Қазақстан тауар экспорттауда қандай қиындыққа тап болып отыр?

Жарияланды
Руслан Дәленов сенат отырысында шындықты айтты

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сенат отырысында ЕАЭО елдеріне тауар экспорттау кезінде тап болатын қиындықтар жайлы айтты. ЕАЭО елдерімен сауда-экономикалық қатынастар бойынша қайта қарауды қажет ететін түйткілдер бар екені рас деді министр. 

«Біз оларды «сұр тізім» деп атаймыз. Алкогольді ішімдіктер, акцизделетін өнімдер, демпингке қарсы бажды тергеу, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік сатып алуларға қол жетімділік, ақпараттық жүйелер. Кәсіпорындарда мұндай бәсекелестік мәселелері әркез туындап тұрады, олар әрқашан өзекті. Бұл мәселелер Еуразиялық экономикалық комиссия отырысында қаралады. Мәселен, қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі әртүрлі. Ресейдегі ҚҚС экспортты ынталандырмайды, керісінше өзге елдерден тауарлардың келуіне кедергі болады»,– деді министр. 

Министрдің айтуынша, қазір Ресей өз территориясына кірген кез келген тауарға 20 пайыз қосымша құн салығын салып отыр. Қазақстан болса импортталған тауарларды 12 пайыздық қосымша құн салығымен қабылдап алады. 

«Бұл жерде пайыздық мөлшері жоғары елдің басымдығы да артық болмақ. Тағы бір қиындығы – экспорт растамасын алу мен нөлдік мөлшерлемені қабылдау қиынға соғады. Егер кәсіпорын үлкен болмаса, онда Қазақстандағы контрсеріктес тауарды Ресейден алып келгенін растамайынша күтуге тура келеді. Ресейлік экспортер үшін нөлдік мөлшерлемені қолдану әркез жемісті бола бермейді. Сондықтан олар 20 пайыз мөлшерді (ҚҚС) тауарға үнемі қалдырып отыр. Бұл ретте ресейлік кәсіпкерлер де нөлдік мөлшерлемені қабылдау қиын екенін айтады. Сәйкесінше, тауар ҚҚС-пен келеді»,– деді Дәленов. 

Министрдің сөзіне сүйенсек, қазақстандық экспорттаушылар үшін 12 пайыздық ҚҚС артықшылық екен. 

Бұл орайда Қазақстан сенатының ЕАЭО-ға кедендік әкелу бажының жаңа мөлшерін белгілейтін хаттаманы ратификациялағанын да айта кету керек. 

Аталған мәселенің хаттамасы былтыр 1 қазанда Ереванда келісілген. 

«Хаттамада кедендік баж сомаларын бөлудің жаңа стандарттарын бекіту көзделген. Мүше бес мемлекет үшін стандарттар мөлшері анықталды. Қазақстан үшін стандарт 6,955 пайыз деңгейінде бекітілді»,–деді Дәленов. 

Өзге елдердің еншісіне тиген мөлшер мынадай: Армения үшін стандарт – 1,220, Беларусь үшін – 4,860, Қырғыз Республикасы үшін – 1,900, Ресей үшін 86,065 пайыз деңгейінде бекітілген. 

Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Карплюктің айтуынша, хаттаманың басты мақсаты – ЕАЭО елдері бюджеті мен импорттық кедендік баж қарсы ағындары арасындағы дисбалансты жою. 

Алайда бес жыл ішіндегі Қазақстанның экспорттық көрсеткіші көңіл көншітеді деп айтуға келмейді. Бес жылда Қазақстан ЕАЭО елдеріне тауар тасымалдау деңгейін біршама азайтып алған. 2020 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Қазақстанның Ресейге тауар экспорттауы 11,5 пайызға қысқарып (2015 жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда), 2,5 млрд долларды құраған. Ал импорт керісінше, 12 пайызға артыпты. Қазақстан Ресейден тауар сатып алу үшін 7,1 млрд доллар жұмсаған. Қаңтар-шілде айларында Қырғызстанға сатылған тауар көлемі 288,6 млн доллар табыс әкелген. Бұл көрсеткіштің 21,2 пайызға азайғанын айғақтайды. Импорт та 4,8 пайызға төмендеп кеткен. Қазақстан қырғыз тауарларын сатып алғаны үшін 129,5 млн долларға шығындалған. Өзге елдермен көрсеткіш мынадай: 

Беларусь

Экспорт – 4,4 пайызға қысқарып, 37,1 млн долларды құраған. 
Импорт – 15,8 пайызға артып, 331,4 млн долларды құраған. 

Армения

Экспорт 7 есеге артып, 4,3 млн долларды құраған. 
Импорт – 19 пайызға көбейіп, 3,4 млн долларды құраған. 

Экономикалық алыс-беріске байланысты ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов былай пікір білдірген: 

«Мемлекеттің сальдосы үш жыл қатарынан теріс көрсеткіш көрсеткенін білеміз, ол – 2013, 2014 және 2015 жылдар. Ол кездерде біздің алғанымыздан бергеніміз көп болды. 735 млрд теңге шығын болып, 638 млрд теңге табыс кірді. Жыл сайын орташа теріс сальдо 20 млрд теңгеден 40 млрд теңгеге дейінгі аралықта болды. 2019 жылы жағдай түзелді. 442 млрд теңге жұмсап, 609 млрд теңге алдық. Жыл сайынғы оң сальдо 60-80 млрд теңге. 2010 жылдан бастап есептейтін болсақ Қазақстан өзге елдердің бюджетіне 2,2 трлн теңге беріп, 2,6 трлн теңге табыс тапқан. Бұл жыл сайын бюджетке 300 млрд теңге көлемінде салық түсімін беріп отырады» дейді Руслан Дәленов.

 

Сондай-ақ оқыңыз