Шоколадтағы қоспа: кәсіпкер ұлттық өнімді кәмпитке айналдырды

Жарияланды
Павлодарлық Айнұр Темірова шығаратын «Etno Food» өнімдерін облыстың брендіне айналдыру ұсынысы түсіп жатыр

Павлодар қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Айнұр Теміроваға қоспа, талқан мен жентті шоколадқа қаптап, саудаға шығару туралы ойды жолдасы тастапты. Себебі бүгінгі күні балаларға арналған тәттілердің басым бөлігінің сапасы күмән келтіреді әрі денсаулыққа зиян. Осыны ескерген ол күнделікті дастарқаннан табылатын ұлттық өнімдерден алғашқы кәмпиттерді жасады. Ал кейін бұл идея кәсіптің көзіне айналды.

Туристерге таратпақ

Идеяны жүзеге асыру үшін Айнұр Темірова өңірлік кәсіпкерлер палатасына барып, «Бизнес-Мектеп» жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренді. Мұндағы мамандар кондитерлік өнім жасау туралы бизнес-жоспар құруға да көмектесті. Жобасын комиссия алдында сәтті қорғап, «Бизнестің жол картасы –2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2,5 млн теңге грантқа ие болды. Бұл қаржыға цехқа қажет құралдар мен шикізат сатып алды. 

Осылайша, Айнұр Темірова қарапайым ойдан туындаған ісін сәтті жүзеге асыруда. Өзінен бөлек, 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде күніне шамамен 10 қаптама кәмпит дайындайды. Біреуінің бағасы – 1500-2000 теңге шамасында. 

«Тұтынушылардың қалауына қарай бір қорапта қоспадан және талқаннан жасалған кәмпиттер болады. Кейбіреулері тек қоспасы бар шоколодтарды құп көреді. Тапсырыс қабылдаған соң шоколадты ерітіп, қоспа, жентті әлгі шоколадпен қаптап, арнайы қалыпқа құйып, қатырып, дайын болған кезде тапсырыс берушінің мекенжайына апарым беремін. Одан бөлек, облыс орталығындағы екі дүкеннен біздің өнімдерді алуға болады», –дейді Айнұр Темірова.

IMG_9163.JPG
Бұл ретте ұлттық үлгідегі кәмпиттерге деген сұраныс жергілікті туристік фирмалар тарапынан зор екенін атап өту керек. Тіпті, бірқатары өңірге келетін меймандарға ұсыну үшін серіктестік орнатуға бейілді көрінеді. Сол арқылы қоспа мен женттен жасалған тәттілерді облыстың бренді ретінде туристерге таратпақ. Той жасаушылардан да тапсырыс көп түседі.

Шикізат табу оңай емес 

«Etno Food» шоколадтары тек табиғи, экологиялық таза өнімдерден жасалады. Ал мұндай сапалы шикізатты табу әсте оңай емес. Бұған дейін семейлік «Адал ас» компаниясынан жент сатып алып келген Айнұр Темірова енді оны өз қолымен дайындайтын болды. Қоспаны жергілікті шаруалардан сатып алады. Алдағы уақытта шикізатқа тәуелділік болмас үшін шаруа қожалығын ашпақ ойы да бар. 
«Шыны керек, сапасы жоғары, дәмі тіл үйіретін сары май, жент пен қоспаны табу қиын. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалардың бірі арқылы ірі қара алып, шоколад дайындауға қажет сүт өнімдерін өзім дайындасам деймін», – дейді кәсіпкер. 

Сонымен қатар, Айнұр Темірова алдағы уақытта бауырсақтың түр-түрін пісіріп, саудаға шығаруды көздейді. 

 

Сондай-ақ оқыңыз