«Бизнеске қажетті қолдау көрсетіліп жатқан жоқ» – Сенатор

Жарияланды
Үкімет ұсынып отырған жеңілдіктерді кәсіпкерлердің бәрі пайдалана алмайды

Мемлекет пен бизнес қатынасы тұрғысынан Жер Кодексі, Салық көдексіне өзгеріс енгізіп, орта және шағын бизнеске несие беруді жеңілдету шараларын қолға алу қажет. Бүгін парламент  жоғары палатасының  па отырысында премьер-министр Асқар Маминнің атына  депутаттық сауал жолдаған Дәурен Әділбеков осылай деп мәлімдеді. 

Спикер ең бірінші назар аударған мәселе – ШОБ-қа банк беретін несие пайызының жоғарылығы. Несие пайыздық мөлшерлемесінің 6 пайызын мемлекет тарапынан субсидиялау түріндегі көмек Әділбековтың айтуынша, несие алушылардың қатарын көбейте алмайды. Өйткені бұл жеңілдікті тек пандемия кезінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлер ғана пайдалана алады. Сонымен қатар ол ТЖ кезінде несие төлемін кейінге шегеру секілді жеңілдікті ШОБ қатарындағы борышкерлердің тек 12 мыңы қолданғанын айтып өтті. 

«Кәсіпті енді бастап жатқан шақта орта және шағын бизнес мүлдем несие ала амайды, оның үстіне кәсіпкерлерге несие алу тіптен тиімді емес. Өйткені  төлем мерзімін біраз уақыт кейінге шегере тұру мүмкіндігі жоқ. Ал кез келген бизнес аяқтан тұрын кетуі үшін уақыт керек, ал несиені келер айда-ақ төлеу қажет», – дейді сенатор. 

Осы орайда ол Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе отырып, банктердің бизнеске беретін несиесінің қолжетімділігі жөнінде шаралар әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттің қолдау шаралары мен бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік қаржы секторын құру қажет деп пайымдайды.
Салық есептілігін де қысқартып, жеңілдету жайы да айтылды. 

«Бизнес салық есептілігінің 630 түрін тапсырады. Бұндай көп есеп кәсіпкерлерге үлкен салмақ салады. Осыған байланысты үкіметке Салық кодексіне қажетті өзгеріс енгізіп, заңның қосымша актілерінің санын қысқартуды ұсынамыз», – деді сенатор. 

Сенатордың айтуынша жер қатынасын реттейтін заңда да кемшілік бар. Үкімет осы заңды жетілдіріп, өзгеріс енгізуі қажет. 

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, болашақ инвесторлардың жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруына қажетті бос жер учаскелері туралы ақпарат жоқ. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамада бос жер учаскелеріне арналған конкурстардың тәртібін, өлшемі мен міндетті мерзімін реттейтін норма жоқ. Бұдан бөлек, Жер кодексінде жер комиссиясының негізсіз бас тартуына шағымдану бөлігіндегі нормалар да реттелмеген».

Айта кетейік үкіметтің бизнесті қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларының қатарында несие төлемін 1  қазанға дейін кейін шегеру бар еді. Кейбір ШОБ өкілдері несиесі пайыздық мөлшерлемесінің 6 пайызын мемлекет төлеп, бірқатары 30 қазанға дейін еңбекақы төлеу қоры жарна аударудан босатылған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз