Магистратура мен докторантураға құжат қабылдау мерзімі ұзартылды

Карантин режимінің ұзартылуына байланысты

Фото: ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайты

Елімізде карантин режимінің ұзартылуына байланысты магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу бұрын-соңды мәлімделгендей 3 тамыз күні емес, 17 тамызда басталады. Сондай-ақ докторантураға түсу үшін құжаттарды қабылдау мерзімі 10 тамызға дейін ұзартылды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Оқуға түсушілердің жеке кабинеттеріне (ҰТО сайтында) кешенді тестілеудің өткізілу күні, уақыты және орны көрсетілген жаңа рұқсаттамалар жіберіледі. Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік тестіленушінің жеке кабинеті арқылы электрондық нысанда берілетін болады.

КТ өткізу ережелеріне қандай өзгерістер енгізілді?

2020 жылы магистратураға түсу үшін КТ алғаш рет 18 өңірлік тестілеу орталығының базасында әрбір тестіленуші үшін дербес компьютерді пайдалану арқылы компьютерлік форматта өтеді. Әр компьютер бейнекамерамен қамтамасыз етіледі. Осылайша, КТ жүргізілуін бақылау жөніндегі комиссия академиялық адалдық қағидаларының сақталуын қадағалай алады.

КТ қатысушылары санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес дезинфекцияның барлық кезеңдерінен өтеді, санитарлық қауіпсіздік шаралары сақталады. Тестіленушілерді кіргізу және отырғызу кезінде олардың арасында кемінде 2 метр арақашықтық сақталады.

Айта кеткен жөн, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті аймақтық тестілеу орталықтарының дайындығын тексерген болатын.

Әр қатысушы үшін тестілеу дербес басталады, яғни тестіленуші легтің толтырылуын күтпейді. КТ барысында тестіленушілер сұрақтарды өткізіп жібере алады, келесісіне ауысып, алдыңғы сұрақтарға қайта орала алады және жауап нұсқаларын өзгерте алады. КТ аяқталғаннан кейін тестіленушілер жауаптарды дұрыс жауаптар хаттамасымен салыстыра алады. Сонымен қатар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минуттың ішінде магистратураға түсуші үміткерлер апелляцияға бере алады.

Тест тапсырмаларының саны мен тестілеуді өткізу уақытына келетін болсақ, мұнда өзгерістер жоқ: 3 сағат 55 минутта 130 тест тапсырмасына жауап беру қажет.

Комиссия оқуға түсушіні тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін немесе бөгде адам арқылы тестілеуді тапсыруға тырысқаны үшін кешенді тестілеуге жібермеуі мүмкін.

Мемлекеттік гранттардың саны:

Биыл 38 мыңнан астам адам кешенді тестілеу тапсыруға ниет білдірді. 2019 жылы магистратураға түсуге тілек білдірушілер саны 30 579 адамды құрады.

Осы жылы қазақстандық жоғары оқу орындарының 13 300 түлегі еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлауға бөлінетін мемлекет қаражаты есебінен жоғары оқу орнынан кейінгі білімді тегін ала алады.

Докторантураға түсу үшін құжаттарды тапсыру мерзімі:

Карантин режимінің ұзартылуына байланысты докторантураға құжаттарды қабылдау 10 тамызға дейін жүзеге асырылады. Докторантураға түсу емтихандарын 17-22 тамыз аралығында жоғары оқу орындары өздері өткізеді. Докторантураға қабылдау 28 тамызда аяқталады. PhD мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік гранттардың саны 1 815 құрайды.

Емтихандарды өткізу кезінде медициналық қызметкерлердің жұмысы ұйымдастырылады, оқуға түсушілерді аудиторияларда отырғызу барысында әлеуметтік қашықтық қамтамасыз етіледі, сондай-ақ қатаң маска режимі сақталады.

Естеріңізге сала кетсек, COVID-19 пандемиясы жағдайында ағылшын тілін білу IELTS халықаралық тестін дәстүрлі форматта тапсыру мүмкін болмауына байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігінде жоо түлектеріне магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo English Тest және IELTS INDICATOR тапсыруға рұқсат беретін бұйрыққа қол қойылды.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Елімізде 483 мың баланың қолы интернетке жетпейді. Министрлік жаңа оқу жылында техника мәселесін қалай шешпек?

Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында сөз сөйледі

Фото: pixabay.com/sasint

Бүгін, 4 тамыз күні Үкімет отырысында сөз сөйлеген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылына дайындық туралы су жаңа ақпараттарымен бөлісті. Министрдің айтуынша, елдегі санитарлық жағдайға байланысты жаңа оқу жылы қашықтан оқу форматында басталады. 

    Министр эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда шалғайда орналасқан шағын жинақталған мектептер оқуды дәстүрлі түрде бастайтынын, ал бастауыш сыныптар үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып кезекші сыныптар ашылатынын айтты. 

«Бұл жағдайда балалар тек бір кабинетте, бір мұғаліммен ғана оқиды. Сыныптағы бала саны 15-тен аспайды. Үзілістер әртүрлі уақытта болады. Кезекші сыныптарға өтініштер электронды түрде қабылданады. Алдын ала болжамдар бойынша интернет пен теледидарды пайдалана отырып қашықтан оқыту форматын 2,6 миллион оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарланып отыр» деді министр. 

Мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Ал қосымша білім беру ұйымдарында балалар ата-аналар өтініші негізінде қашықтан немесе жеке тәртіппен оқуға, сонымен қатар 5 баладан аспайтын шағын топтардағы үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алады. 

«Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы біз үшін ерекше маңызға ие. Осы ерекше бүлдіршіндер қазір үлкен назарды қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан ата-аналардың таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе мамандардың жеке қабылдаулары ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі» деді министр. 

Бұдан кейін Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылын колледж, университеттердің қалай бастайтынын түсіндірді. 

«Колледжерде педагогикалық, IT, әлеуметтік, гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар бойынша – қашықтан оқыту, технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша – аралас оқыту ұсынылады. Зертханалық жұмыс пен өндірістік тәжірибені штаттық режимде істеуге мүмкіндік береміз. Бұған қоса алыс ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан бір топтағы студенттер саны 15-тен аспайтын, 9 мыңнан астам студенті бар 102 колледж штаттық режимде жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр. Ал ЖОО-дағы оқу негізінен қашықтан жүргізіледі. Бакалавриат деңгейі бойынша – IT, педагогика, әлеуметтік, гуманитарлық бағыттағы мамандықтар қашықтан оқытылады. Техникалық, табиғи, медицина, аграрлық және өнер бағытындағы мамандықтар сабақтарының 70 пайызы онлайн форматта, ал лабораториялық және практикалық сабақтар қатаң санитарлық талаптарды сақтай отыра жеке-жеке өткізіледі. Магистратура мен докторантурадағы сабақтар аралас принциппен оқытылады. Болашақ дәрігерлер оқитын интернатура мен резидентурада оқудың басым бөлігі дәстүрлі форматта жүргізіледі. Осы берілген бағдар шеңберінде әрбір ұйым өздері дербес шешім қабылдайды» дейді Аймағамбетов. 

Министр қашықтан оқыту кезінде оқу принциптері мен технологияларының өзгеретінін, соған орай бағалау нормаларын, оқыту әдістемесін өзгерту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті. 

«Республика бойынша барлық мұғалімдер біліктілік курстарын оқып, ол жерде IT сауаттылық және технологияларды пайдалану бойынша сауатын арттырады. Ата-аналар мен оқушылар үшін тамыз айында – үйде қалай оқу керек, гигиена негіздері, кибер мәдениет, интернет арқылы қалай оқу керек, дене жаттығуларының маңызы сияқты бірыңғай сынып сағаттары ұйымдастырылады» дейді. 

Министр сөзіне сүйенсек, биыл мектептердегі техника тапшылығы да реттелмек. 

«Жалпы, үлкен тапшылық бар. Оны ашық айтуымыз керек. 185 мың балада ешқандай техникалық құрылғы жоқ. 482 900 оқушының қолы интернетке жетпейді. Ал ноутбугы бар балалар саны – 1 002 100 болса, 1 957 600 балада смартфон бар, тағы 78 900 балада планшет бар екен. Оқытушыларға келетін болсақ, олардың 24 231-інде мүлде компьютер жоқ, тағы 27 519 мұғалімде интернетке қолжетімділік жоқ. 1 қыркүйекке дейін 500 мың компьютер техникасы мұқтаж  балаларға берілетін болады.  Төртінші тоқсандағыдай балаларға мүлікті беру/тапсыру актілері арқылы таратамыз» деді министр. 

Былтыр IV тоқсанда интернет-платформаларын ұсынған IT компаниялар осы жолы да қашықтан оқыту форматын қамтамасыз етпек. Олар жаз кезінде оқу процесіне қажетті жаңа функционалдар жасап, онлайн оқу сапасын арттыру бойынша жұмыс істеген. Нақтырақ айтқанда, жазу мүмкіндігі бар стримингтік бейне конференция модульдерін дайындап, оқу процесін басқарудың автоматты жүйесін, аналитика, бағалау және басқа да процестерді қалыптастырған. Мектептер кез-келген платформаны өз қалауына сай таңдай алады. Сондай-ақ телесабақтар да жоспардан тыс қалмайды. Дәл қазір 6 мыңнан астам телесабақтың түсірілімі жүріп жатыр екен.

«Сабақтар «әл-Фараби» мен «Ел-Арна» арналарында көрсетіледі. Кем 
дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса барлық телесабақтар интернетте орналастырылып оқушылар үшін тегін және қолжетімді болады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалды. Соның негізінде 604 елді мекенде  осы каналдарға қол жетпейтіні анықталды, бірақ оның 314-де ғана оқушылар бар. Бұл мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік антенналар орнату арқылы шешіледі» деді Аймағамбетов. 

Биыл 11-сынып үшін 160 239 оқулық жиынтығы сатып алынған. 1 мен 11 сыныптардың оқулықтары шілде айынан бастап балаларға таратыла бастады. Оқулықтардың электрондық нұсқасы оқушылар мен мұғалімдерге QR-кодтар арқылы қолжетімді болмақ. 

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg