«Болашақ» бағдарламасының биылғы шарттары қандай?

Жарияланды
Мамандықтар тізімі кеңейтілді

«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізімі толықтырылды. Бағдарлама бойынша оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының және шетелдік ұйымдардың тізіміне өзгерістер енгізілді. 2020 жылы 138 ЖОО болса, биыл бұл тізім 207 жоғары оқу орнына дейін ұлғайтылған.

«Қазақстандықтар оқуға түсе алатын ұйымдардың тізімі айтарлықтай жаңартылды. Биыл тізімге 3 халықаралық академиялық рейтингке кіретін және QS, Times Higher Education (THE), Academic Rankings of World Universities (ARWU) екі және одан артық халықаралық академиялық рейтингтердің алғашқы 250 позициясындағы 27 елдің 207 жоғары оқу орны енді» деді білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов. 

Оның айтуынша, мамандықтар тізімі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып әзірленген. 

«Болашақ» бағдарламасы бойынша осы жылға арналған басым мамандықтар тізбесі академиялық оқуға арналған 80 мамандықты және тағылымдамадан өтуге арналған 137 мамандықты көздейді. «Вирусология», «Робототехника», креативті экономикаға байланысты мамандықтар, ғылымдар тоғысындағы түрлі мамандықтар пайда болды. Биыл биотехнологтарға, биологтарға, сондай-ақ вакцинология саласындағы мамандарға көп көңіл бөлінуде. Мамандықтардың 7 блогының ішінен «Инновациялар және жаңа технологиялар» бөлімін ерекше атап өткім келеді. Бұл блокта экономикадағы жаңа салаларды құруға және қолданыстағы салалардағы елеулі прогреске ықпал ететін инновациялық мамандықтарды дайындау бойынша барлық бағыттар біріктірілген» деді білім және ғылым вице-министрі. 

Тізім мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдардың өтінімдері негізінде, сондай-ақ елдің еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып дайындалып, оны арнайы комиссиямен қарап, бекіткен. 

2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінген болатын. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша бөлінген, ал 500 стипендия «ғалымдар» тағылымдамаларының жаңа санаты бойынша беріледі. Вице-министр құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процестері автоматтандырылғанын да атап өтті. 

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозованың айтуынша, 4 мамырдан бастап үміткерлер өз құжаттарын талаптарға сәйкес, электрондық үкімет порталы арқылы тапсырады және құжаттарының талаптарға сәйкестігі расталған үміткерлер конкурстық іріктеуге жолдама алады. 

«Бұдан кейін арнайы конкурстық іріктеуге жасақталған жеке кабинетіне кілт алады. Ол жерде әрбір үміткер жеке деректерін көрсетпей, жеке дара идентификациялық кодпен барлық конкурстық іріктеу кезеңдерінен өтеді. Байқаудағы іріктеу кезеңдерінің саны алтыдан үшке дейін қысқартылды. Іріктеу турлары кешенді тестілеу, тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен жеке әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында құжаттарды қарау кезеңдерін қамтиды» деді орталық басшысы.

Бірінші кезеңде кешенді тестілеу толығымен онлайн порталда өтеді. Онда мазмұндық тұрғыдан бұрынғыдай пәндік сұрақтар қойылмайды және вербалдық, сандық және психологиялық тұрақтылығын көрсететін дағдыларын айқындайтын үш бөлімнен тұрады. 

Тестілеу барысы аудио видеофиксацияланады және Анти читинг бағдарламасы орнатылады. Бұл үміткерлердің қандай да бір басқа ақпарат көзінен жауап іздегенін көруге мүмкіндік береді. Осы кезеңнен өткен үміткерлер тәуелсіз сараптама комиссиясының жеке сұхбатына шақырылады. 

«Ол жерде де әрбір үміткер онлайн порталда жеке кабинетінде өзіне ыңғайлы күнді, уақытты таңдайды, сол күні сұхбатқа онлайн тіркеліп келеді, оның онлайн деректері, аты-жөні, оны сұхбаттайтын тәуелсіз сараптама комиссия мүшелеріне көрінбейді. Бұл мүдделер қақтығысының алдын алу үшін жасалады. Сонымен қатар қойылатын сұрақтар қатаң регламенттеледі. Іріктеуден өткен үміткерлер республикалық комиссия отырысының қарауына ұсынылады» деді спикер. 

Бұл ретте ол биыл тәуелсіз сараптама комиссия мүшелерін іріктеуге қойылатын талаптардың да күшейтілгенін атап өтті. Бұған дейін комиссия мүшелерінің құрамы кемінде үш адамнан тұрса, 2020 жылдан бастап комиссия құрамына кемінде бес адам кіреді. Жалпы, автоматтандыру жұмыстары жалғасады. Бағдарламаға құжат қабылдау 4 мамырда басталып, 28 қазанға дейін жалғасады. 

«Негізгі дайындық жұмыстары жүргізіліп, биылғы жылы стипендиялар үш кезеңде – маусым, тамыз және қараша айларында тағайындалады. Бағдарламаның өзіндік ерекшелігі – стипендиялар үш тағайындауға бөлінеді. Барлық оқуға түсушілерді толғандыратын конкурсқа арналған басты құжаттардың бірі бағдарлама бойынша оқуға бағдарл алуға болатын басым мамандықтар тізімі болып табылады. Өткен жылы стипендия тағайындау ережелеріне іріктеу процесіне және тиісінше «Болашақ» конкурсына өтініш беруге қатысты өзгерістер енгізілді. Енді мамандықтар, магистратура және докторантура бойынша оқуға түсушілердің барлығы тізімде көрсетілген шетелдік үздік жоғары оқу орындарына өз бетінше түсуге тиіс. Соның қорытындысы бойынша стипендия тағайындау үшін құжаттар тапсыруға болады» деп атап өтті ведомство өкілі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз