Архитектура мен бизнестің айқасы. Шаһарды қалай құтқарамыз?

Жарияланды
Тарихи нысандарды сақтап қалудың жолы қандай

Алматы жыл сайын құлпырып келеді. Алайда көркейіп жатқанның көбі – заманауи ғимараттар, ойын-сауық кешені мен жарқ-жұрқ еткен нысандар. Ал ескі заманнан естелік болып тұрған, бойына тарих пен сырды жасырған ерекше ғимараттар ескерусіз қалып жатыр. 

Қазір бизнес иелері қалай айтса, солай болады. Олар тарихи құнды нысанның бір-ақ күнде ойран-топырын шығарып, орнына сәулетті кешен тұрғыза салады. Белгілі археолог, архитектор Баян Тұяқбаеваның айтуынша, ел басшылары бұл жағдайға әлі мойын бұратын емес. 

– Тәуелсіз Қазақстанда тарихи-мәдени нысандарды қорғау туралы заң алғаш рет 1992 жылы ратификацияланды. Сол кезде тізімге 1300-ден астам нысан кірген. Алайда 1996 жылы ақпан айынан бастап заңға түзетулер енгізіп, қазір саны 200-дің о жақ, бұ жағында. Қазір бұл заңды «ежелгі нысандарды сатылымға шығарып беретін» құжатқа айналды деп айтуға негіз бар. Бұл мәселе туралы сенат депутаттарына да шыққанбыз. Алайда нәтиже жоқ, – дейді архитектор. 

Қалалық мәдениет басқармасының ақпараты бойынша шаһардағы 136 құнды тарихи нысандардың 82-сі архитекторлық маңызға ие. Бұл ретте олардың 35 пайызы жеке иелікте болса, қалғаны мемлекет меншігінде. Көбі 90 жылдары жекенің қолына өткен. 

– Заңның солқылдақтығы, бақылаудың әлсіздігі – архитектуралық құнды нысандардың сақталуына көмектеспей, бизнестің өз бетінше шешім қабылдап, тарихи ғимараттарды қалағанынша бұзып тастауына әкеліп отыр. Оларға барлық процедураны өткеріп, заңдылықты сақтап жүргенше тезірек айыппұлды төлеп тастаған жеңілірек. Заң адамдардың мәдени мұраға деген құқығын тиісті деңгейде қорғай алмай отыр. Менің ойымша, біздің елде бизнес әлі архитектуралық мұраның маңызын түсінетін деңгейге жетпеген. Алайда ескі ғимараттардың әлдеқайда мол пайда әкелерін шетел тәжірибесі әлдеқашан дәлелдеп қойған. Біз құнды тарихи нысандарды сақтап, кейінгі ұрпақтың қолына аманаттауымыз керек. Олар өткен күннен сыр ашатын, талай естеліктерді сақтайтын, аса маңызды орындар. Олардың заманауи әлпеттегі нысандарға айналып кетпеуін қатаң сақтау қажет, – дейді Archcode Almaty жобасының негізін салушы Әділ Әжиев. 

Соңғы бес жылда тарихи-мәдени мұраларды лайықты бағаламаудың кесірінен Республикалық саяси ағарту үйі, «Жетісу» қонақүйі, қалалық аэровокзал ғимараты, Республика алаңындағы ғимараттар кешені тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінен шығып қалған. Қазір тіпті ғимараттың тарихи-мәдени мәртебесі де оған көмектесе алмайтын жағдайға жеткен. Тіпті қайта жөндеуден өткізудің өзі қаладағы біраз ғимараттарды табиғи қалпынан ажыратып тастады. Әңгіме бұл орайға ауысқанда мамандар – Республика сарайын, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын, Қуыршақ театры ғимаратын мысалға келтіреді. Аталған нысандардың бұрынғы материалдары біржола алынып, оның орнына әйнек және басқа заманауи материалдар кіріктірілген. 

– Кезінде Ресейден келген архитекторлар – Щусев, Простаков, Гинзбург отандық архитекторлар Бәсенов, Меңдіқұлов, Бәпішевпен бірге еліміздің түкпір-түкпірін аралап, қазақы нақыштағы мәдени мұралармен алаңсыз танысып шыққан. Осылайша, олар классикалық және ұлттық архитектура формасын байланыстырып, тың идеялар, жаңаша стилдегі ғимараттар жобасын ойлап тапты. Олар таңғаларлық, әдемі әрі сапалы болып шықты. Ал біз келіп соларды оп-оңай бұза салмақпыз. Қай заманда да архитектураның ежелгі қалыбы, шаһардың байырғы мәдени стилі сақталған. Біз сол заңдылықтан аттамауымыз керек, – дейді Баян Тұяқбаева. 

Мұндай мысалдар туралы айтқанда тағы бірнеше нысан ауызға ілігеді. Мәселен, бұрынғы Пионерлер сарайының орны бұл күнде тек шенді-шекпенділер ғана аяқ басатын қымбат қонақүйге айналған. Қазір зейнет жасына жеткен қала тұрғындары «кезінде Сейфуллин мен Қазыбек би көшелерінің қиылысындағы сол үйге барып, түрлі сабақтарға, үйірмелерге қатысушы едік» деп еске алады. 

Бір кездері Әміре Қашаубаев атындағы музыкалық мектеп болған ғимарат біржола сүріліп, қазір жедел тамақтану мейрамханасына айналған. Мамандардың дерегінше, аталған ғимарат – Алматыдағы кірпішпен салынған алғашқы нысан көрінеді.

Ал НКВД ғимараты – қазіргі Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы Ұйғыр театрына айналған. Ең бір өкінішпен еске алатын нысан – «Алатау» кинотеатры. Бұл ғимарат шаһардағы тарихи мұралар тізіміне ресми енбегеніне қарамастан көпшіліктің назары жиі ауатын ескі әрі құнды нысан болған. Бірақ бизнес иелері оның да күл-паршасын шығарып, орнына «Макдональдс» тұрғызды. 

– Мен үшін Алматыдағы ең сүйікті ғимарат – Республика сарайы. Алайда тек оның бұрынғы кейпі ғана маған ұнайды. Қайта жөндеуден өткізгенше ол ғимараттың архитектурасы нағыз шедевр еді. 2012 жылы Венадағы Кеңес Одағының архитектурасына арналған көрме-конференцияда дәл осы Республика сарайының суреті қойылды, – дейді ресейлік архитектура сыншысы Николай Малинин. 

Ал ArchCode Almaty жобасын ұйымдастырушылар шаһардың ескі архитектуралық келбетін сақтап қалу өте маңызды деп есептейді. Бірақ дәл қазір бұл жүзеге асуы қиын шаруа. 

– Республика сарайы мен «Жетісу» қонақүйі құнды нысандар тізімінде тұр. Соған қарамастан оларды әбден өзгертіп, заманауи стилге сай өңдеп тастады. Шын мәнінде қазір тек қаңқасы ғана қалған. Дегенмен нысандардың маңызы мен архитектуралық ерекшелігін дәлелдеуге болады. Алғашқы жылы біз соған жұмыс істеп, қоғамға танытуға тырыстық. Адамдар ол ғимараттарды қорғағысы-ақ келеді. Алайда қалай қорғау керек екенін білмейді, заңдық қырынан хабарсыз, жеткілікті дәлелдер келтіре алмайды дегендей. Ондай кезде неліктен бұл ғимаратты сақтап қалу керек дегенге қатысты нақты, сенімді дәлелдер, фактілер қажет. Біз қоғамға соны үйретуге тырысып жатырмыз, – дейді жоба үйлестірушісі Әнел Молдахметова. 

Сарапшылардың айтуынша, ғимарат 50 жылға дейін тарихи маңызға ие болмайды. Себебі, оны кез-келген сәтте сүріп тастауы мүмкін. Ал егер ғимараттың салынғанына 100 жылдан асып кеткенде ғана оған тарихи маңыз беріледі. Қазақстанда архитектураны қорғайтын заң бар. Тек сол заңның орындалуының жеткіліксіз болып жатқанын аңғару қиын емес деп тұжырымдайды мамандар. 
 

Сондай-ақ оқыңыз