«Кальмар ойыны»: Білім және ғылым министрлігі шу тудырған кәріс сериалына қатысты түсінік берді

Жарияланды
Оқу жылы түгел дәстүрлі форматта өтпек

Білім және ғылым министрлігінің өкілдері орталық коммуникациялар қызметіне келіп, білім саласындағы шараларға байланысты ақпар берді. Вице-министр Шолпан Каринованың айтуынша, алдағы оқу жылы толықтай дәстүрлі форматта өтпек. 

Оның айтуынша, мектептердің 30%-ында оқу процесі бір ауысымда, 68%-ы – екі ауысымда және оқушылар орындарының тапшылығынан балалар контингенті көп мектептердің 2%-ында оқу процесі үш ауысымда ұйымдастырылған. 

«Қазіргі кезде оқушылардың 86,4%-ы штаттық режимде, 11,6%-ы аралас форматта, ата-аналардың өтініші негізінде 0,6 % бала қашықтан білім алуда. Оқушы орны тапшы үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешу бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін мың мектеп салынады. Биылдың өзінде жоспарға сәйкес 200 жаңа мектеп пайдалануға берілуі тиіс» деді спикер.  

Сонымен қатар ол «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы қолға алынғанын да айтты. 

«Жоба аясында биыл колледждерде 95 мың адам қабылданды. Сондай-ақ, «Жас маман» жобасы бойынша 180 колледжді заманауи жабдықтармен жабдықтау, тиісті бағдарламалар жасау, жаңа бағдарламалармен оқыту бойынша жұмыстар басталды. Жаңа оқу жылында еліміздің колледж студенттері штаттық оқыту форматына көшті. Теориялық, лабораториялық, практикалық сабақтар және кәсіптік практика штаттық режимде өткізіледі. Бұл ретте оқу пәндерінің 20%-ын қашықтан өткізуге рұқсат етілді» деді БҒМ өкілі. 

Қазір елдегі университет саны – 122. Биыл 63 мыңнан астам адам грантқа қабылданған. Академиялық күнтізбеге сәйкес барлық дайындық бағыттары бойынша студенттер аралас форматта оқуды бастады. Атап айтқанда, дәрістер онлайн, семинар, зертханалық және практикалық сабақтар офлайн режимінде өткізіледі. 

«ЖОО жаңа оқу жылында оқу процесін ұйымдастыру бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. ЖОО-да маскалық режим қамтамасыз етіледі, барлық корпустарда санитайзерлер, дезинфекциялық аркалар, тепловизорлар орнатылған. ЖОО, оқу корпустары, кітапхана және жатақханалар аумағында Ashyq қосымшасы қолданылады. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес оқытушылар мен қызметкерлер үшін медициналық қарсы көрсетілімдері барларды қоспағанда, «жасыл» мәртебенің болуы міндетті. Студенттерде ПТР-тестілеудің болуын талап етуге жол берілмейді» деді білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев. 

Ал оқу орындарында мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынбақ. Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, жатақханаларда 58 мыңнан астам студент тұрады, оның ішінде 3 мыңнан астамы шетел азаматтары. 

«Бүгінде оқытушылардың шамамен 92% және студенттердің 70% вакцина алды.  Оларға сыйақы, студенттерге оқуға жеңілдіктер, тегін жолдамалар немесе сауықтыру санаторийлеріне жолдамалар сатып алуға жеңілдіктер беру ынталандыру шараларын қабылданады. Жұқпалы аурулардың белгілері болса студенттер оқуды қашықтан жалғастыра алады. Оқу жылының басынан ауырып қалған студенттер саны – 990, оқытушылар саны – 576» деді спикер.  

Министрлік ЖОО-ларға жаңа оқу жылынан бастап оқытушылар жүктемесін 680 сағатқа дейін төмендетуді ұсынған. Жүктемені есептеу пысықталды және аудиториялардың толықтырылуы мен оларды дезинфекциялауға арналған интервалдарды ескере отырып сабақ кестесі жасалды деп мәлімдеді Қуаныш Ерғалиев. 

Брифингте әйгілі «Кальмар ойыны» сериалының балаларға теріс ықпалы туралы да сауал қойылды. Министрлік өкілдерінің айтуынша, кез келген ақпаратты үйде ата-аналар, мектептерде мұғалімдер бақылауы керек.

«Ата-аналар да, мектептер де тәрбиелік іс-шаралар аясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырата білуге дағдыландыру керек. Бұл мәселеге назар аудару қажет. Әрине, баланың психикасы қалыптасуда, сондықтан кез келген ақпаратты үйде ата-аналар және мектептерде мұғалімдер бақылауы керек. Биылдан бастап барлық білім беру ұйымдарында жаһандық құзыреттілікті таңдау курсы енгізілуде. Курс балалардың сыни ойлауын, эмоционалды интеллектісін дамытуға, ақпаратты ажыратуға, оны таңдауға, ақпаратты дұрыс таңдау жолдарына арналған. Бұл курс осы оқу жылынан бастап енгізіледі, бірақ бұл ретте мектептің тәрбие функциясы шеңберінде осы фильмде қойылған шектеуге назар аудару қажет»- деп атап өтті білім беру ведомствосының өкілі.

Сондай-ақ оқыңыз