Пандемия салдарынан 430 мың субъект жұмысын тоқтатқан

Жарияланды
Коронавирус 1 миллион кәсіпкердің бизнесіне зардабын тигізді

Пандемия салдарынан 1 млн кәсіпкер зардап шегіп, 430 мың субъект  қызметін тоқтатқан. Бұл сандарды бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді. 

Кәсіпкерлер палатасының басшысы коронавирус пандемиясы бизнестің барлық саласына әсер еткенін атап өтті. Әсіресе қызмет көрсету саласы (көлік, сауда, әкімшілік қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік және тамақтандыру) айтарлықтай зардап шеккен. Айталық, 9 айда қызмет көрсету саласы 6,1%-ға қысқарған. Соның нәтижесінде, Ұлттық экономика министрлігінің  дерегіне сүйенсек, ЖІӨ 2,8 пайызға төмендеген. Ойын-сауық орындары, фудкорттар, банкет залдары қызметін  толық бастай алмай, ал сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, базарлар, қоғамдық тамақтану нысандары, фитнес-залдар, кинотеатрлар шектеулермен жұмыс істеп жатыр. 

Сонымен қатар Мырзахметов Ұлттық палата съезінің қорытындысы, қабылданған шешімдер туралы айта келіп, сондай-ақ пандемия салдарына қарсы іс-қимыл бойынша ұсынылған дағдарысқа қарсы шаралармен бөлісті. Олардың ішінде салық төлемдерін кейінге шегеру,еңбекақы қорына салық пен төлемдерден  қазан айында дейін босату (29 сала үшін), несие төлемдерін кейінге шегеру, ШОБ-ты жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы, 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем, мемлекеттік және квазимемлекеттік мүлік бойынша жалға алу төлемінен босату бар. 

 «Атамекен» Ұлттық палатасы елде төтенше жағдай режимі және карантин енгізілгеннен бастап, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу жұмысына белсенді қатысты. Бизнес ұсыныстарының көбі ескерілді. Карантин кезеңінде Ұлттық палатаға түрлі арналардан 144 мыңнан астам өтінім келіп түсті, соның ішінде 55,2 мыңы төтенше жағдай жарияланған кезде, 89 мыңы төтенше жағдай аяқталған соң түскен. Бизнес қаржылай қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер, несие төлемдері бойынша шегерім беру мәселелері алаңдатты. Олардың көбі ҚР Үкіметі алдында таныстырылған нақты ұсыныстар болып, дағдарысқа қарсы шаралар негізіне алынды. Осы тұрғыда ведомствоаралық комиссия үлкен жұмысты атқарды. Соның нәтижесінде ШОБ өкілдері қолдаудың нақты құралдарын әрі дағдарысты оңайырақ өткеруге мүмкіндік алды», – деп атап өтті спикер. 

 Пандемия салдарынан 1 млн кәсіпкер зардап шегіп, 430 мың субъект  қызметін тоқтатты.

Осы мәселелердің бәрі Мемлекет басшысы, премьер-министрі, «Атамекен» өкілдері, бизнес-қауымдастықтар және кәсіпкерлік қоғамдастықтардың қатысуымен өткен Ұлттық кәсіпкерлер паласының съезінде талқыланды. Съезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының басымдықтарын ескере отырып жүзеге асырылып жатқан «Атамекен» ҚР ҰКП-ның орта мерзімді кезеңге арналған қызмет бағыттары жария етілді», – деді «Атамекен» басшысы Абылай Мырзахметов.

Атап айтқанда, реттеу жүйесін толық реформа жүргізіп, таза парақтан бастау. ҰКП басқарма басшысының айтуынша, бизнесті реттеудің жаңа нормативтік-құқықтық базасы әзірленеді (талаптар, есептілік, мемлекеттік бақылау, рұқсаттар мен лицензиялар). Аталған жүйе көтерме және бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қаттау, құрылыс, орналастыру және тамақтандыру салаларына басымдық береді. Осылайша шағын және бизнестің 860 субъектісі немесе жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің  86%-ы қамтылады. 

 Кәсіпкерлер палатасы үсынып отырған тағы бір бастама – Салық кодексін жетілдіру. Қолданыстағы Салық кодексі және қосалқы заң актілерін салық пен төлем санын барынша азайту мақсатында  тексеру. Статистика комитетінің деректері бойынша ресми жұмыс істеп жатқандар саны 7,2 млн адам, соның 3-4 миллионының Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен Бірыңғай жинақ зейнетақы қорына тұрақты жарналары жоқ. Ресми жұмыспен қамтылуды ынталандыру мақсатында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен Бірыңғай жинақ зейнетақы қорына аударылатын жарнаны азайту есебінен  Еңбекақы қорына ауыртпалықты 32,5%-дан 20%-ға дейін қысқарту. 

Банктердің де шағын және орта бизнесті несиелендіруге аса құлықсыз екені белгілі. Осы тұрғыдан «Атамекен» палатасы базалық мөлшерлемені біртіншен 4-5 пайызға дейін төмендетуді ұсынып отыр. 

Экономикадағы мемлекет үлесін азайту,  2021 жылдың соңына дейін АӨК-ті дамытуд мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу, жер ресурстарымен қаржыға қол жеткізу,  ауылшаруашылық техникасын лизингке алудың қол жетімді бағдарламаларын әзірлеу, жаппай оқыту және ауылшаруашылық құзыреттілігін арттыру мәселелері де басты назарда болуы тиіс. 

Сондай-ақ оқыңыз