Қандай кәсіпкерлер салық пен тексерістен босайды?

Жарияланды
Кәсіпкерлер 3 жыл ішінде 382 млрд теңге үнемдейді

Соңғы 5 жылда шағын және орта бизнес өкілдерінің саны 1,5 есеге артып, 1,3 миллионға жетті деп хабарлады Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, микро және шағын кәсіпкерлік нысандары үш жылға табыс салығын төлеуден босатылады. Оның ішінде, табыс салығы (КТС, ЖТС) оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін салық төлеушілер үшін әлеуметтік салық, шаруа қожалықтары және фермерлер үшін бірыңғай жер салығы бар. Нәтижесінде, кәсіпкерлер 3 жыл ішінде 382 млрд теңге үнемдейді.

«Үнемделген қаржы кәсіпкерлерге айналымдағы қаржысын көбейтіп, қызметін кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді Дәленов. 

Конференцияда таратылған материалда акцизделетін тауар өндірумен және көтерме саудамен, құмар ойындар, лотерея ұйымдастырумен, жанармай, дизель отыны мен мазут сатумен айналысатын кәсіпкерлер салықтан босатылмайтыны жазылған. Сонымен қатар, астық қабылдау, радиоактивті материалдар айналымы, банк, аудитор, сақтандыру қызметі, несие бюросы және бағалы қағаздар нарығында жұмыс істейтін ШОБ өкілдеріне бұндай жеңілдік қарастырылмаған. 

Мораторий күзет қызметі, азаматтық және қызметтік қару мен оқ-дәрі сататындар, жер қойнауын пайдаланушылар мен пайдалы қазбаларды сатумен айналысатын, оның ішінде, кен іздеушілер де бар, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жүрмейді. 
Шағын және орта бизнесті 2020 жылғы 1-қаңтардан салықтан босатумен қатар, тексеріске 3 жылдық мараторий жарияланады. Бұл ретте, халыққа төнген қауіптің алдын алу үшін және кәсіпкердің өз өтінішімен болған тексерістерге шек қойылмайды.  Сондай-ақ «Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Заңда және қылмыстық іс жүргізу Кодексінде қарастырылған, тауардың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігіне мониторинг жасау мақсатында жүргізілетін тексерулерге қатысы жоқ. 

Жалпы, Дәленов келтірген деректерге сүйенсек, Мемлекет басшысының Жолдауында «БЖК-2025» жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020-2022 жылдары 250 млрд теңге бөлу тапсырылған. Аталмыш қаражат жақында қабылданған 3 жылдық республикалық бюджетте қарастырылған. «БЖК-2025» бойынша жалпы сомасы 421 млрд теңге бөлінеді. 

Сонымен қатар, бизнестің зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді төлеуін жеңілдету тетіктері қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, аталмыш жарналардың бәрін «Азаматтарға арналған үкімет»арқылы аударатын бірыңғай төлемге біріктіру ұсынылды. «Азаматтарға арналған Үкімет»  бұл төлемдерді одан әрі бюджет пен қорларға  өзі бөледі. Жеңілдетілген жүйенің нәтижесінде, бизнес, шамамен, 15 млрд теңге үнемдеуі тиіс. 

Сондай-ақ оқыңыз