Крахмал-сірне зауыты экологиялық сараптамасыз жұмыс істеп келген

Жарияланды
Экология министрлігі Жаркенттегі жағымсыз иіс мәселесі шешіледі деп уәде берді

Панфилов ауданының орталығы – Жаркент қаласының сасық иіске тұншығып тұрғанына бірнеше жыл болған. Қала маңында орналасқан крахмал-сірне зауытынан шыққан қалдық су сіңбей, одан бүкіл аймаққа күлімсі иіс тарап, қолқаны қабатын. Осы мәселені аудан жұршылығы бірнеше рет көтерген болатын. Жағымсыз иіс тек Жаркент қаласына емес, кейінгі жылдары аудан орталығынан алыс жатқан ауылдарға жеткен еді.  

Енді экология министрлігі жағымсыз иіс мәселесін шешеміз деп уәде беріп отыр.  Жергілікті тұрғындар зауыттың тазарту қондырғыларынан ауаға жағымсыз иіс тарайтынына бірнеше рет шағымданған соң, өңірге экология министрлігінің арнайы комиссиясы барыпты. 

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамандар қоқыс жиналатын сүзу алаңдарын аралаған кезде, іркіліп қалған ластаушы заттардың барын анықтаған. 

«Одан кейін жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, зауытты араладық. Бар мәселе – оның жеке қоқыс тазарту құрылғысынсыз жобаланғанында. Қалалық, коммуналдық тазарту нысандарына сенген. Алайда, 2018 жылы қалалық коллектор ластаушы заттардың көптігінен, кәсіпорынға өз қызметін ұсынудан бас тартқан. Коллектор ол көлемге шыдас бермеген. Сондықтан компания коллекторын салғанмен, қалдықты тазартпай, тікелей, сүзу алаңына құбыр арқылы жіберген», –  дейді ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов.

Нәтижесінде жүгері өңдеуден қалған қалдықтың көп бөлігі сүзу алаңында быжып,  күлімсі иіс шыға бастаған. Сөйтіп, күкіртсутек шығарындысы пайда болғандықтан, жергілікті тұрғындар бұдан зардап шегіп отыр. 
Экология министрлігі жүргізген тексеру барысында кәсіпорынның тиісті экологиялық сараптамасыз жұмыс істегені белгілі болды. Сол үшін оған айыппұл салынды.

Сонымен қатар, Экология министрлігі кәсіпорынды жақын арада толықтай тексеріп шығу туралы шешім қабылдап отыр. Шығарынды деңгейінің шамадан асуы расталса, онда шығарынды төгуге тыйым салудан бастап, кәіпорынды жабуға дейін мәселе қойылады.

Бұдан бөлек, министрлік кәсіпорын шығарындысы төгілген сүзу алаңын қалпына келтіруді талап етуде.
Ал компания тазарту құрылыстарының салынып жатқанын айтып, оны тамыз айында іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады. Кәсіпорын әзірге өндірісті өз еркімен тоқтата тұрады.

Өз кезегінде, Экология министрлігі кәсіпорынға жергілікті әкімдікпен бірлесіп, тазарту нысандарының құрылысын жүргізіп, аяқтау, одан әрі міндетті түрде сүзілген шығарындыны ғана тастау, сүзу алаңын қалпына келтіру жөніндегі жол картасын әзірлеу туралы ұсыныс айтты. Қабылданған шаралар туралы кейін толығырақ хабарланады.

Сондай-ақ оқыңыз