Қандай мектептер жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайды? Қай университеттер жабылады? Министр көкейтесті сауалдарға жауап берді

1 қыркүйекте салтанатты жиын болмайды

Фото: Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов брифинг өткізіп, жаңа оқу жылына дайындық туралы айтты. Журналистер сауалына жауап берді. 

202 МЫҢ БАЛА ДӘСТҮРЛІ ФОРМАТТА БІЛІМ АЛАДЫ

Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады. Мектептегі оқытуға байланысты екі ерекшелік бар. Біріншісі – кезекші сыныптардың жұмысы. 1-4 сыныптарға байланысты ата-аналардың дербес шешімі болатын болса осындай сыныптар ұйымдастырылатын болады. Екіншісі – шалғай ауылдардағы шағын жинақталған мектептер. Егер ол ауылдарда эпидемиологиялық ахуал жақсы болатын болса онда ол мектептердегі оқу дәстүрлі форматта басталады. 

Жаңа оқу жылын 80 пайыз оқушы қашықтан оқу форматында бастайды. Бұл дегеніңіз – 2,6 миллион оқушы. 15 пайызы кезекші сыныптарға барамыз деп (ата-аналары) өтініштерін беріп отыр. Бұл – 530 мың бала. 5 пайыз оқушы дәстүрлі форматта оқитын болады. Олардың саны – 202 мың. 

Қашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағыт бар. Бірінші – интернет арқылы оқыту. Ол бойынша арнайы интернет платформалары бар. Төртінші тоқсанда бізде 2 интернет платформа болса, жазғы уақытта оған алтауы қосылып, жалпы саны 8-ге жетті. Осы платформалардың ыңғайына, беріп отырған мүмкіндігіне байланысты мектептер, қалалық, аудандық білім бөлімдері өздері шешім қабылдап, келісімшарттарға қол қойып, осы платформалармен жұмыс істейтін болады. Екінші – дәстүрлі теледидардағы сабақтар. «Еларна» және «Балапан» арналарында күніне 9 сағатқа дейін телесабақтар жүргізіледі. Телесабақтар 1 қыркүйекке дейін дайын болады деп ойлаймыз. 

Кезекші сыныптар дәстүрлі форматта оқиды десек те, бұл жерде бірнеше қатаң талаптар қойып отырмыз. Сабақтардың басталуы, үзілістер әртүрлі уақытта болады. Сабақ ұзақтығы – 40 минут. Санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Балалар бір кабинетте ғана оқиды. Күн сайын термометрия жүргізіліп, жуу, желдету бойынша тиісті шаралар қолданылады. Дәстүрлі форматта оқитын шағын жинақталған мектептерге де осындай қатаң талаптар қойылып отыр. Сол талаптарға сәйкес жұмыс жүреді. Егер бір сыныпта бала саны 25-30 болса, ол сыныпты 15 баладан аспайтын топтарға бөлу керек деген шешім қабылдадық. 

1 ҚЫРКҮЙЕКТЕ ЖЫЛДАҒЫДАЙ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН БОЛМАЙДЫ

Ата-аналармен көп жұмыс жүргізілуде. 19 тамыз күні еліміз бойынша педагогикалық кеңес өтті. Сол жерде мектептер қалай оқиды, қандай форматты таңдайды, сағаттар қалай бөлінеді, тағы да басқа сұрақтар талқыланды. 20 тамызда республикалық ата-аналар жиналысы өтті. 21 тамызда сынып сағаттары өтіп, әр мұғалім жаңа оқу жылын қалай өткізетінін жоспарлады. 

Мұғалімдерді даярлау мәселесі өте маңызды. Қашықтан оқу форматын қалай жүзеге асыру керек деген мақсатпен 347 мың мұғалімге арнап курстар өткіздік. Қазірге дейін 323 мың мұғалім бітірді. Өзгелері 1 қыркүйекке дейін курсты аяқтайтын болады. Ол жерде ең бастысы IT сауаттылық бойынша мәліметтер береді. 

Жаңа форматта жұмыс жүретін болғандықтан біз өзіміздің 10 бұйрығымызға өзгерістер енгіздік. Өйткені басталып жатқан жұмыс заңнамалық тұрғыда реттелуі тиіс. Сондықтан тиісті нұсқаулықтарды әріптестерімізге беріп, бұл жұмысты да аяқтадық. 

Әрине, бала үшін, білім саласы үшін дәстүрлі форматтан артық нәрсе жоқ. Оны өзіміз де білеміз. Бірақ қазіргі жағдайдағы қауіпсіздікті сақтау үшін, балалар мен әріптестеріміздің денсаулығы үшін қашықтан оқуға мәжбүрміз.  

1 қыркүйекте жылдағыдай салтанатты жиын болмайды. Егер бала кезекші сыныпта оқитын болса, мұғалім балаларға арнап сынып сағатын өткізеді. Ал егер бала қашықтан оқитын болса, онда олар 1 қыркүйекте мектепке келмейді. 

УНИВЕРСИТЕТТЕРДІ ЖАБУ ӘЛІ ЖАЛҒАСАДЫ

«Әліппе» мемлекеттік стандартқа енгізілді. Әділет министрлігінде тіркелді. Енді бағдарламасын бекітіп, енгізуге дайынбыз. Оқулық ғұлама ғалымымыз Ахмет Байтұрсынов әдістемесі негізінде болады. Онда қазақ тілінің өзіне тән қасиеттерін біле отырып дайындау өте маңызды болып отыр. Қазақ тілінің өзінің фонетикалық ерекшеліктері бар. Сондықтан ғалымдармен бірлесе отырып бағдарламаны жасадық. Бірінші, екінші тоқсанда 1-сыныптарда балалар «Әліппені» оқиды. Үшінші, төртінші тоқсанда «Ана тілін» оқиды. Бұл мазмұн тұрғысынан өте тиімді. 

Мемлекет басшысы білім және ғылым саласын дамытуға үлкен көңіл бөлуде. Әсіресе, ЖОО-ларға қатысты мәселе көп. Мәселен, оңтүстік өңірде 35 мың студенті бар университетті жаптық. Ол жерде сабақтар өткізілмеген, тиісті деңгейі де жоқ, тиісті ақпараттар да берілмеген. Мүшкіл жағдайда болды. Одан басқа да бірнеше университеттерді жаптық. Сотта тағы біраз құжаттарымыз жатыр. Заңнама негізінде осы жұмыстарды істеуіміз керек. 

Кейбір әріптестеріміз «оқулық – қосымша құрал» деп айтады. Мен онымен келіспеймін. Бала оқулықтағы ақпаратты бойына сіңіреді. Сондықтан оған баса назар аударып жатырмыз. Оның дайындалу процесін түгелдей өзгерттік. Ондағы қателіктерді авторлар мен баспаға аудара салуға болмайды. Біз министрлік ретінде жауапкершілікті өзімізге алуымыз керек. Мұғалімдерді 7 күнге шақырып алып, оқулықтарға экспертиза жасап бер деген дұрыс емес. Ол жақсы мұғалім шығар, бірақ ол адам жақсы экспертиза жасаушы деген сөз емес қой. Себебі, оқулықтану – бөлек бір ғылым. Оның өзінің заңдылықтары бар. Оқулықтарды дайындау, авторларды дайындықтан өткізу, оларды сертификаттау, баспалардың жұмысын жүргізу, оқулықтарға деген талаптар, соның бәрін атқаруға тырысып жатырмыз. Бұдан былай жаңа ереже, жаңа форматта, басқа сапада шығады. 

«Педагогтер мәртебесі туралы» заң қабылдадық. Ол заңға 5,3 трлн теңге бөлінді. Жалақы мәселесі, мұғалімдерді өзіне тән емес жұмысқа тартпау, қағазбастылықтан құтқару мәселесі бойынша жұмыс жүруде. 

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif