Эпидемия қазақстандық бизнесті қалай өзгертті, бұдан ары не болмақ?

Жарияланды
Жылжымайтын мүлік бөлімінің редакторы
Colliers International Kazakhstan сарапшылары зерттеп көрді

Қазақстанда 2020 жылдың 19 наурызынан карантин енгізілгелі, еліміздің мекемелері үш категорияға бөлінді. Азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен жеткізу қызметі жұмыс істеп тұр. F&B сектор (тамақ пен сусын – тек жеткізу қызметі) мен жұмысын онлайнға ауыстыра алған мекемелердің бірқатары жарты жұмыс күніне көшкен. Сауда ойын-сауық орталықтары (СОО), қызмет көрсету саласындағы мекемелер сынды қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ немесе бұл тәсіл жолға қойылмаған компаниялардың жұмысы мүлдем тоқтады. Дегенмен қандай жұмыс режиміне көшкеніне қарамастан, эпидемия кезеңінде олардың басым көпшілігі қосымша шығынға ұшырап жатыр.

Осы орайда Colliers International Kazakhstan компаниясының сарапшылары бизнестің қазіргі жағдайға қалай бейімделіп жатқанын және болашаққа қандай болжам жасап отырғанын білу үшін түрлі саладағы 14 мекеме арасында сауалнама жүргізіпті.

Карантин  компаниялардың жұмыс кестесін қалай өзгертті?

Сауда орталықтары. Еліміздегі ірі молл мен сауда орталықтарының жұмысы 90-100 пайыз тоқтады. Тек СОО-дағы азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ашық. Әр сауда орталығында кәсібін жүргізіп отырған жүздеген арендатор мен мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Жалға беруден табыс түспесе де, сауда орталықтарының иелері қызметкерлердің жалақысын, салық, банк алдындағы міндеттемелері  мен жобаның өзге де шығындарын өтеуі тиіс.

«Төтенше жағдай мен карантин кезінде біз жүздеген жалға алушыны, ШОБ өкілдерін қолдап, жалдық ақыны төлеуден босаттық. Бұл ретте біздің де қаржылық шығынымыздың көлемі артты, сондықтан ШОБ-ты қолдау бағдарламасы секілді, мемлекеттен  теңгелей 8 пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қолдау күтеміз», – деп түсіндірді Eurasia Red компаниясының даму және инвестиция жөніндегі бас директорының орынбасары, Aport сауда орталықтарының тең иесі Дмитрий Ревин.

Шығынды қысқарту үшін қызметкерлердің бір бөлігі ақысыз демалысқа жіберілсе, бірқатары қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Аймақтардағы СОО да қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберіп, жалақысын 30-50 пайызға қысқартып жатыр. Тек техқызметкерлер мен күзетшілер жұмыста қалған. Ал жаңа сауда орталықтарының құрылысы ТЖ аяқталғанша кейінге шегерілген.

Коммерциялық жылжымайтын мүлік. Жалға беруден түсетін кірістің жоқтығынан бизнес орталықтарының иелері де қатты зардап шегіп жатыр.

«Біз бір апта ғана үзіліс болып, содан кейін бәрі қайта орнына келеді, адамдар да оралады және бұрынғыдан да қарқынды жұмыс істейді деп ойлағанбыз. Жалға алушылардан түсетін ақша азайса да, 2-3 апта шыдар едік. Ал қазір жағдай шынында да қиын, шығынның бәрін қысқартып жатырмыз», – дейді өз атын айтқысы келмеген девелопер.

Ал басқарушы компаниялардың қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Қашықтан жұмыс істеуге көшкенімен, жұмыс көлемі қысқармаған. Басқарушылар бизнес-процесті оңтайландыру мен шығынды қысқартумен айналысып жатыр. 

«Қашықтан жұмыс істеп жатырмыз. Компания жалпы,  бұндай жұмысқа техникалық  тұрғыда дайын болды және көптеген процесс зардап шеккен жоқ. Карантин негізінен сатылымға әсер етеді, себебі клиенттер шартқа қол қою мен төлем жасау үшін келе алмайды. Сонымен қатар, болашақта жүзеге асырылуы тиіс бірқатар жобаларды қайта қарауға тура келді. Бірін кейінге шегерсек, бірқатарына өзгеріс енгіздік», – дейді тағы бір тұрғын және коммерциялық мүлік басқарушысы. 

Әлеуметтік инфрақұрылым. Мемлекеттің қаржыландыруына арқа сүйейтін компаниялардың жағдайы тіптен қиын. Мемлекеттік сектор қысқарып, бағдарламалар  тоқтап тұр. Іске жаңадан қосылған жобалар үшін бұл тоқыраумен тең. 

«Тіпті жоба қолға алынып, қаржы бөлінгені де құтқармай тұр. Қазір құрылыс пен жобалауға ақша шығындағаннан гөрі, бәрін қалай тұр, солай қалдырған дұрыс. Елдің бәрі шығынды қысқартып жатыр, жаңа бюджетті тек жаздың ортасына таман қалыптастырады», – дейді білім саласында «жасыл» құрылысты қолға алған жоба өкілі. 

Азық-түлік ритейлі. Крантиннің алғашқы екі аптасында азық-түлік желілерінің тауар айналымы өте жақсы өсім көрсетті. 

«Өсім шамамен 30-50%-ды көрсетті, тіпті кейбір дүкендердің тауар айналымы 100%-ға дейін артты»,– дейді «Magnum Cash & Carry» ЖШС басқарма төрағасы Азамат Османов.

Жұмыс көлемі артып, оған қоса қозғалысқа шектеу қойылған соң, Магнум қала маңында тұратын 1,5 мың қызметкерін қонақ үймен қамтамасыз етіп, кассирлердің жалақысын 20 пайызға көбейткен.Одан бөлек, сауда желісі басшысының айтуынша,  дүкендер форматы бойынша топтастырылған.

«Егер алдыңғы екі аптада гипермаркет форматындағы дүкендердегі өсім жоғары болса, карантин шаралары қатаңдатылғаннан кейін, үйдің жанындағы «экспресс» және  «супермаркет» форматындағы дүкендердің саудасы жүрді. Ал қаладағы қозғалысты шектеуге байланысты гипермаркеттердегі сауда-саттық та, тауар айналым  да азайды». 

Десе де ісі жүріп тұрған ритейл де коронавирусты салдарына шығынға ұшыраған:

«Карантин кезінде біз қабылдаған шаралар Қазақстандағы Магнум желісі бойынша айына 1 миллион доллар шамасында қосымша шығын алып келді. Бұдан бөлек, ажиотаж сұраныс кезеңінен кейін сатып алу ағынының айтарлықтай төмендеуі – орта есеппен 45%-ды құрады. Сұраныс негізінен ең қажетті,  төмен  маржалы тауарларға сақталып тұр»,– деп атап өтті Османов.

Табысты компанияларға брендтің танымалдығы мен жеткізу қызметі карантин жағдайында жақсы көмектесті. Осылайша, «Магнум» карантин бастала салысымен Wolt, ChocoMart, Instashop сынды  серіктестері арқылы онлайн жеткізуді іске қосты. Маркентингтік стратегияны дер уақытында іске қоса алған өзге бизнес өкілдері де азық-түлікті үйге дейін жеткізу қызметіне сұраныс артқанын айтады.

Бинесті бұдан әрі не күтіп тұр? 

Компания басшыларының ең оптимистік болжамы бойынша, карантин сәуірде аяқталып, мемлекет тарапынан қолдау болған күннің өзінде,  2020 жыл ел экономикасын қайта қалпына келтіруге кетеді. Егер карантин тағы бір айға созылатын болса, тұрақты табыстың жоқтығынан халық қолда бар қорын жеп тауысып, жағдай тіптен нашарлап кетуі мүмкін. 

Одан бөлек, карантин, теңгенің құнсыздануы және мұнайдың арзандауы секілді қосымша факторлар аса үлкен оптимизм сыйламайды. Сондықтан кейбір сарапшылар экономика тек 1-1,5 жылдан кейін ғана қалпына келеді деп тұжырымдайды. 

Ал аймақтардағы СОО өкілдері болашақты жаңа формат – түрлі арендаторлар үшін  бірегей  электронды сауда алаңы  –  жергілікті маркетплейстің пайда болуымен байланыстырады. Коммерциялық жылжымайтын мүлік саласындағы девелоперлер тәуекелі төмен және чегі шағын инвестициялық өнімдерді енгізуге басымдық бермек,  бұл жылжымайтын мүлікті неғұрлым кең аудиторияға тартымды және қолжетімді етеді.

Азық-түлік ретейлі тұтыну уақытша құлдырап, баға өседі деп болжайды:

«Біз қазірдің өзінде серіктестердің, бірінші кезекте, импортерлердің бағаны қымбаттатқанын байқап отырмыз, олар курстың өсуіне байланысты тауарды 15-20%-ға қымбаттатып жіберді, сондай-ақ, импортқа тәуелді отандық өндірушілер де тауар бағасын көтеруге мәжбүр»,– дейді Османов.

Жалпы, салалық сарапшылар дағдарыс бүкіл нарықтағы ойыншылардың санын қысқартады деген пікірде. Бұл сын тезінен жаңа жағдайға бейімделуге икемді, жұмыс барысында болжанбаған міндеттерді шешуге қабілетті  тұрақты компаниялар ғана өтеді.

Материал Colliers International Kazakhstan қолдауымен дайындалған.
 

Сондай-ақ оқыңыз