Грантқа қалай түсуге болады?

Биыл тест тапсырғандар үшін таптырмас нұсқаулық әзірледік

Фото: Shutterstock.com

ҰБТ біткен соң грант үшін талас басталады. Мамандық таңдауда нені ескеру керек? Грантқа түсудің қандай амалдары бар? Республикалық QAZBILIM орталығының бас директоры Аятжан Ахметжанұлы талапкерге құнды кеңестер айтты. 

Мамандық таңдау және грант мәселесі

Жинаған ұпайдың орташа не төмен болуы бірінші кезекте таңдау пәніне байланысты. Себебі кей таңдау пәнінде мамандық саны аз болады. Айталық география және ағылшын тілі, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінде 4-5 мамандық қана бар. Ал енді физика және математикада болса — 25. Сондықтан мамандық саны аз болса, демек грант та аз болады деген сөз. Мысалы физика/математика таңдаған баланың 90 балл жинағаны норма болғанымен, география/ағылшыннан тапсырғандар үшін олай емес. 

Таңдау пәндерінде 21-30 аралығындағы сұрақтардың бірнеше дұрыс жауабы бар. Ол жерде максимум үш жауап дұрыс болады. Бір сұраққа дұрыс жауап берсе, екі балл беріледі. Таңдау пәнінен жалпы — 80, міндеттілерден — 60 балл. 

Есіңізде болсын, грант университет, облысқа емес, мамандыққа бөлінеді. Сондықтан құжат тапсырғанда бір мамандықты төрт оқу орнынан белгілеудің түк қажеті жоқ. Бір мамандықты бір университеттен жазсаңыз жеткілікті. Қазір ҚазҰУ-ға — 40, ЕҰУ-ға 50 грант деген жоқ. Балл жоғары болса, таңдаған оқу орныңызда оқи бересіз. Құжат қабылдаған университет өзін таңдауды, өзінде бар мамандықты таңдауды ұсынуы, тіпті кейбірі «бізді таңдамасаң, құжатыңды алмаймыз» деуі мүмкін. Бұл заңсыз! Өзіңізге ең жақын университетке құжат тапсырып, басқа университетті, қалаған мамандықты таңдай аласыз. Сосын грант иегерлері тізімі шыққан соң, өзіңіз түскен университетке құжатыңызды алып, бара бересіз. Бірақ таңдаған университетіңізде қалаған мамандығыңыз бар ма — анықтап алыңыз. 

Өткен жылғы статистикамен дос болыңыз. Әр мамандық бойынша былтыр қанша баллмен түскенін қарау қажет. Әрине, әр жылдағы жағдай әр түрлі. Дегенмен 5-10 айырмашылықпен алып, шамалауға болады. Мысалы биылғы ҰБТ-ның тазалығы былтырғыдан жоғары өтіп жатыр. Бұл дегеніміз баллдың төмендейтінін білдіреді. Күнделікті статистиканы бақылап отырмыз. Нәтиже төмендеу, бірақ аса қатты емес. Былтырғылар қанша ұпаймен грантқа түскенін интернеттен табу оңай. Жалпы конкурспен ең төменгі балл қанша болғаны, квоталармен қанша болғаны бәрі көрініп тұр. 

Грант көп бөлінген мамандыққа жүгірмеген дұрыс. Бұл жерде мәселе грант санында емес. Бастысы — сол мамандықты қанша адам таңдағаны. Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) жылда әр мамандық бойынша қанша адам тапсырғаны туралы ақпарат беріп отырады. Одан бөлек, арнайы сайттар мен қосымшалар да бар. Сол жерден қарап, сараптаңыз. Гранты көп мамандықты — көп адам, аз грантты аз адам таңдауы мүмкін.  

Бізде мамандық таңдағанда көбіне танымал түріне құмар. Жалпы саны 175 бағдарлама бар. Жұрттың білетіні — әрі кетсе 20. Содан бәрі соған жүгіреді. Осы ретте айтқым келетіні: танымал мамандықты ілініп-салынып бітіргенше, ел менсінбейтін мамандықты жоғары деңгейде оқып шыққан табысқа жетелеуі мүмкін. 

Мамандықты таңдағанда шамаға қарау керек. Мысалы «Стоматологияға» 30 грант қана бөлінді делік. 110-115 ұпаймен оған тапсырып қажет емес. Өйткені түсе алмайды. Бұл жерде маңыздысы, баланың мамандықты әлде грантты таңдағаны. Егер соңғысы болса, онда ойлану керек. 

Біздегі тағы бір мәселе: көбіне оқушылар мамандық емес, мамамдық (мамасы таңдаған мамандық — авт.) таңдайды. Кезінде қолы жетпеген дүниеге баласын жібергісі келіп тұрады. Бірақ бұл — баланы шектеу. Оқушы мүмкіндігі мен бағытына өзі жауап беруі тиіс. «Кезінде ана мамандықты оқығанда керемет маман болар ем, ата-анам таңдатпай қойған» деген өкініш болмасын. Бала тіпті қателессе де, ештеңе емес. Өзім 13 жасымда қалаға оқуға кеткем. Сол кезден бері мәселеме ата-анам араласқан емес. Бала болашағын өзі таңдасын. Әрине, кеңес беруге болады. Бірақ міндеттеудің қажеті жоқ.  

Бұрын «тым құрыса педагогикаға түсе аламын» деген ой бар-тын. Енді ондай болмайды. Өйткені бұл мамандықтың шәкіртақысы басқасынан 16 мың теңгеге жоғары — 42 мың теңге. Оның үстіне ұстаздардың жалақысы да көтеріліп жатыр. Демек, мұғалімдікке талас көп болады. «Қай мамандықты таңдасам, болашақта жақсы маман бола аламын?» деген сұраққа жауап беріп барып таңдау қажет.

«Адам екі нәрседен қателеспеуі керек: жар мен мамандық таңдауда» деген бар. Алғашқысымен келісемін, жар деген — өмірлік серік. Ал енді мамандық таңдауды соншалық маңызды дүние демес ем. Мәселен табысты адамдардың мамандығын қарап көріңіз. Алысқа бармай еліміздің ішінен де ондай мысалды көп айтуға болады. Экс-президент — металлург, бұрынғы елші Иманғали Тасмағамбетов пен Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин — мұғалім. Қандай мамандықта оқысаңыз да, тұлға болып шығу ғана маңызды.

Биыл грант конкурсы орыс тобы, қазақ тобы деп бөлінбейді. Бұл да қазақ топтары үшін көптеген мамандықтың грант балының төмендеуіне әсер етеді. Енді орыс тобы мен қазақ тобында айырмашылық болмайды. Сондықтан, орыс тобы төмен болады деп орыс тобына талпынбаңыз. Енді бәрі бірдей.

Сонымен бірге медициналық немесе педагогикалық мамандық таңдайтындар психологиялық тесттен өтеді. Оны 15 шілдеге дейін тапсырып болу керек. Егер тапсырмаса, ол мамандықты таңдай алмай қалады.

Квоталар туралы

Ауыл квотасы, оралман квотасы барлық мамандыққа берілмейді. Мысалы «Халықаралық қатынастарда» ауыл квотасы болмайды. Себебі ол жеңілдік бойынша түскендер кейін үш жыл ауылда жұмыс істеуге міндетті. Халықаралық қатынастарды бітіріп, ауылда істеу мүмкін емес. Ядролық физика мамандығында да солай. Дұрысы, квоталар берілетін мамандық тізімін қарап шығу. Тағы бір ескеретін дүние — ауыл квотасының берілуі туралы. Бұл жерде балл қосып бермейді. Бөлінетін барлық гранттың 30 пайызы — ауылдықтарға. Яғни 100 грант болса, алдымен 70-сі жалпы конкурс бойынша тағайындалады да, қалған 30-ы — әлгі жетпіс грантқа ілінбей қалған ауыл балаларына беріледі. Оралман квотасы болса, барлық гранттың 4 пайызы. Бүгінде кей мамандықтар бойынша ауыл квотасын 50 пайызға көтеру жайлы ұсыныс айтылып жатыр. 

Жеңілдікпен грант алғандар оның жауапкершілігін білуі тиіс. Оқу орнына барған соң квота бойынша оқығандармен келісім-шарт жасалады. Яғни қайтарым ретінде үш жыл ауылда істеу міндеттеледі. Осыған дайын болсаңыз ғана грантты алыңыз. Олай болмаған жағдайда мемлекеттің тегін оқытқан қаражатын қайтару керек болады. Бұл бір жағы әділетті деп есептеймін. 

Құжат тапсыру мен университет таңдау

Барлығының тест тапсырып болғанын күтіңіз. Содан кейін сараптама жасауға көшесіз. Балл жоғары, сенімді болса, 13 шілдеде мамандық таңдау басталады. Бірден барып, тапсыра беріңіз. Ал түспей қалуыңыз мүмкін болса, соңын күтіңіз. Мамандықты 18-20 шілде арасы, жұрттың соңында тапсырыңыз. Себебі, ҰТО әр күні бір мамандықты неше адам таңдағаны туралы статистика жариялайды, соған қарап отырып, өз балыңызбен таңдаған мамандыққа түсу-түспеуіңізді 90% межелеуге болады. Мысалы, бір грантқа 5 адамнан артық таласып тұрса, әуре болмаңыз. Бір грантқа 0,7 адам таласып тұрған мамандықты ойланбай таңдай беріңіз. Құжатты 20 шілде, сағат 18.00-ге дейін тапсырып болсаңыз болғаны. Ерте тапсыру мен кеш тапсырудың конкурсқа еш қатысы жоқ. Сондықтан, асығып қате таңдап қоймаңыз.

Аз балл жинағандар өзін бағамдасын. Яғни ендігі жылға дейін дайындалып, қайта тапсырып грантқа түсуге ниетті болса, кешенді тестілеу тапсырсын. Ал егер биылғыдан еш сабақ алмайтын болса, босқа сабылмай ақылы бөлімде оқи бергені дұрыс. 

Өз басым ақылы бөлімде оқуды дұрыс шешім деп ойламаймын. Себебі мемлекет 50 мыңнан астам грант бөледі. Биыл ҰБТ-ны 131 мың талапкер тапсырды. Оның ішінде шектік балл алғандары шамамен 90-100 мың айналасында болады. Енді қараңыз, әр екі адамға — бір грант. Демек, мүмкіндік көп. Неге пайдаланбасқа? Мысалы АҚШ грант бермейді. Қытайда бір жылда 2 млн 800 мың бала бітіреді, грант саны — 6 мың. Бәсеке қандай? Оның қасында Қазақстан грантты үйіп-төгіп береді. 

Университетті өз қалаңыздан басқа қалада оқуға кеңес беремін. «Балаң адам болсын десең, сыртқа айда» дейді. «Ақ алақан» маман болып шықпас үшін университетті басқа қалада оқып, сәл де болса ыстық-суықты бастан кешіңіз. Үйдің қасында оқу — жан қинамаудың тамаша әдісі, бірақ, үй қасыңызда мәңгі тұрмайды. 

Тұлға ретінде қалыптасып болған соң ғана шетелге оқуға баруға болады деп есептеймін. Яғни өзіне не керегін білген соң баратын қадам сияқты. Бакалаврды емес, магистратура мен докторантураны шетелде оқыған жөн-ақ. Әрі магистратураны да бірден оқығаннан гөрі араға үш жылдай салып оқыса жақсырақ. Осы уақыт ішінде өзіңізді сынап, сол салада еңбек етуге дайынсыз ба, тексеріп көресіз. Сосын егер дайын болсаңыз, әрмен қарай оқуды жалғастырасыз. 


 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Шетелде мектеп формасы міндетті ме?

Әлемнің әр бұрышындағы оқушылардың киім үлгісіне тоқталдық

Фото: Shutterstock

Қазақстанда жаңа оқу жылында мектеп формасы міндеттелмейді. Яғни қашықтан оқыса да, мектепке барса да бала қалаған киімін кие алады. Бастысы, жинақы, классикалық үлгіде болса болғаны. Әдетте жыл сайын күзге салым бұл тақырып қызу талқыға түседі. Соның ішінде бірдей мектеп формасына қатысты дау да көп болатын. Бірі еркін форманы құптаса, енді бірі бәрінің бірдей болғанын құптайды. Ал тағы бір тарап стандартты мектеп формасының нақты бір жерден тігілмей, жағдайға қарай болғаны жөн дейді. Бұл жағынан келгенде әр ата-анаға жалпы орта білім беретін мектептерде бірыңғай тігін шеберханасының клиенті болуға міндеттелмейтінін атап өту керек. Биыл бұл тақырып жылдың соңына дейін көтерілмейтін сыңайлы. Өйткені жоғарыда айтқандай, осы оқу жылында оқушылардың сабаққа еркін формамен баруына рұқсат етілді.  

Биыл расында оқу жылы ерекше есте қалатын сыңайлы. Өйткені алғашқы тоқсанда оқушылар пандемияға байланысты қашықтан білім алады. Кейінгі тоқсандардың қалай өтетіні елдегі ахуалға байланысты. Тағы бір ерекшелік сол — мектеп формасын кию міндетті емес. Мұндай шешім пандемия салдарынан халықтың материалдық жағдайының төмендеуіне байланысты қабылданған. Яғни, осы жыл үшін ғана жүретін ереже. Келесі оқу жылында оқушылар қайтадан дәстүрлі мектеп формасына көшеді деседі. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы мәселені онлайн-брифинг кезінде түсіндіріп өткен. Айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын БҒМ-ның мектеп формасын киюге қатысты бұйрығы бекітілген. Енді алдағы уақытта сол бұйрыққа төтенше жағдай, карантин, шектеу шаралары мен форс-мажор кезінде қабылданатын шешімдері бар арнайы бөлім қосылады.

«Егер ата-аналардың балаларына мектеп формасын сатып әперуге жағдайы келмесе, классикалық және іскерлік стильдегі жинақы киіммен сабаққа жіберуіне болады. Осындай шешім қабылдадық. Қазіргі уақытта осылай еткен дұрыс деп ойлаймыз. Бұл шешім — біздің тараптан жасалған ұсыныс емес. Мұны біз министр бұйрығына өзгеріс енгізіп, заңды түрде тіркеп, нормативті-құқықтық құжат ретінде жасадық. Тағы бір айта кететін жайт — бұл шешім тек 2021-2022 жылғы оқу жылына арналған. Себебі ата-аналар экономикалық қиындық болып жатқанын айтып жатыр. Ал мектеп формасын алу — отбасылық бюджет үшін қосымша шығын. Осы жылы дәстүрлі үлгіде болсын, қашықтан оқысақ та мұғалімдер мектеп формасын киіп келуді талап етпейді. Аталған шешім оқу жылының соңына дейін күшінде болады. Алдын-ала алып қойып, не аға-әпкесінің киімі бар болса, соны кие беруіне де болады»,– деді министр онлайн-отырыста.  

Әлемнің өзге елдерінде мектеп формасына қатысты ұстаным қандай? Негізі ең алғаш бірыңғай киім туралы түсінікті енгізген — Ұлыбритания. Лондондағы жетімдер мен жағдайы төмен отбасының балалары оқитын Christ's Hospital мектебінде 1552 жылы тұңғыш рет оқушыларға арналған арнайы киім міндеттеледі. Оқушылар көк түсті форма кие бастайды. Ол кезде көк шұға ең арзан материал болған екен. Бүгінде ол мектеп бай-бағлан балаларына арналған жеке оқу ордасына айналған. Әйтсе де, әуелгі дәстүр әлі бар: тюдор стиліндегі ұзын көк пальто, ұлдар — галифе, қыздар плиссе белдемше киеді. Оған қоса сары шұлық пен тері белдік бар. Жалпы алғанда бүгінде ағылшын мектептерінде бәріне бірдей форма жоқ. Көбіне мектеп логотипі мен гербі ғана —  міндетті элемент.   

Мектеп формасы міндетті елдер ішінде Үндістан, Сингапур, Аустралия, Жаңа Зеландия бар. Бірдей стандарт болмаса да, әр мектептің өз формасы бекітілген. Ауа-райы ыстық елдерде шорты киюге рұқсат етілген. Айтпақшы, Үндістанның кей мектептерінде қыздарға дәстүрлі сари кию міндеттелген деседі.  

Францияда мектеп формасы — 1968 жылға дейін, Польшада 1988 жылға дейін ғана болыпты. Америкаға келсек, мұнда жеке мектептердің мемлекеттік орта білім ордаларынан айырмашылықтары бар. Мемлекеттік мектептерде міндетті бір форма түрі болмағанымен, бәрі үшін сақталуы тиіс талаптар аталған. Бірақ әр мектеп өзі бекітеді. Мысалы дресс-кодтың ережесі мынадай болуы мүмкін: белдемшенің ұзындығы саусақ ұшынан қысқа болмауы керек, іші көрініп тұратын киім киюге болмайды, ұятты сөздер жазылған киімдерге тыйым салынады, кіндік ашып жүруге рұқсат жоқ. Әдетте америкалық оқушылар джинсы, кең футболка, кроссовки киеді. Ал енді жеке мектептерге келсек, бұл тәртіп орнататын амал дегеннен гөрі имидж тұрғысынан қарастырылатын әдіс болып кеткен деседі. Мұнда да бірыңғай форма жоқ. Әр мектеп өзі шешеді. Көбіне сарафан, белдемше, бешпет, жемпір, галстук, бантик, поло немесе футболка, ұзын шұлық киеді екен. Түсіне келгенде көп жағдайда қанық болады. Өйткені алыстан жарқырап, көзге түсуі тиіс. Сол арқылы мектепті ерекшелендіреді.  

Мұсылман елдерінде қыздарға орамал тағу міндеттеледі. Яғни шариғат бойынша балиғат жас — 12-ге толған соң хиджаб киеді. Мектептерде ұл балалар мен қыздар бөлек оқиды. Қыздар белдемшеден гөрі кең шалбарды көп киеді деседі. Түстері де әр алуан. 

Мектеп формасы міндеттелген елдерге келсек, бірінші кезекте Жапонияны айтуға болады. ХІХ ғасырдың аяғында пайда болған үрдіс күні бүгінге дейін жеке және мемлекеттік мектептерде сақталған. Екі нұсқасы бар. Біріншісі: ақ көйлек, қара пиджак, ұл балалар — шалбар, қыздарға — белдемше. Бұл — классикалық тип. Екіншісі өте танымал әрі әдемі нұсқа дейді көпшілік. Қыздарға арналған мектеп формасы — сейлор фуку деп аталады. Теңізшілер стиліндегі киімнің түр-түрі бар. Интернетте жапон қыздарының өте қысқа белдемше киген суреттерін жиі көреміз. Сөйтсек, ұзындығын өздері қолдан қысқартып алады екен. Бұл қайдан шыққан сән үлгісі десеңіз, 90-жылдардың басында белгілі поп-орындаушы Нами Амуроның әсерімен қысқа белдемшеге деген құмарлық пайда бола бастаған екен.  

Индонезияда оқушылардың мектеп формасы оқу кезеңіне қарай түрлі түсте болады. Өзгермейтін жалғыз нәрсе — үсті ақ түсті болуы шарт. Ал астына бордо, көк, сұр киім кие береді. Бірақ ең қызығы — мемлекеттік емтихан тапсырып болған соң түлектер формасына фломастермен «Қош, мектеп» деп жазып, бояу шашатын баллонмен түрлі түске бояп тастайды екен. 

Ганада бала біткен бір үлгіде киінеді. Африканың өзге елдеріндегідей, мұнда да табыс төмен. Сондықтан көпшілігі мектеп формасын сатып алуға шамасы келмегендіктен, білімнен қол үзеді. Қайбір жылдары үкімет мектеп формасын тегін таратқан.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg