1 view

Қарағандыда мемлекеттің еш көмегінсіз өз кәсібіңді дамытудың жолы қандай?

Мануфактура ER компаниясының негізін қалаған кәсіпкердің әңгімесі

Мануфактура ER өнімдері

«Курсивтің» «Шеврон» компаниясымен бірлесе отырып қолға алған «Қазіргі Қазақстан» арнайы жобасы аясында қарағандылық кәсіпкер «шахтерлар астанасында» өз ісін қалай жолға қойды, бұл қадамға бармас бұрын нені білу керек және мемлекет бизнеске қандай қолдау көрсететіні (спойлер: ешқандай) жайлы айтып береді. 

Қарағанды. Осы қаланың атын естігенде, есіңізге не түседі? Көмір, шахта, өнеркәсіп пе? Әлде Қарлаг па? 

Расында ойға бірден осылар оралғанымен, бұл түсінік бүгінде қатты ескірген. Бұл жақта әлі де көмір өндірсе де, бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындары болса да, қаланы «шахтерлар астанасы» деп атауға келмес. 
 

70950947_2871423826220388_7480406035337838592_o.jpg

Менің аты-жөнім – Александр Ермаков. Мен Қарағанды қаласында туып-өстім, жасым 39-да. Өзім бұл аймаққа аса тарала қоймаған кәсіп түрін дамытып жүрмін, теріден сөмке тігемін. Бұл – аяғынан енді тұрып келе жатқан отбасылық бизнес,  «Мануфактура ER» деп аталады. Ірі компаниялармен де, жеке тапсырыс берушілермен де жұмыс істей береміз. 

Қарағанды – сән мен дизайнның орталығы деп айтуға әсте болмас. Бұл қалада шағын және орта бизнес  көбінесе сауда-саттық, тұрғындарға немесе облыстағы ірі кәсіпорындарға қызмет көрсетумен айналысады. Хобби үшін осындай бір фирмадағы директорлық қызметті тастап кету – мен үшін тәуекелге бел буу еді. Дегенмен бұл қадамға барғанымен еш өкінген емеспін. Менің еш қателеспегеніме уақыттың өзі дәлел: 4 жыл ішінде біз Қазақстан ғана емес, шетелге де танымал компанияға айналдық. 

Бәрі неден басталды?

Әуелі өзім жасап көрдім..

Менің ісім, әдеттегідей, жай әуестіктен басталды. Өз ғұмырымда көптеген материалмен жұмыс істеп, түрлі шаруамен әуестеніп, әркез оны табыс табатын кәсіпке айналдырғым келетін. Көптеген салаға «бас сұғып», түрлі іспен: суретке түсіруден бастап, халықаралық тасымал мен шыныпластик шығаруға дейін айналыстым. Өстіп жүргенде теріден сапалы сөмке жасауға қызығып, осы шаруаны қолға алдым. Желіде жарияланған сурет пен видеоларды мұқият қарап, өнім жасау техникасын, қажетті материал мен тігудің қыр-сырын зерттей бастадым. 

Маған бұл бағытта арнайы білім алуға кештеу, оның үстіне оған уақыт та, қаражат та жоқ-тұғын. Оның үстіне жақсы білім беретін  жер де жоқ. Тек Италияға барып, Marangoni институттарының бірінде  2-4  жыл толық курстан өтіп келмесең. Бұған енді жүріп-тұруың бар, кем дегенде 50 мың еуро кетеді. Карьераңды он сегіздегі жалындап тұрған шағыңда, оған қоса ата-анаңның қалтасы қалың болса, осылай бастауға болады. 

Ал интернеттегі өздігінен үйренгендердің қаптаған курсына қатысу – мен үшін уақыт пен ақшаны желге шашу. Мәселен, Санкт-Петербургтегі сөмке тігетін ательенің 10 күндік курсына 40 мың рубль төлеп қатысып келуге болады. Оған ары-бері жолың мен жатын орныңа кететін шығынды қосыңыз. Бәлкім, біреулерге оның пайдасы бар да шығар, бірақ мен бұндайға шығындануды қажет деп таппадым. 

DSCF3505.JPG

Осы іске қажетті ештеңе табылмайтын қалада кәсіпті «нөлден» бастадым. Не тері жоқ, не фурнитура таппайсың. Аяқ киім фабрикасының қасындағы жалғыз дүкенде аз-маз материал мен құрал-сайман сатылатын еді. Бірақ кәсіпті мықтап қолға алып, жеке бренд қалыптастырып, өнім шығару үшін керек-жарақты шетелден тасуға тура келеді. Мәселен, Алматыда керек шикізат пен фурнитура табылатын шығар, бірақ біз бәрін Мәскеуден сатып аламыз.

Алғашында өнім құрылымы мен материал түрлерін зерттей отырып, бұл істі негізгі жұмысыммен қатар  алып жүрдім. Ақырындап жасаған заттарымды желіге жүктеп, біртіндеп тапсырыс та түсе бастады. Алғашында аз-маз, аса қиын емес дүниелерге тапсырыс түсетін. Алайда істеген еңбегіңнің ақысын қолыңа алған кезде, бұл іс қажет, оны дамыту керек деген сенім пайда болады. Кәсіпті қолға алған кезден-ақ, менде логотип пен сауда маркасының үлгісі бар еді. Ақырындап отбасым да осы іске араласа бастады. Әрқайсысың қолынан бір іс келеді. 

DSCF0739.JPG

Дамудың даңғыл жолына түсуге The Ritz Carlton, St.Regis, Kingston мен Pernod Ricard сынды ірі компаниялармен жасалған  алғашқы келісім-шарттар ықпал етті. Бізге сенім артып, соның арқасында орасан тәжірибе жинақтағанымыз үшін алғысым зор. Бізге көзді жұмып, тәуекелге бел буып, жаңа істі қолға алуға тура келді. Өйткені бірді-екілі дүние жасау – бір бөлек, жүздеген өнім шығару – басқа мәселе. Өндіріске өзге қырынан келуге тура келеді: еңбек бөлісі, қажетті материалдарды жеткізу, өндіріс, өнімді қаптау секілді мәселелер шешілуі тиіс. 

Ең қызығы, осы жылдар бойы бізді Қарағандының өзінде көп ешкім танымайтын, білмейтін. Оған себеп –  мен өз қаламды нарық рентінде қарастырған емеспін, шығарған өнімімізге жарнама жасап, серіктес іздеп көрмеппін. Әу бастан экспортқа бағыт алғанбыз. 

Өнімнің басым бөлігін Қазақстанның өзге қалаларына, Ресейге, кейде Еуропаға жөнелтеміз. Соңғы кезде біз туралы журналистер жазып, жаңалықтар порталына шыға бастағалы, қарағандылық клиенттеріміздің қатары арта бастады. Кейде тіпті өнімді осы жерде, өзіміз жасайтымызды, өзге елден сатып алмайтымызды дәлелдеуге тура келеді. 

Қарағандыда өндіріс орнын құру

Тек дос-жар мен клиентке немесе ауқатты ата-анаңа сенуге тура келеді.

Барлық салада – осы. Сізге ақша, маман, орын керек болады. Бұның бәрін табу – үлкен мәселе. Қаражат қажет, оны беретін ешкім жоқ. Ал «шағын бизнесті несиелеу» деп аталатын дүние – біздің елде орындалмас арман. Ақша берген күннің өзінде, шағын кәсіп үшін үлкен процентпен береді, оған қоса несие сомасын он есе орап алатын кепілзат талап етеді. Мен жай эксперимент үшін, «бинеске көмектесетін бағдарлама» арқылы банктен 1 миллион теңге алғым келген. Маған бар ұсынғандары – пәтерімді кепілге қою немесе пайызы үлкен микроқарыз алу. Бұл тірліктің еш мәні жоқ, оған уақыт та, жүйке де шығындап қажет емес. Сізе тек өз клиеттеріңіз бен достарыңызға немесе ауқатты ата-анаңызға сенуге тура келеді...

Қарағандыда кәсіпорын ашу үшін бәрін шетелден тасуға дайын болыңыз. Жеткізушілер, арадағы делдалдармен туындайтын түрлі мәселелерді шешуге, тіпті аутсорста жұмыс істейтіндерге жұмыстың қыр-сырын үйретуге де дайын болыңыз. Күнделікті қалыпты тірлік шеңберінен шығатын қиындық туындаған кезде не істеу керегін сызып көрсетуге тура келеді. 

DSCF1038_0.JPG

Нақты нәтижеге жету үшін бірнеше жыл өзіңді дәлелдеуге тура келеді. Алғашында ешкім елемейді, сосын мысқылдап күледі, одан кейін жеткен жетістігіңізге ызаланады, содан кейін барып қана серіктестік ұсынады. Бұндай жағдай бүкіл жерде бар секілді. 
Қазіргі жаһандану заманында бәрі қолжетімді, әлемнің кез келген жерінде отырып жұмыс істей беруге болады. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағанды ең нашар жер емес шығар, бәлкім... Тек өзіңе ғана сеніп, өзгеден көмек күтудің, әркімнің сөзіне құлақ асудың қажеті жоқ. Шалыс басып, аузыңды бір емес, бірнеше рет күйдірерің анық, онсыз болмайды. Бұл – менің сегізінші рет қолға алып отырға бастамам. Бұған дейінгі жетеуі, өздеріңіз түсінгендей, білім мен тәжірибе болып жинақталып, өткен күннің қойнауына кеткен... 

Мемлекеттің қолдауы 

Мен тек алға жүре бердім.

Бастан тағы бір қызық жайт өткен еді: бизнесті дамытуға арналған гранқа бағымды сынап көрмек болдым. Егер идея жақсы болса, 3 миллион теңге бөлеміз деп уәде берді. Қойылған талап – инновациялық жаңалық пен жаңа жұмыс орындарын құру. Идеямыз аса жаман емес еді, іске асып, табыс та тауып тұр. Бізге ақша береді деген аңғал сенім болды. Өйткені біз тері өндеу секілді сирек  кездесетін салада өнім өндіреміз, дайын тауарды әліміздің әр аймағына жібереміз, оның үстіне клиенттердің де пікірі жақсы. 

Қажетті құжатарды жинап, әділқазылар алқасының алдында дайын сөмкені көрсетіп тұрып, осы грантты алсақ, қалай «гүлденіп» кететінімізді түсіндіріп, жобамды қорғап шықтым. Бірнеше апта өткен соң «бизнес-идеяда жаңашылдық жоқ» деген желеумен, грант беруден бас тартқан жауап алдым. Әрине, Қарағанды деген сапалы теріден жасалған сөмке шығарудан «көш бастап» тұрған қала  емес пе?! 

Алайда  ондаған грантты көзіңе жас үйірілмей қарай алмайтын жобалар иемденіп жатты. Мәселен, жеңімпаздар\арасында сауна немесе балалар клубын ашу сынды жобалар болды. Қолды бір сілтеп, өз шаруаммен айналыса бердім. 

Дегенмен, бізге жергілікті әкімдік қызығушылық танытып жатқанын айта кеткенім жөн. Билік өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, тіпті қараша айында өтетін немістің атақты көрмесі –Berlin Bazaar-ға қатысу жайы талқыланған еді. Бірақ карантин мен пандемия бұл жоспардың бәрін құртты. Енді келер жылдан үміт көп. 


2019_1104_11193500.jpg

Berlin Bazaar – дизайн мен қолөнер саласында өтетін ең ірі көрме-жәрмеңкенің бірі. Оның өткізіліп келе жатқанына жарты ғасырдан асқан. Көрмеге 60 елден келген 500-ден аса өндіруші қатысады. Көрмеге зергерлік бұйымдар, косметика, денсаулық пен сұлулыққа арналған тауарлар, тоқыма және былғарыдан жасалған бұйымдар, киім, сөмке, интерьер заттары, тамақ өнімдері және т.б. қойылады. Қолөнершілер мен шағын өндіріс орындары өндіретін бұйымдардың бәрі бар. 

Еліміздің атын шетелге танытумен айналысатындардың құлағына алтын сырға, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан бұл жәрмеңкеге бірде-бір рет қатысып көрмепті. Одақ құрамында болған өзге елдердің бәрі дерлік қатысқан. Мүмкін бұл ақпарат қажетті адамдардың көзіне түсіп, осы олқылықтың орнын келер жылы толтырармыз, кім білсін? 

Болашаққа жоспар қандай?

Жоспар көп. ALEX HARTUNG деген жаңа марканы тіркеп жатырмыз. Ол –Еуропа мен өзге де өркениетті елдерге шығарылатын өнім маркасы. Қымбат теріден жасалған сапалы сөмкелердің ондаған түрін жасап қойдық. Марка атауы ойдан шығарылмаған. 
Гартунг – менің шешемнің фамилиясы, тарихы қиын да қызық, революцияны да, эмиграцияны да, Карлагты да бастан өткерген әулеттің тегі...

Әр өнімнің қорабына отбасылық фотоархивтен ХХ ғасырдың басында түскен түскен бір суретті салып отырамыз. Ойымда жүрген жоспарларым өз өмірімнен жетіп артылады. Өміріңнің соңында алдыға қойған масаттарыңның бәрін орындап тастап, одан әрі не істеріңді білмеу  ауыр ғой. Ал бизнесменге, дәл осы «шахтерлар астанасында» өзіне ғана сенуден басқа амалы жоқ. 

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Telegram және Facebook


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер