Павлодарлық отбасы терезенің түр-түрін шығарады

Жарияланды
Отбасылық кәсіп мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен дамып келеді

Павлодар қаласының тұрғыны Светлана Иванина осыдан он жыл бұрын мәдениет саласында, ал екі ұлы терезе салумен айналысатын фирмада жұмыс істеді. Бір күні ұлдары жеке бизнес бастау туралы ой білдіріп, терезелерді сату және сатып алумен айналысатын «Техпласт» жеке кәсіпкерлігін құрды. 

Бірнеше жылдан соң бизнес дамып, енді бұл отбасы терезелерді өздері дайындауға ден қойды. Осы мақсатта 2014 жылы «Союз оконных технологии» ЖШС-ін ашты. Бірақ діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін сапалы әрі қымбат құрал-жабдық сатып алу керек болды. Сол тұста алғаш рет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегіне жүгініп, старт-ап жоба ретінде 14 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Бұл сомаға қажетті құралдарды сатып алып, цехқа арналған ғимаратты жалдады. Осылайша, отбасылық кәсіп дамудың келесі кезеңіне көшті. 

Светлана Иванинаның айтуынша, компания өнімдеріне сұраныс күн сайын арта бастады. Бұл кәсіпорын шығарған терезелер бүгінде Павлодар облысынан бөлек, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен қалаларындағы тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен бизнес орталықтарының құрылысы, жөндеуі кезінде қолданылады. 

«Өнім жоғары сұранысқа ие болуы үшін сапалы, әдемі және ыңғайлы болуы тиіс. Сондықтан шикізатқа зор мән береміз. Профильдер Ресейдің Омбы, Түмен қалаларынан, металл Қарағандыдан жеткізіледі. Ал шыны пакеттерін павлодарлық «Стекломир» компаниясынан аламыз», – дейді Светлана Иванина. 

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, көптеген нысанның жұмысы тұралап қалса да. терезе дайындауға тапсырыс айтарлықтай азая қойған жоқ. Себебі компания мемлекеттік тапсырыс аясында белгіленген міндеттемелерді орындап, облыстың емдеу, білім беру мекемелеріне арналған терезелерді шығарды. 

Кәсіпті одан әрі кеңейтіп, жұмысты автоматтандыруға қажетті құралдар, цех пен кеңсеге қажет ғимарат сатып алу, айналым қаражатын толтыру үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында бірнеше рет жеңілдетілген несие алды. 

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы еңбек етуге ниетті кәсіпкерлерге өте тиімді.  Егер мұндай қаржылай қолдау болмаса, отбасылық кәсіпті дамытпақ түгілі бастамас та едік. Ал қазір біз алған несиенің 7-8 пайызын мемлекет, тек қалған 6 пайызын біз төлейміз. Одан артық не керек?! Сондықтан кәсіпкерлерді жоғары пайыздық несиелерден қорықпай, қалаған бизнес түрімен айналысуға шақырамын»,  – дейді кәсіпкер. 
 

Сондай-ақ оқыңыз