Қонақ үй бизнесін қалай қорғау керек?

St. Regis Astana отелінің басқарушысы Лучано Соццодан бірнеше кеңес

Фото: PIxabay

Қазақстанның қонақ үй бизнесінде 3,6 мың отель мен 40 мың адам қызмет етеді. Олар былтыр 7 миллион тәулік сатқан. Бұл саланың қызметкерлері пандемия салдарына ең көп зардап шеккендердің қатарында. Әзірге Қазақстанның қонақ үй саласына келген шығын саналған жоқ, дегенмен оның көлемі орасан екені анық. Мәселен, Американың отельдер қауымдастығы бір күндік шығын $400 млн-ға жеткенін айтады. Қызметкерлердің 70 пайызы жұмыстан шығарылған, болмаса ақысыз демалысқа жіберілген.
Соңғы онжылдықта әлем көптеген инфекциялық аурумен бетпе-бет келді: оның ішінде САРС (2003), шоқа тұмауы H1N1 (2009), МЕРС (2012), Эбола (2014) бар. Жаңадан шығатын вирустар жиілеп кетті. Әр эпидемия сайын тұтынушы сұранысының қатты құлдырайтынын байқаймыз. 

Саланы осындай соққыларға төзімді етіп, талантты қызметкерлерді қорғау үшін, оларды қолдау мен біліктілігін арттыруға инвестиция салу керек. Бұл ретте әлемдік тәжірибеге сүйене отырып айтсақ, Қазақстанда қонақ үй бизнесін қолдаудың екі нұсқасы тиімді. 

Бірінші нұсқа –  шетел азаматтары үшін туристік жарна енгізу. Мәселен, әр тәулік үшін 1000 теңге көлемінде. Жарна мөлшері қонақ үйдің санаты мен жұлдызына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Бұл жарна отельден шығар кезде төленеді де, салалық министрлік бақылайтын ортақ қорға түседі. 

Айталық, тәулігі 50 мың теңгелік отельде ( Нұр-Сұлтан қаласындағы 5 жұлдызды қонақ үйдегі бір тәуліктің орташа бағасы) тұру үшін турист 50 мың теңге+ 6000 теңге ҚҚС+ 1 мың теңге турист жарнасын = жалпы 57 мың теңге төлейді. Осылайша, қонақ үйде тұру құны 2 пайызға қымбаттайды.

Ал қорға жылына шамамен 7 млрд теңге түседі (7 млн тәулікті 1 мың теңгеге көбейтеміз). Бұл қаражатты төтенше жағдай кезінде қонақ үй саласы қызметкерлерін қолдауға, 3-6 ай аралығында жалақысының жартысын төлеп тұруға жұмсауға болады. Егер бұндай қажеттілік туындамаса,  ақша қызметкерлердің білімі мен біліктілігін арттыруға («Болашақ» бағдарламасының туризм саласындағы баламасы), туристік және мәдени бастамаларды жүзеге асыруға, қаладағы қызмет көрсету саласын дамытуға жұмсалады. 

Германияда бұндай жарна «мәдениет жарнасы» немесе «төсек-орын жарнасы» деп аталады. Оның көлемі қонақ үйде тұру уақыты мен бағасына байланысты. 

Берлин мен Кельнде ол қонақ үй бөлмесі бағасының 5 пайызын құрайды. Ал Италияға қыдырып барған туристер  tassa di soggiorno  (қала жарнасы) төлейді. Венецияда оның көлемі, маусымға байланысты, күніне 3-10 еуро аралығында. Римде – адам басына 3-7 еуро болса, Миланда отельдің рейтингіне байланысты 3-5 еуро төлеуге турал келеді. 

Ипанияда экология салығы енгізілген. Барселонада отельдің түріне байланысты жарна күніне 2,5 еуроны құрайды. 

Қолдаудың екінші нұсқасы,  бұл – service charge (қызметтік жарна). Қонақтардың ас-ауқаты үшін көрсетілетін қызметтің  5-10%-ын  құрайды. 
Бұл қаржы да қонақ үйлер мен қала мейрамханалары салалық министрлігінің қадағалауындағы қорда жинақталуы тиіс. Ақша осы салада жұмыс істейтін әрбір қызметкердің жалақысын арттыру, жылына екі рет (мамыр-желтоқсан) 2 айлық бонус жалақы беру, сондай-ақ, қызметкерлерді оқыту мен сервисті жақсартуға бағытталатын болады.

2018-2019 жылдары кейбір танымал қонақ үйлер service charge енгізді. Соның арқасында қонақ үйлер бір жыл ішінде 48 млн теңге жинай алды. Жыл соңына қонақ үй желісінің қызметкерлері (даяшылар, клининг-ханымы, ресепшен) осы ақшадан орта есеппен 2 айлық жалақы мөлшерінде сыйақы алды.

Бұл мәселені HoReCa саласындағы инвестициялық компаниялармен талқылағаннан соң,  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің қарауына ұсынуды ұсынамын.

banner_wsj.gif

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында «жыр» болған инфрақұрылым мәселесі шешіліп келеді

Кәсіпорындарға көптен күткен желілер жүргізіле бастады

Фото:«Павлодар» АЭА сайтынан алынды

2011 жылы Павлодар қаласында құрылған «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы – инвестиция тартатын басты орталық. Үш мың гектардан аса аумақты алып жатқан кешенде  бүгінде химия, мұнай-химия және металлургия саласындағы 12 кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл жалпы инвестиция көлемі 13 млрд теңгеден асатын тағы 8 жоба іске қосылмақ. Өнімнің 30-дан астам түрін шығарып, оның 16-сын экспорттайтын өндіріс орындары орналасқан аймақ соңғы жылдары әлемдік рейтингтерде үздіктер сапынан көрініп келеді.

Айталық, «fDi Maqazine» іскерлік журналы екі жыл қатарынан «Павлодарды» «Үздік ресурстық-шикізаттық база» ретінде таныды. Сонымен қатар, «Алюминий кластерінің ең тартымды аймағы», «Қарқынды дамып жатқан аймақ» деген аталымдарға ие болды. 

Осындай әлемдік деңгейдегі жоғары бағаға қарамастан, арнайы экономикалық аймақта бәрі жақсы деуге келмейді. Өкінішке қарай, мұнда су, жарық, кәріз жүйесіне қатысты түйткілдердің туындап, шешілмегеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Қажетті желілер толық тартылмағандықтан, кейбір инвесторлардың сырт айналып, бірқатар өндіріс орындарының толық қуаттылыққа шыға алмай отырғаны рас. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 2015-2019 жылдар аралығында жалпы сомасы 7,4 млрд теңге болатын 13 инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіліпті. Бұл дегеніңіз қажеттіліктің 35 пайызы ғана. 

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жуырда ғана бірқатар инженерлік желіні тарту жұмысы басталды. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының бас инженері Абай Кәрімовтің айтуынша, жоспарлы жұмыстар осы жылдың қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс. 

«Бұған дейін бірнеше кәсіпорын қажетті суды құдық қазып немесе тасымалдап пайдаланатын. Жаңа су құбырларының тартылуы бұл мәселені түбегейлі шешеді. Қоспалы алюминий шығаратын «Gissenhaus», сол алюминийден дискілер дайындайтын «Вектор-Павлодар», аталмыш кәсіпорынның жаңадан іске қосылатын бояу цехы мен мазут өндіретін «ПромСервис» кәсіпорындары енді судан тарықпайтын болды. Ауызсу мен техникалық мақсатта пайдаланылатын су құбырлары төрт кәсіпорынның жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, алдағы уақытта ашылатын өндіріс орындарына тиімді болмақ», -дейді Абай Кәрімов.

Сонымен қатар, арнайы аймақ аумағында қосымша электр желілері тартылуда. Бұл биыл іске қосылуы жоспарланған тағы төрт кәсіпорынның жарықты қиындықсыз пайдалануына мүмкіндік бермек. Олардың қатарында коагулянттар шығаратын «АSCOR», микросфера өндіретін «Казценосфера», мұнай өнімдерін дайындайтын «Северхим» және «Вектор-Павлодар» компаниясының бояу цехы бар. Бұл кәсіпорындардың барлығы жаңа желілерден электр қуатын алатын болады. 

Инфрақұрылым мәселесі келесі жылы да оң шешімін таппақ. Арнайы аймақтың шығыс бөлігінде жалпы ұзындығы 1700 метр болатын ауызсу, техникалық су және кәріз құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Мұндай желілердің құрылысын солтүстік бөлікте де бастау жоспарланып отыр. Аталмыш аумақта ұзындығы 1400 метр кәріз жүйесі мен 4600 метрлік техникалық, шаруашылық-тұрмыстық мақсатта пайдаланатын су желілерін салу ойда бар. Бүгінде бұған қатысты тиісті құжаттар жасалуда. 

«Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары желілерді тартумен шектелмейді. Келесі жылы «Каустик» зауытының аумағы арқылы «Северхим», «Evooil Kazakhstan» кәсіпорындарына апаратын, ұзындығы 1200 метр, ені 7 метр болатын автомобиль жолы салынады», - дейді Абай Кәрімов. 

Осылайша, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында көптен бері көтеріліп келе жатқан күрмеулі мәселе оң шешімін тауып, жаңа желілер мен жол салынбақ. Бұл өз кезегінде инвестицияның қазірден де көп тартылуына тың серпін береді деген сенім мол. 
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg