Қарағандыда 12 млрд теңгеге көмір байыту фабрикасы салынбақ

ҚДБ «Qaz Carbon» ЖШС-не 9,024 млрд теңге көлемінде несие желісін ашты

Иллюстрация: Қарағанды облысының әкімдігі

«Қазақстанның Даму Банкі» («Бәйтерек «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымы) АҚ «Qaz Carbon» ЖШС-ның көмір байыту фабрикасын салу және модернизациялауға арналған өндірісі үшін 7 жылға 9,024 млрд теңге көлемінде несие желісін ашты.

Жобаның жалпы құны – 12 млрд теңге,  бұл ретте инвесторлардың өз қаражатынан 3 млрд теңге инвестиция салынған, оның ішінде шетелдік инвестиция да бар. ҚДБ қарыз қаражатты  компанияға 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ұсынуда.

Компания акционерлері Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және ҚДБ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов арнайы брифинг барысында құрылыс жоспары туралы айтып берді.

Банк бөлетін қаржы жаңа фабриканың құрылыс-монтаж жұмыстарына, қажетті құрал-жабдық сатып алуға, оларды жеткізу мен монтаждауға бағытталатын болады.

Көмір байыту фабрикасы 2021 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Шығарылатын көмір концентратының негізгі тұтынушысы – Қарағанды ферроқорытпа зауыты «YDD Corporation» ЖШС болады. Сонымен қатар, өнімнің бір бөлігін экспортқа шығару жоспарланған, қалған бөлігі компанияның қажеттіліктері үшін шикізат ретінде пайдаланылады.

Аталмыш жоба – инновациялық  жоба, күлді құрамы 15% болатын шикі көмірді байыту үшін жаңа технологияларды қолдануды көздейді және өз күлін 2-3%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Таңдалған технологияның бірегейлігі байыту аймақтың қоршаған экологиясына кері әсер етпейді, өйткені барлық үдеріс су тазартатын бассейндер үшін үлкен аумақты қажет етпейтін жабық жерде жүреді.

натив2.jpg

Автоматтандыру мен жаңа технологиялардың арқасында бүкіл байыту процесін өндірісті басқару орталығынан оператор жүргізеді.

«Qazaq Carbon» ЖШС акционері Ерлан Нығматулин журналистердің фабрикадағы өндірістік технология мен қуаты жайлы сұрағына жауап бере отырып: «Жаңа өндіріс ошағында «ылғалды байыту» деп аталатын технология көмірді байыту үшін қолданылады. Көмірді байытудың бұл технологиясы шикізаттың жалпы тау жыныстарынан пайдалы қазбаларды алуды барынша арттырады. Бүкіл байыту процесі химиялық заттарды пайдаланбай, жабық циклде жүреді, бұл таза қоршаған ортаға әсер етеді және жобаның экологиялық қауіпсіздігін едәуір арттырады. Өңдеу зауытындағы өндірістік процестерді автоматтандырудың жоғары деңгейі өндіріс технологиясының сақталуы мен дайын өнімнің сапасына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Зауыттың қуаттылығы сағатына 300 тонна немесе жылына 1 800 000 тонна құрайды»,- деп атап өтті.

натив3.jpg

Фабриканың макеті

Болашақ зауыттың көмір концентратын өндіруге қажетті шикізат  Қарағанды облысының көмірі. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама жасалды, сонымен қатар биыл сәуір айынан бастап өңдеу зауытында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба «Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ)» мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен.

натив4.jpg

« Біздің Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибеміз жетерлік. Сондықтан, таяу және алыс шетел нарығының қажеттілігін, сондай-ақ ішкі нарықты зерттей келе, біз жаңа жобаларды іске асыруға кірістік. Біз іс жүзінде Қазақстанда бірегей инвестициялық климат қана емес, сонымен қатар қосылған құны жоғары өнім шығаруға қажетті үлкен шикізат базасы бар екеніне көз жеткіздік», – деп атап өтті «Qazaq Carbon» ЖШС-ның акционері Давид Кемертелидзе.

БАҚ өкілдері сондай-ақ ЖЭК бойынша жобалардың көбеюі аясында Қазақстандағы көмір байыту нарығын даму болашағы туралы сауал қойды.

«Біз инвестор ретінде жаңартылатын энергия көздері жобаларының көбеюіне қарамастан, байытылған көмір саласын дамытудың әлеуеті мен болашағын байқап отырмыз. Көмірді байыту процесі шикізатты органикалық энергия тасығыштар нарығында бәсекеге қабілетті және өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік беретін тауарлық өнімге айналдырады, әсіресе бұл шетелдік тұтынушылардың көмір сапасына қоятын талап үдесінен шығады»,–деп толықтырып өтті Давид Кемертелидзе.

ҚДБ қоржынында тау-кен металлургия өнеркәсібінің үлесі – 31% және оның әлеуметтік-экономикалық әсері үлкен, саланың дамуы жұмыс орындарын құру мен салық аударымдарың артуына ықпал етеді. Осы ретте, Банк тұрақты даму қағидаттарын ұстана отырып, аймақтың тұрақты дамуына жауапты акционерлердің көмір қалдықтарын қайта өңдеуге қажетті бірегей жабдықты пайдалануға ұмтылысын қолдайды, ол өз кезегінде өндірістің экологияға әсерін төмендетуге мүмкіндік беріп, өңірдің экологиялық жағдайына жағымды әсер етеді. Жоба сондай-ақ «қоршаған ортаға әсерді бағалау» (ҚОӘБ) мемлекеттік экологиялық сараптамасынан өткен.



натив5.jpg

«Бұл жобаны іске асыру мемлекет басшысының тікелей тапсырмаларын орындауға ықпал етеді. Бұл дегеніміз  – инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыру. Жобаны іске асыру барысында шамамен 110 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, құрылыс кезеңінде 500-дей адам тартылады. Сондай-ақ, зауыттың өз өнімдерін экспортқа шығара алуы да маңызды, бұл еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуға ықпал етеді», – деді «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма Төрағасы Абай Сарқұлов.

Қаржының екінші бөлігі жұмыс істеп тұрған құйма өндірісін жаңғыртуға жұмсалады. Жоба болат пен шойын бұйымдарын өндірудің қолданыстағы қуаттылығын арттыруға, соның ішінде шығарылатын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған. 2018 жылы жаңа инвесторлардың, оның ішінде шетелдік инвесторлардың келуімен зауытты ауқымды жаңғырту жұмыстары басталғанын атап өту маңызды.

натив6.jpg

Зауыттың негізгі қызметі –  шойын және болаттан жасалған бұйым, кокс және жартылай кокс өндіру. Жалпы, компания 900-ден аса болат және шойын бұйымдарын шығарады. Қолданыстағы зауыттың жылдық жобалық қуаты 120 мың тонна шойын және болаттан жасалған бұйым шығаруға жетеді.

натив7_0.jpg
Болат және шойын шарлар

натив8.jpg
Өндіріс қазандықтарына арналған құйма

Зауытты жаңғыртуға бағытталған екі жылдық  еңбек нәтижесінде инвесторлар 8 миллиард теңгеден аса жеке инвестиция салған. 1216 жұмыс орны құрылды. Компаниядағы орташа жалақы 245 мың теңгені құрайды. 2019 жылы мемлекеттік бюджетке 2,1 млрд теңге салық төлеген. 

«QazCarbon» ЖШС-ның жаңа жобаларын іске асыру аймақ экономикасын әртараптандыруға  айтарлықтай серпін беріп, жаңа буын технологияларын енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырады.

 


 


 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Адамдар онлайн қызмет арқылы не нәрсеге көп тапсырыс беріп жатыр?

Онлайн жеткізу қызметі өкілдері қазіргі ахуал жайлы айтты

Фото: Офелия Жакаева

Коронавирус пандемиясы бүкіл сала атаулыға зор-зобалаңын ала келгені рас. Экономиканың ірі саласынан бастап майда-шүйде құрылымдарға дейін шаруасын шатқаяқтатып алды. Әлі еңсесін тіктей алмай жатқандары қаншама...

    Бірақ таяқтың да екі ұшы бар. Адамдардың жаппай карантинге жабылуы (стационар, үй карантині), халықтық деңгейдегі оқшаулану, азаматтардың еркін қозғалысының шектелуі жұртшылықтың қалаған дүниесіне онлайн тапсырыс беруіне мәжбүр етті. Әрине, онлайн жеткізу қызметі пандемияға дейін де белсенді жұмыс істеп тұрды. Бірақ жоғарыда айтылған ТЖ және карантин режимінің енгізілуі һәм күшеюі бұл саланың бәсін тіпті арттыра түсті деуге болатындай.  

Kursiv.kz тілшісіне сұхбат берген онлайн-дүкен иелерінің айтуынша, биыл халықтың табысы тым тұрақсызданып кетті. Оның үстіне елдің екінші мәрте локдаунға кетуі де азаматтардың төлем қабілетін әлсіретіп тастаған. Сол себепті, тапсырыс та тұрақты емес. Бірақ, бар. 

251.jpg

Ділмұрат Юлдашев

 

«ТЖ режимінен кейін тұрғындар тарапынан сұраныс 40-50 пайызға дейін азайып кетті. Наурыз – мамыр айлары кезінде халық негізінен үйде отырып, онлайн тапсырысты жиі берген болатын. Адамдар мына тауарға көп тапсырыс береді деп басып айту қиын. Біздің гипермаркеттің ассортиментінде 70 мыңнан астам тауар болғандықтан әр сатып алушының қызығатын өзіндік өнімдері бар. Күн сайын орта есеппен 20 тапсырыс қабылдаймыз. Шілде айындағы орташа чек құны 15 мың теңгеден астам. Маусымға қарағанда осы айда сатылым 10-20 пайызға артты»,- дейді «Carefood.kz» Интернет-дүкенінің жетекшісі Ділмұрат Юлдашев.

Оның айтуынша, клиенттер үйден шықпай-ақ онлайн-дүкеннің сөресімен еркін таныса алады. 

«Онлайн жеткізіп беру қызметі қарқынды дамып келе жатыр. Covid-19 пандемиясы біздің азаматтарды онлайн қызметті пайдалануға мәжбүрледі десе де болады. Кез-келген тауар түріне үйде отырып тапсырыс беру өте ыңғайлы – дүкенге барып, 3-4 пакет арқалап жүрмейді. Тек сайтқа кіріп тапсырыс беру жеткілікті, біздің қызметкерлер сізге ыңғайлы кез-келген уақытта апарып береді. Сондай-ақ біздің дүкенде тапсырысты онлайн рәсімдеуге де мүмкіндік бар. Яғни, сіз біздің дүкеннің ассортиментін көргіңіз келсе, онда қызметкерлеріміз ватсаптың бейнеқоңырауы арқылы хабарласып, сіздерге ассортиментті көрсетеді. Сіз ұнаған затыңызға тапсырыс бересіз. Алдағы уақытта онлайн қызметті тұтынушылар саны өсе түседі деп ойлаймын»,- дейді ол. 

Сонымен қатар, Ділмұрат өзі басқаратын интернет-дүкен қызметкерлерінің 42 500 теңге біржолғы әлеуметтік төлемді алмайтынын да айтты. 

«Қызметкерлерімізге жалақы төлеу тұрғысынан ешқандай қиындық жоқ. Қазіргі кезде жұмысшыларымызды ақысыз демалысқа жіберудің еш қисыны жоқ. Себебі, жұмыс қызып тұр. Ал тұрақты жұмыс тоқтамағандықтан біз олардың атынан 42 500 теңгеге өтініш бермейміз»,- деді Ділмұрат Юлдашев. 

    Ал «Домосед» интернет-дүкенінің иесі Игорь Пуликов қазір көпшіліктің қайтадан дүкендерге бара бастағанын, сол себепті онлайн-тапсырыс біршама азайғанын айтады.

Игорь 1.jpg

Игорь Пуликов

«ТЖ режимі аяқтала салысымен мамыр айының орта шенінен бастап тапсырыс көбейіп еді. Қазір қайтадан азайып кетті. Дегенмен салыстырмалы түрде белсенділік сақталып отыр. Енді қазір дүкендер ашылды. Адамдар қалаған жеріне бара алады. Бұрыннан келе жатқан клиенттеріміз және карантин кезінде тапсырыс беріп, қызметімізге көңілі толған клиенттеріміз бізбен бірге жұмыс істеуін жалғастыруда».- дейді ол. 

Игорь азаматтардың жаз мезгілінде не нәрсеге көбірек тапсырыс беретінін де айтты. 

«Орташа айлық табысты есептеу қиын. Бәрі түскен тапсырыс санына байланысты. Біз қазір күніне орта есеппен 20-30 тапсырыс аламыз. Бұл өте тамаша демесек те, тәп-тәуір көрсеткіш. Адамдар негізінен азық-түлікке жиі тапсырыс береді. Соның ішінде жеміс-жидек, азық-түлікке түсетін тапсырыс өте көп. Қазір жаз кезі ғой. Сондықтан жеміс пен көкөністің алға шығуының себебі түсінікті. Күзге таман етке деген сұраныс артады. Халықтың дәл қазіргі сәттегі төлем қабілеті төмендеп кетті. Адамдарда артық ақша жоқ екені бірден байқалады. Мұны тапсырыстың елеулі түрде азайғанынан да байқаймыз. Қазір көбі келесі айдың басында түсетін жалақыны, зейнетақыны күтіп отыр. Сондықтан ай соңында тапсырыс тіпті құлдырайды»,- дейді Игорь Пуликов. 

Интернет-дүкен иесінің айтуынша, қазір компанияда маман жетіспеушілігі проблемасы жоқ. 

«Бізде қазір курьер тапшылығы жоқ. Қала ішінде жаяу да, көлікпен де қозғалуға шектеу жоқ. Ең бастысы карантин талаптарын сақтасаң болғаны. Біздің қызметкерлер тапсырысты еркін жеткізіп беріп жатыр. Бұдан қиын кезде де, наурыз-сәуір айларында да жұмыс істегенбіз. Сондықтан қазіргі жағдайда тұтынушылардың тапсырысын орындау еш қиынға соқпайды. Тапсырыс өте көп болса 10 адамға дейін, ал әдеттегі күндері 5-7 адам жұмыс істейді. Олардың бәрі қажетті техникамен қамтылған. Жалақы төлеу тұрғысынан да қиындық туындап жатқан жоқ. Олардың бәрі ресми жұмыс істейді, тиісті зейнетақы жарналары жүріп жатыр. Сондықтан қызметкерлерім үшін 42 500 теңгеге өтінім бермеймін»,- дейді ол. 

Тек тамақ өнімдерін жеткізумен айналысатын Wolt сервисі өз тұтынушыларынан ақшаны онлайн түрде ғана алады. Онлайн-дүкен саудаласудың қолма-қол түріне шектеу қойған. 

Алибек.jpg

Әлібек Есов

 «Тапсырысты сайт арқылы немесе мобилді қосымша арқылы рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған. Бізде қолма-қол төлем қабылданбайды, клиенттер тек қана Apple Pay/ Google Pay немесе банк картасы арқылы ғана төлем жасайды. Коронавирустің таралуы барлық сервистің өз қызметтері мен мүмкіндіктерін қайта қарастыруына мәжбүрледі. Біз де жағдайға бейімделіп жатырмыз. Клиенттер, серіктес мейрамханалар, курьерлер және қызметкерлеріміз үшін қатер туындамас үшін барынша сақтық шараларын қолға алдық. Сәуір айында тегін жеткізіп беру қызметін іске қостық. ТЖ режимі кезінде қызметкерлеріміз үйден жұмыс істеді. Курьер жинау және жаңа мейрамханаларды серіктес ету ісі де онлайн (бейне-конференция) атқарылды»,- дейді сервис басшысы Әлібек Есов. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg