүйе сізге видеоидентификациядан өтуді, болмаса уақытша код арқылы жалғастыруды ұсынады. Көңіліңіз қалаған түрін таңдаңыз. Одан соң экранда әрмен қарайғы қадамдар шығып тұрады. Бұл процеске бас-аяғы 5 минуттай уақыт кетеді. Айтпақшы, қалыпты толтырған кезде жергілікті мемлекеттік кірістер органының кодын көрсету міндетті. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерліктің атауын, мекенжайын, қандай қызмет түрін іске асыратынын, салық режимін көрсетуіңіз керек болады.    

Қызмет ақылы ма?

Тіркелу үшін еш ақы алынбайды. Бірақ 2 АЕК немесе 2021 жылғы көлемі 5 834 теңгелік мемлекеттік баж салығын төлеуіңіз қажет. Оны банкке барып төлей аласыз. Halyk Bank арқылы әрі жеке кәсіпкерлікті тіркеп, әрі банктен есепшот ашуға мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге, есепшотты басқару үшін де Halyk Bank-тің мобайл қолданбасын қолдануға болады. Атап айтқанда, карта алып, жеке кәсібіңіздің қалай өрбіп жатқанын бақылап, салық сомасын есептей аласыз.     

Жеке кәсіпкерлікті не үшін тіркеу міндетті?

Жеке кәсіпкер статусын алу белгілі бір жағдайларда керек болады. Яғни жүргізіп отырған кәсібі аясында қол астында бірнеше қызметкер ұстап, жылдық табысы 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен немесе 510 000 теңгеден асатын болса, тіркеу міндеттеледі. Егер сіз тіркеуден қашатын болсаңыз, анықталған жағдайда сіздің жұмысыңыз заңсыз деп танылады. Сондай-ақ, кәсібіңіз бен өзіңізге кері әсерлері болады. 

ЖШС мен ЖК арасындағы айырмашылық қандай?

Бизнесті бірнеше серіктеспен бірігіп жүргізуді жоспарлап жүрсеңіз, онда сізге ЖК емес, ЖШС ретінде тіркелу керек. Яғни бұл екі түрінің арасында қайсысы жақсы не жаман деп айтудан гөрі, сіздің мақсатыңызға сай келетіні қайсысы деген дұрысырақ. Сонымен бірге алдағы уақытта кәсібіңіздің ауқымын кеңейтіп, бірнеше қаладан филиал ашатын болсаңыз да, сізге Жауапкершілігі шектеулі серіктестік түрі қолайлы болады. Ал егер тек бір жерде орналасатын кәсіп болса, жеке кәсіпкерлік жарай береді. Келесі бір айырмашылық — келешекте сатуға қатысты. Атап айтқанда, ЖШС ретінде тіркелген болса, оны кейін оп-оңай сатып жіберуге болады. Ал енді ЖК-ны барлық жиған абыройы мен жүріп кеткен кәсіп болса да, олай сату мүмкін емес. Әлбетте, мүлікті жеке-жеке сатуға болар. Ал бірақ дайын бизнес ретінде сатылымға қоя алмайтыныңызды ескеріңіз. Жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелгендер қарызданған жағдайда, жеке мүлкімен жауап береді. Бұл дегеніміз сот орындаушылары сол қарызды өндіру үшін үй, автокөлік, жеке банктік есепшоттар мен депозиттеріңізді бұғаттай алады. Ал енді ЖШС болса, ұйымның мүлкі немесе өзінің қатысу үлесі түріндегі мүлкін тәуекелге тігеді. Үлес мүлкіне деген, айталық, жарғылық капитал немесе ұйымның техникасы дегендей. 

Кәсіпкерлер көбіне салықтың жеңілдетілген декларация режимінде жұмыс істегісі келеді. Өйткені бұл жағдайда салық төлемдері аз әрі өзге де жеңілдіктер болады. Дегенмен бұл режимнің шектеулері бар екенін ескеріңіз. Яғни сол шектеулерден асып кетсеңіз, сізді автомат түрде жалпыға арналған салық режиміне ауыстырып тастауы мүмкін. ЖШС төлейтін салық жалпы режимде ЖК-ға қарағанда бірнеше есе жоғары болады.      

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Telegram және Facebook


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер