Енді мектеп формасы міндетті болмайды. Министр қандай жаңалықтарды жария етті?

Президент осы ведомствоны сынға алған болатын

Фото: Асқар Ахметуллин

Бүгін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, жаңа оқу жылына байланысты жаңалықтарымен бөлісті. Министр айтқан сүйекті жаңалықтың бірі – бұдан былай оқушылар үшін мектеп формасының міндетті болмауы. 

Министр не айтты?

Мектеп формасы

«Балалар мектепке ұқыпты классикалық киімдермен келе алады. «Мектеп формасы» деген түсінік пен оның ұстанымы және талаптары ешқашан жойылмайды. Бірақ біз бұл бұйрыққа ТЖ, карантин, шектеу шаралары және форс-мажор жағдайына байланысты арнайы тармақ енгіземіз. Дәл сол жағдайлар үшін біз балалардың еркін классикалық формада киініп келуіне мүмкіндік береміз. Егер ата-ананың мектеп формасын сатып алуға мүмкіндігі жетпесе онда олар өз балаларын қарапайым классикалық киімдермен-ақ қамтамасыз етсін. Мұндай шешім дәл қазіргі жағдайда өте маңызды деп ойлаймын. Бұл жәй ғана нұсқаулық емес, бұл нақты нормативтік-құқықтық құжат». 

Қашықтан оқыту

«Мектептің оқыту форматына қарамастан оқушылар қағаз оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ олардың электронды форматқа көшуіне байланысты да жұмыс жүріп жатыр. Бізде оқулықтарға сәуір-мамыр айларында тапсырыс беріліп қойған. Оқытудың қай форматы болатынына қарамастан біз оқушыларды оқулықтармен қамтуымыз керек. Қашықтан оқыту болғанның өзінде оқушының қолында оқулықтың қағаз нұсқасы болуы қажет. Осы жылы мәселен, 11-сынып жаңа оқулықтар алады. Олар толықтай жаңартылған бағдарламаға көшеді. Сол себепті, оқулықтар сатып алынып, мектепке жеткізіледі. Электронды формат та өте маңызды болып тұр. Біз баспалармен келісіп, оқулықтардың электронды нұсқасы өте қажет екенін түсіндірдік».

Оқу форматы

«Біз ата-аналардың мүддесін ескере отырып, балалардың денсаулығын сақтай отыра оларға сапалы білім беретін шешімді жуық арада қабылдаймыз. Қазір біз мониторинг жасап, қандай ахуал, көңіл-күй қалыптасқанын байқап отырмыз. Коронавирусқа дейін қашықтан оқу туралы ниет білдірген белгілі бір бөлігі бар. Олар қазір де қашықтан оқу форматын қолдап отыр. Алайда бұған қарсылық білдірушілер де бар. Бұл риториканы біз түсінеміз. Сонымен қатар келесі бір топ көзбе-көз оқуды қалайды. Олар мұғалімнің бетпе-бет отырып сабақ түсіндіргенін ештеңе алмастыра алмайды деп санайды. Тағы бір топ баласын мектепке апарғысы келеді, алайда олардың денсаулығы үшін алаңдайды. 
    Тіпті бала ауырмағанның өзінде ол инфекцияны тасымалдауы мүмкін. Педагогтар да солай болуы мүмкін екенін айтып отыр. Сондықтан бұл орайда халықтың пікірі біржақты емес. Бұл қалыпты жағдай. Біз мұның бәрін түсінеміз. Соған орай біз шығаратын шешім де осыншама көзқарасты ескере отырып қабылданады. Ең бастысы – қауіпсіздік және біздің балалардың, педагогтердің, азаматтардың денсаулығын сақтау. Сондай-ақ сапалы білім мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Біз білім беруді тоқтатпауымыз керек. 
Бірнеше базалық нұсқа бар. Біріншісі – қашықтан оқыту. Екінші нұсқа – аралас нұсқа. Яғни, белгілі бір сыныптар үшін қашықтан және бетпе-бет оқытуды іске қосу. Әрине, бұл жерде шектеу болуы керек. Бұл міндетті термометрия, міндетті санитайзерлер, әлеуметтік арақашықтық. Бұл – сабақтардың қысқаруы, топтарға бөліну, кабинеттік жүйенің жойылуы, т.б. Мектепке баруды іске қосқан жағдайда санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Мәселен, бірқатар елдер мектептерін мамыр айында ашып тастады. Бірақ талаптарды қатаң түрде сақтады. Үшіншісі – қатаң санитарлық шектеулермен штаттық режим. Бұл дегеніміз балалар мектепке барып оқиды. Алайда үзіліс бойынша, класты толтыру бойынша, кабинеттік жүйе бойынша, тіпті асханаға бару бойынша да шектеулер болады. Бұл да көптеген елдерде қолданылған тиімді нұсқа. Алдағы бірер күнде біз осы нұсқалардың қайсысын таңдайтынымызды нақты шешеміз. Эпидемиялық жағдай тез өзгеруде. Алайда білім жүйесі қандай жағдайға да дайын болуы керек. Егер біз жаңа оқу жылын қашықтан оқыту арқылы бастасақ бұл жыл бойы солай болады дегенді білдірмейді. Режим жұмсарып, балалар мектепке баруы мүмкін. Ал барған күнде тиісті талаптар сақталады». 

Еске салсақ, 10 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім және ғылым министрлігін сынға алып, аталған ведомствоның жаңа оқу жылына дайындығына күмәнмен қараған еді. 

    «1 қыркүйек күні жаңа оқу жылы басталады. Бұл жағдайға министрліктің дайын екеніне күмәнім бар. Балалар қалай оқитын болады – мектепке бара ма, әлде қашықтан ба? Жаңа оқу жылына мұғалімдердің даярлығы қалай? Мектеп балансында 400 мыңнан астам компьютер болса соның тек 40 пайызы ғана істеп тұр. Бұл әкімдер мен министрлік жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына жедел түрде дайындалып, мектептерді, мұқтаж отбасыларды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуі керек. Қашықтан оқыту форматы бұл саладағы көптеген қиындықтардың бетін ашты. Инфрақұрылым мен интернетке байланысты қордаланған мәселелер бар. 20 пайыздан астам мұғалімдер үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер болмаған соң қашықтан білім бере алмады» деген еді президент. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Шетелде мектеп формасы міндетті ме?

Әлемнің әр бұрышындағы оқушылардың киім үлгісіне тоқталдық

Фото: Shutterstock

Қазақстанда жаңа оқу жылында мектеп формасы міндеттелмейді. Яғни қашықтан оқыса да, мектепке барса да бала қалаған киімін кие алады. Бастысы, жинақы, классикалық үлгіде болса болғаны. Әдетте жыл сайын күзге салым бұл тақырып қызу талқыға түседі. Соның ішінде бірдей мектеп формасына қатысты дау да көп болатын. Бірі еркін форманы құптаса, енді бірі бәрінің бірдей болғанын құптайды. Ал тағы бір тарап стандартты мектеп формасының нақты бір жерден тігілмей, жағдайға қарай болғаны жөн дейді. Бұл жағынан келгенде әр ата-анаға жалпы орта білім беретін мектептерде бірыңғай тігін шеберханасының клиенті болуға міндеттелмейтінін атап өту керек. Биыл бұл тақырып жылдың соңына дейін көтерілмейтін сыңайлы. Өйткені жоғарыда айтқандай, осы оқу жылында оқушылардың сабаққа еркін формамен баруына рұқсат етілді.  

Биыл расында оқу жылы ерекше есте қалатын сыңайлы. Өйткені алғашқы тоқсанда оқушылар пандемияға байланысты қашықтан білім алады. Кейінгі тоқсандардың қалай өтетіні елдегі ахуалға байланысты. Тағы бір ерекшелік сол — мектеп формасын кию міндетті емес. Мұндай шешім пандемия салдарынан халықтың материалдық жағдайының төмендеуіне байланысты қабылданған. Яғни, осы жыл үшін ғана жүретін ереже. Келесі оқу жылында оқушылар қайтадан дәстүрлі мектеп формасына көшеді деседі. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы мәселені онлайн-брифинг кезінде түсіндіріп өткен. Айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын БҒМ-ның мектеп формасын киюге қатысты бұйрығы бекітілген. Енді алдағы уақытта сол бұйрыққа төтенше жағдай, карантин, шектеу шаралары мен форс-мажор кезінде қабылданатын шешімдері бар арнайы бөлім қосылады.

«Егер ата-аналардың балаларына мектеп формасын сатып әперуге жағдайы келмесе, классикалық және іскерлік стильдегі жинақы киіммен сабаққа жіберуіне болады. Осындай шешім қабылдадық. Қазіргі уақытта осылай еткен дұрыс деп ойлаймыз. Бұл шешім — біздің тараптан жасалған ұсыныс емес. Мұны біз министр бұйрығына өзгеріс енгізіп, заңды түрде тіркеп, нормативті-құқықтық құжат ретінде жасадық. Тағы бір айта кететін жайт — бұл шешім тек 2021-2022 жылғы оқу жылына арналған. Себебі ата-аналар экономикалық қиындық болып жатқанын айтып жатыр. Ал мектеп формасын алу — отбасылық бюджет үшін қосымша шығын. Осы жылы дәстүрлі үлгіде болсын, қашықтан оқысақ та мұғалімдер мектеп формасын киіп келуді талап етпейді. Аталған шешім оқу жылының соңына дейін күшінде болады. Алдын-ала алып қойып, не аға-әпкесінің киімі бар болса, соны кие беруіне де болады»,– деді министр онлайн-отырыста.  

Әлемнің өзге елдерінде мектеп формасына қатысты ұстаным қандай? Негізі ең алғаш бірыңғай киім туралы түсінікті енгізген — Ұлыбритания. Лондондағы жетімдер мен жағдайы төмен отбасының балалары оқитын Christ's Hospital мектебінде 1552 жылы тұңғыш рет оқушыларға арналған арнайы киім міндеттеледі. Оқушылар көк түсті форма кие бастайды. Ол кезде көк шұға ең арзан материал болған екен. Бүгінде ол мектеп бай-бағлан балаларына арналған жеке оқу ордасына айналған. Әйтсе де, әуелгі дәстүр әлі бар: тюдор стиліндегі ұзын көк пальто, ұлдар — галифе, қыздар плиссе белдемше киеді. Оған қоса сары шұлық пен тері белдік бар. Жалпы алғанда бүгінде ағылшын мектептерінде бәріне бірдей форма жоқ. Көбіне мектеп логотипі мен гербі ғана —  міндетті элемент.   

Мектеп формасы міндетті елдер ішінде Үндістан, Сингапур, Аустралия, Жаңа Зеландия бар. Бірдей стандарт болмаса да, әр мектептің өз формасы бекітілген. Ауа-райы ыстық елдерде шорты киюге рұқсат етілген. Айтпақшы, Үндістанның кей мектептерінде қыздарға дәстүрлі сари кию міндеттелген деседі.  

Францияда мектеп формасы — 1968 жылға дейін, Польшада 1988 жылға дейін ғана болыпты. Америкаға келсек, мұнда жеке мектептердің мемлекеттік орта білім ордаларынан айырмашылықтары бар. Мемлекеттік мектептерде міндетті бір форма түрі болмағанымен, бәрі үшін сақталуы тиіс талаптар аталған. Бірақ әр мектеп өзі бекітеді. Мысалы дресс-кодтың ережесі мынадай болуы мүмкін: белдемшенің ұзындығы саусақ ұшынан қысқа болмауы керек, іші көрініп тұратын киім киюге болмайды, ұятты сөздер жазылған киімдерге тыйым салынады, кіндік ашып жүруге рұқсат жоқ. Әдетте америкалық оқушылар джинсы, кең футболка, кроссовки киеді. Ал енді жеке мектептерге келсек, бұл тәртіп орнататын амал дегеннен гөрі имидж тұрғысынан қарастырылатын әдіс болып кеткен деседі. Мұнда да бірыңғай форма жоқ. Әр мектеп өзі шешеді. Көбіне сарафан, белдемше, бешпет, жемпір, галстук, бантик, поло немесе футболка, ұзын шұлық киеді екен. Түсіне келгенде көп жағдайда қанық болады. Өйткені алыстан жарқырап, көзге түсуі тиіс. Сол арқылы мектепті ерекшелендіреді.  

Мұсылман елдерінде қыздарға орамал тағу міндеттеледі. Яғни шариғат бойынша балиғат жас — 12-ге толған соң хиджаб киеді. Мектептерде ұл балалар мен қыздар бөлек оқиды. Қыздар белдемшеден гөрі кең шалбарды көп киеді деседі. Түстері де әр алуан. 

Мектеп формасы міндеттелген елдерге келсек, бірінші кезекте Жапонияны айтуға болады. ХІХ ғасырдың аяғында пайда болған үрдіс күні бүгінге дейін жеке және мемлекеттік мектептерде сақталған. Екі нұсқасы бар. Біріншісі: ақ көйлек, қара пиджак, ұл балалар — шалбар, қыздарға — белдемше. Бұл — классикалық тип. Екіншісі өте танымал әрі әдемі нұсқа дейді көпшілік. Қыздарға арналған мектеп формасы — сейлор фуку деп аталады. Теңізшілер стиліндегі киімнің түр-түрі бар. Интернетте жапон қыздарының өте қысқа белдемше киген суреттерін жиі көреміз. Сөйтсек, ұзындығын өздері қолдан қысқартып алады екен. Бұл қайдан шыққан сән үлгісі десеңіз, 90-жылдардың басында белгілі поп-орындаушы Нами Амуроның әсерімен қысқа белдемшеге деген құмарлық пайда бола бастаған екен.  

Индонезияда оқушылардың мектеп формасы оқу кезеңіне қарай түрлі түсте болады. Өзгермейтін жалғыз нәрсе — үсті ақ түсті болуы шарт. Ал астына бордо, көк, сұр киім кие береді. Бірақ ең қызығы — мемлекеттік емтихан тапсырып болған соң түлектер формасына фломастермен «Қош, мектеп» деп жазып, бояу шашатын баллонмен түрлі түске бояп тастайды екен. 

Ганада бала біткен бір үлгіде киінеді. Африканың өзге елдеріндегідей, мұнда да табыс төмен. Сондықтан көпшілігі мектеп формасын сатып алуға шамасы келмегендіктен, білімнен қол үзеді. Қайбір жылдары үкімет мектеп формасын тегін таратқан.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg