Адамдар онлайн қызмет арқылы не нәрсеге көп тапсырыс беріп жатыр?

Онлайн жеткізу қызметі өкілдері қазіргі ахуал жайлы айтты

Фото: Офелия Жакаева

Коронавирус пандемиясы бүкіл сала атаулыға зор-зобалаңын ала келгені рас. Экономиканың ірі саласынан бастап майда-шүйде құрылымдарға дейін шаруасын шатқаяқтатып алды. Әлі еңсесін тіктей алмай жатқандары қаншама...

    Бірақ таяқтың да екі ұшы бар. Адамдардың жаппай карантинге жабылуы (стационар, үй карантині), халықтық деңгейдегі оқшаулану, азаматтардың еркін қозғалысының шектелуі жұртшылықтың қалаған дүниесіне онлайн тапсырыс беруіне мәжбүр етті. Әрине, онлайн жеткізу қызметі пандемияға дейін де белсенді жұмыс істеп тұрды. Бірақ жоғарыда айтылған ТЖ және карантин режимінің енгізілуі һәм күшеюі бұл саланың бәсін тіпті арттыра түсті деуге болатындай.  

Kursiv.kz тілшісіне сұхбат берген онлайн-дүкен иелерінің айтуынша, биыл халықтың табысы тым тұрақсызданып кетті. Оның үстіне елдің екінші мәрте локдаунға кетуі де азаматтардың төлем қабілетін әлсіретіп тастаған. Сол себепті, тапсырыс та тұрақты емес. Бірақ, бар. 

251.jpg

Ділмұрат Юлдашев

 

«ТЖ режимінен кейін тұрғындар тарапынан сұраныс 40-50 пайызға дейін азайып кетті. Наурыз – мамыр айлары кезінде халық негізінен үйде отырып, онлайн тапсырысты жиі берген болатын. Адамдар мына тауарға көп тапсырыс береді деп басып айту қиын. Біздің гипермаркеттің ассортиментінде 70 мыңнан астам тауар болғандықтан әр сатып алушының қызығатын өзіндік өнімдері бар. Күн сайын орта есеппен 20 тапсырыс қабылдаймыз. Шілде айындағы орташа чек құны 15 мың теңгеден астам. Маусымға қарағанда осы айда сатылым 10-20 пайызға артты»,- дейді «Carefood.kz» Интернет-дүкенінің жетекшісі Ділмұрат Юлдашев.

Оның айтуынша, клиенттер үйден шықпай-ақ онлайн-дүкеннің сөресімен еркін таныса алады. 

«Онлайн жеткізіп беру қызметі қарқынды дамып келе жатыр. Covid-19 пандемиясы біздің азаматтарды онлайн қызметті пайдалануға мәжбүрледі десе де болады. Кез-келген тауар түріне үйде отырып тапсырыс беру өте ыңғайлы – дүкенге барып, 3-4 пакет арқалап жүрмейді. Тек сайтқа кіріп тапсырыс беру жеткілікті, біздің қызметкерлер сізге ыңғайлы кез-келген уақытта апарып береді. Сондай-ақ біздің дүкенде тапсырысты онлайн рәсімдеуге де мүмкіндік бар. Яғни, сіз біздің дүкеннің ассортиментін көргіңіз келсе, онда қызметкерлеріміз ватсаптың бейнеқоңырауы арқылы хабарласып, сіздерге ассортиментті көрсетеді. Сіз ұнаған затыңызға тапсырыс бересіз. Алдағы уақытта онлайн қызметті тұтынушылар саны өсе түседі деп ойлаймын»,- дейді ол. 

Сонымен қатар, Ділмұрат өзі басқаратын интернет-дүкен қызметкерлерінің 42 500 теңге біржолғы әлеуметтік төлемді алмайтынын да айтты. 

«Қызметкерлерімізге жалақы төлеу тұрғысынан ешқандай қиындық жоқ. Қазіргі кезде жұмысшыларымызды ақысыз демалысқа жіберудің еш қисыны жоқ. Себебі, жұмыс қызып тұр. Ал тұрақты жұмыс тоқтамағандықтан біз олардың атынан 42 500 теңгеге өтініш бермейміз»,- деді Ділмұрат Юлдашев. 

    Ал «Домосед» интернет-дүкенінің иесі Игорь Пуликов қазір көпшіліктің қайтадан дүкендерге бара бастағанын, сол себепті онлайн-тапсырыс біршама азайғанын айтады.

Игорь 1.jpg

Игорь Пуликов

«ТЖ режимі аяқтала салысымен мамыр айының орта шенінен бастап тапсырыс көбейіп еді. Қазір қайтадан азайып кетті. Дегенмен салыстырмалы түрде белсенділік сақталып отыр. Енді қазір дүкендер ашылды. Адамдар қалаған жеріне бара алады. Бұрыннан келе жатқан клиенттеріміз және карантин кезінде тапсырыс беріп, қызметімізге көңілі толған клиенттеріміз бізбен бірге жұмыс істеуін жалғастыруда».- дейді ол. 

Игорь азаматтардың жаз мезгілінде не нәрсеге көбірек тапсырыс беретінін де айтты. 

«Орташа айлық табысты есептеу қиын. Бәрі түскен тапсырыс санына байланысты. Біз қазір күніне орта есеппен 20-30 тапсырыс аламыз. Бұл өте тамаша демесек те, тәп-тәуір көрсеткіш. Адамдар негізінен азық-түлікке жиі тапсырыс береді. Соның ішінде жеміс-жидек, азық-түлікке түсетін тапсырыс өте көп. Қазір жаз кезі ғой. Сондықтан жеміс пен көкөністің алға шығуының себебі түсінікті. Күзге таман етке деген сұраныс артады. Халықтың дәл қазіргі сәттегі төлем қабілеті төмендеп кетті. Адамдарда артық ақша жоқ екені бірден байқалады. Мұны тапсырыстың елеулі түрде азайғанынан да байқаймыз. Қазір көбі келесі айдың басында түсетін жалақыны, зейнетақыны күтіп отыр. Сондықтан ай соңында тапсырыс тіпті құлдырайды»,- дейді Игорь Пуликов. 

Интернет-дүкен иесінің айтуынша, қазір компанияда маман жетіспеушілігі проблемасы жоқ. 

«Бізде қазір курьер тапшылығы жоқ. Қала ішінде жаяу да, көлікпен де қозғалуға шектеу жоқ. Ең бастысы карантин талаптарын сақтасаң болғаны. Біздің қызметкерлер тапсырысты еркін жеткізіп беріп жатыр. Бұдан қиын кезде де, наурыз-сәуір айларында да жұмыс істегенбіз. Сондықтан қазіргі жағдайда тұтынушылардың тапсырысын орындау еш қиынға соқпайды. Тапсырыс өте көп болса 10 адамға дейін, ал әдеттегі күндері 5-7 адам жұмыс істейді. Олардың бәрі қажетті техникамен қамтылған. Жалақы төлеу тұрғысынан да қиындық туындап жатқан жоқ. Олардың бәрі ресми жұмыс істейді, тиісті зейнетақы жарналары жүріп жатыр. Сондықтан қызметкерлерім үшін 42 500 теңгеге өтінім бермеймін»,- дейді ол. 

Тек тамақ өнімдерін жеткізумен айналысатын Wolt сервисі өз тұтынушыларынан ақшаны онлайн түрде ғана алады. Онлайн-дүкен саудаласудың қолма-қол түріне шектеу қойған. 

Алибек.jpg

Әлібек Есов

 «Тапсырысты сайт арқылы немесе мобилді қосымша арқылы рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған. Бізде қолма-қол төлем қабылданбайды, клиенттер тек қана Apple Pay/ Google Pay немесе банк картасы арқылы ғана төлем жасайды. Коронавирустің таралуы барлық сервистің өз қызметтері мен мүмкіндіктерін қайта қарастыруына мәжбүрледі. Біз де жағдайға бейімделіп жатырмыз. Клиенттер, серіктес мейрамханалар, курьерлер және қызметкерлеріміз үшін қатер туындамас үшін барынша сақтық шараларын қолға алдық. Сәуір айында тегін жеткізіп беру қызметін іске қостық. ТЖ режимі кезінде қызметкерлеріміз үйден жұмыс істеді. Курьер жинау және жаңа мейрамханаларды серіктес ету ісі де онлайн (бейне-конференция) атқарылды»,- дейді сервис басшысы Әлібек Есов. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Крахмал-сірне зауыты экологиялық сараптамасыз жұмыс істеп келген

Экология министрлігі Жаркенттегі жағымсыз иіс мәселесі шешіледі деп уәде берді

Фото: atameken.kz

Панфилов ауданының орталығы – Жаркент қаласының сасық иіске тұншығып тұрғанына бірнеше жыл болған. Қала маңында орналасқан крахмал-сірне зауытынан шыққан қалдық су сіңбей, одан бүкіл аймаққа күлімсі иіс тарап, қолқаны қабатын. Осы мәселені аудан жұршылығы бірнеше рет көтерген болатын. Жағымсыз иіс тек Жаркент қаласына емес, кейінгі жылдары аудан орталығынан алыс жатқан ауылдарға жеткен еді.  

Енді экология министрлігі жағымсыз иіс мәселесін шешеміз деп уәде беріп отыр.  Жергілікті тұрғындар зауыттың тазарту қондырғыларынан ауаға жағымсыз иіс тарайтынына бірнеше рет шағымданған соң, өңірге экология министрлігінің арнайы комиссиясы барыпты. 

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамандар қоқыс жиналатын сүзу алаңдарын аралаған кезде, іркіліп қалған ластаушы заттардың барын анықтаған. 

«Одан кейін жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, зауытты араладық. Бар мәселе – оның жеке қоқыс тазарту құрылғысынсыз жобаланғанында. Қалалық, коммуналдық тазарту нысандарына сенген. Алайда, 2018 жылы қалалық коллектор ластаушы заттардың көптігінен, кәсіпорынға өз қызметін ұсынудан бас тартқан. Коллектор ол көлемге шыдас бермеген. Сондықтан компания коллекторын салғанмен, қалдықты тазартпай, тікелей, сүзу алаңына құбыр арқылы жіберген», –  дейді ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов.

Нәтижесінде жүгері өңдеуден қалған қалдықтың көп бөлігі сүзу алаңында быжып,  күлімсі иіс шыға бастаған. Сөйтіп, күкіртсутек шығарындысы пайда болғандықтан, жергілікті тұрғындар бұдан зардап шегіп отыр. 
Экология министрлігі жүргізген тексеру барысында кәсіпорынның тиісті экологиялық сараптамасыз жұмыс істегені белгілі болды. Сол үшін оған айыппұл салынды.

Сонымен қатар, Экология министрлігі кәсіпорынды жақын арада толықтай тексеріп шығу туралы шешім қабылдап отыр. Шығарынды деңгейінің шамадан асуы расталса, онда шығарынды төгуге тыйым салудан бастап, кәіпорынды жабуға дейін мәселе қойылады.

Бұдан бөлек, министрлік кәсіпорын шығарындысы төгілген сүзу алаңын қалпына келтіруді талап етуде.
Ал компания тазарту құрылыстарының салынып жатқанын айтып, оны тамыз айында іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады. Кәсіпорын әзірге өндірісті өз еркімен тоқтата тұрады.

Өз кезегінде, Экология министрлігі кәсіпорынға жергілікті әкімдікпен бірлесіп, тазарту нысандарының құрылысын жүргізіп, аяқтау, одан әрі міндетті түрде сүзілген шығарындыны ғана тастау, сүзу алаңын қалпына келтіру жөніндегі жол картасын әзірлеу туралы ұсыныс айтты. Қабылданған шаралар туралы кейін толығырақ хабарланады.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg