«Ең дұрысы – өз қаржыңмен даму». Мемлекеттің кәсіпкерлерді қолдау шаралары – қағаз жүзінде ғана

«Даму Строй Group» компаниясының басқарушы директоры Елдар Тукушевпен сұхбат

Фото: жеке мұрағаттан

Елдар басқаратын компания сапасы жоғары инженерлік сантехника мен құралды жеткізумен айналысады. Шағын ғимараттан бастап,  үлкен тұрғын үй кешеніне дейінгі нысандарды инженерлік жабдықтармен қамтамасыз етеді. Кәсіпкер Kursiv.kz тілшісімен шағын және орта бизнестің (ШОБ) жайы, мемлекеттің қолдауы, карантиннің бизнеске әсері жайлы әңгімелесті. 

– Елдар, сіз айналысып жүрген бизнес түрін таныстыра кетсеңіз. Кәсіпкерлік салаға аяқ басқаныңызға қанша уақыт?

– Біз монтаждаушы компаниялар мен құрылыс жүргізетін компанияларға инженерлік сантехника сатумен айналысамыз. Тапсырыс алған нысандағы инженерлік желілердің дұрыс әрі сапалы тартылуын қамтамасыз етеміз. Нарыққа араласқалы бері тек ресми жұмыс істеп, қосымша құн салығын да төлеп келе жатырмыз. Мемлекеттік сектормен бірлесіп жұмыс істемейміз. Осы бизнеспен айналысқаныма 4 жыл болды. 

– Карантин кәсіпке қалай әсер етті?

– Сатылым деңгейі қатты төмендеп кетті. Көктемнің келуімен біздің бизнестің маусымы басталады. Алайда осы көктем карантинмен тұспа-тұс кеп қалды. Жарты жыл бұрын бизнесті дамытудың басқа да нұсқаларын қарастырған едік. Сол алдын ала қимылдап, жоспар құрғанымыз бізге көмектескен сияқты. Жалпы, карантин кезінде сатылым болмады, мердігерлік жұмыстарды жүргізе алмадық. 

– Карантин кезінде және одан соң үкімет шағын және орта бизнесті қолдайтынын айтты. Қазан айына дейін салықтан босатты. Жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен мемлекеттік субсидия беретінін жария етті. Мұндай жеңілдіктерді пайдаландыңыз ба? Жалпы, мемлекеттің ШОБ-ты қолдау шаралары қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

– Бізді салықтан босатқан жоқ, тек оны төлеу уақытын ғана ауыстырды. Біз ЖШС болғандықтан, біз ол салықтарды төледік. Себебі, төлемесек күзде төленуге тиіс үлкен қаражат жиналып қалушы еді. Ал несиені мейлінше алмауға тырысамыз. Екі-үш жыл бұрын «Даму» арқылы несие алғымыз келген. Бірақ елордада 100 пайыздық кепілзат ұсына алмасаң, екінші деңгейлі банктер несие бермейді. Ал бұл қызметтің ережесінде кепілдеменің 80 пайызын мемлекет өзі көтереді деп жазылған. Яғни, 20 пайызын мен өз қаржыммен өтеуім керек. Алайда маған банк бұл схема жұмыс істемейді деп айтты. Бұл әрине мені таңғалдырды. Қағаз жүзінде басқа, іс жүзінде басқа. Әрине, бұл жағдай менің көңіл-күйімді түсірген жоқ. Қалай болғанда да өз қаржыңмен даму – ең дұрыс нұсқа екен. Яғни, мемлекеттен, банктерден көмек алмай, қосымша қаржы қажет болған жағдайда инвесторларды тарту дұрысырақ. Сондықтан тек алға жылжуды ойладым. Әрине, бәрі бірдей мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмей жатыр деп айтпайды. Кейбірінің мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы жақсы дегендей. «Хабарда» айтылатын жаңалық пен шынайы өмір арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Осы жолы B2C саласындағы шағын бизнес өте қатты зардап шекті. 

– «Қазіргі жағдайда неліктен салық төлеп отырғанымды мүлдем түсінбеймін. Одан да осы салыққа кеткен ақшаны қызметкерлерге жалақы етіп төлеген дұрыс еді». Фейсбукте осылай деп жаздыңыз. 

– Бәлкім, бұл бағыт бойынша менің білетінім аз шығар. Дегенмен Қытайда, басқа да Азия елдерінде дәл осы механизм басқаша жұмыс істейді. Ол жақта азаматтар салықты не үшін төлеп жатқанын жақсы біледі. Бізде қосымша құн салығы бойынша салық мөлшері өте көп. Неліктен олай екенін де түсінбеймін. Мемлекеттік қызметкерлерді асырау үшін бе? Дәл осы коронавирус кезінде салыққа кеткен ақшаны қызметкерлерге жалақы етіп төлегеніміз әлдеқайда тиімді болар еді. Солай істесек біз қызметкерлерімізді бір жағынан ынталандырған болар едік, бір жағынан олардың қоғамдағы төлем қабілетін арттырушы едік. 

Шынын айтсам, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өзі кәсіпкерлерді қалай қолдау керек екенін білмейді. Естуімше банктер «Даму» бағдарламасы арқылы да несие беруге құлықты емес. Ал ол несие – банктің емес, мемлекеттің ақшасы ғой. Неліктен қаржы институттарының ол ақшаны бергісі келмей отырғаны мен үшін түсініксіз. Мәселен, Қытайда адамдардың өндіріспен, бизнеспен еркін айналысуы үшін банктер жеңілдетілген ыңғайлы несиелер береді. 

– Үкімет ШОБ-тың экономика үшін қаншалықты маңызды екенін түсініп отырған сияқты. Бірақ қолға алған шаралары тиімсіз сияқты көрінеді. Мұндай кезде не істеу керек?

– Шынын айтсам бұл сұраққа жауап беруге қиналамын. Десе де мынадай қисын айтар едім. Меніңше, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының керегі шамалы. Бұл орайда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» тәжірибесін қолданған дұрыс болатын сияқты. Ол жерде адамдар депозитке ақша жинағаны үшін белгілі бір үстеме пайыздар алып, қаражатын арттырып отырады. Банк операторлары тұрғындарға өздері жазып, қоңырау шалып қызмет көрсетеді, көмек береді. Мәселен, дәл осы компания қызметкерлері маған екі мәрте келді. Ал «Атамекеннен» немесе екінші деңгейлі банктерден бірде бір өкіл бірде бір мәрте келіп, арзан пайыздағы несиелер туралы айтып, қолдау көрсеткен емес. Мысалы, 6 пайыздық несие дегеніңіз әлдеқайда жеңіл әрі тиімді ақша көзі ғой. Егер келіп, осы бағдарлама жайлы таныстырған болса, бәлкім мен алар едім. Айналымдағы қаражатын көбейту және өндірісті іске қосу бойынша ұсынылған жеңілдетілген несиеге кез-келген кәсіпкер қызығады. Және сол ақшаны бей-берекет жұмсамай, үнемдеп, тиісті шаруаны орындауға толығымен жеткізер еді. Бұл орайда мемлекет барлық кәсіпкерлерге бара бермей, нарықта 3 жылдан артық жұмыс істеп келе жатқан, кеңсесі бар, штатта қызметкерлері бар, капиталы бар компанияларға мойын бұруы керек. 

– Пандемияның екінші толқыны болады деп жатыр. Әзірлік қандай?

– Дайындық жоқ. Бірақ антисептик және маска сатып алу бойынша ептеп дайындық бар. Қазір біз үшін басты міндет – қызметкерлердің қашықтан жұмыс істеуін үйлестіру, автоматтандыру болып отыр. Жұмысымыз тоқтамас үшін бізге нысан керек. Үнемі нысан, жоба іздеумен, тапқан соң жобаны қалай жүзеге асыруды талқылаумен және белсенді жұмыс істеумен айналысамыз. 

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif